«Анашым» деген сөздері жүрегімді жылытады…»

Бағытым темір жол өткелінің арғы беті. Шалғай Қарасу аумағымен түйісіп жатқан Пірманов көшесін жағалап келемін. Іздеген мекен-жайым – №193 үй. Қала орталығына қарағанда мұндағы тірлік баяу, әркім өз ісімен әлек. Бес-алтылардағы қара бала ешкінің екі лағын тұсаулап, қайырып жүр. Көшенің мына шетінде «күйісінен» жаңылмаған ала сиыр маған «бөтенсің» дегендей, тұмсығын көкке көтеріп мөңірейді. Сырты жасыл бояумен сырланған темір қақпаның шекесінде «№193» деп жазулы тұр екен. Іздегенім осы үй болды ғой деп, аулаға имене кірдім. Кең аулада жастары төрт пен он жастың арасындағы алты-жеті бала алаңсыз ойнап жүр.– Амансыңдар ма, балалар? Аналарың үйде ме? – дедім.
– Сәлеметсіз бе? – деп шулай амандасқан олар үйге қарай жүгіре жөнелді.
– Анашым, анашым! Үйге қонақ келді! – дейді бәрі орта бойлы, қараторы келіншектің етегіне оралып.
– Амансыз ба? Жаңа хабарласқан мен едім, – дедім.
– Иә, келіңіз, төрлетіңіз! – деді отбасылық балалар үйінің, мына балалардың анасы Зульфия Төленова.
Біз төргі бөлмеге жайғасқанда, балалар да жағалай отыра қалды. Жанарларында жылылық бар. Жатырқамайды. Орта бойлы, көзілдірік киген жеткіншек көзіме бірден оттай басылды. Иә, өткенде «КТК» телеарнасында көрген бала осы – Борис. Екі қарындасы «Аға, ағатай» деп жанынан бір елі қалмайды. Кіші қарындасы Айлин сондай сүйкімді қыз. Ерке. Маған жатырқай қарап, «Аға, сіз мені алып кетпеңізші, мен анашымды сондай жақсы көремін!» деп, Зульфияның құшағына кіре түсті.
Естеріңізде болса, 30 мамырда «КТК» телеарнасындағы «Астарлы ақиқат» бағдарламасының кезекті саны «Тастамашы, анашым!» тақырыбымен шығып, ішкілікке салынған алматылық Қапиза Шумаеваның үш баласын алты айға дейін қарай тұру үшін Тараз қаласындағы 13 баланы тәрбиелеп отырған Зульфия Төленоваға қолхат беріп өткізгені туралы көрсетілген болатын. Өкініштісі, Қапиза тар құрсағын кеңейткен балаларынан гөрі, жауапкершіліксіз өмірді, «ащы» суды таңдап, өз балаларынан біржола бас тартыпты.
– Бүгін отағасының қайтқан күні еді. Соған түсте Құран оқытсам деп дайындалып жатқан едім. Ол кісі осы балаларды асырап бағуыма көп көмектесті, тіреуім болды, – деген Зульфия балалардың әрқайсысына атқаратын жұмыстарын бөліп берді.

Анашым, мені тастамашы!

Жалпы, Зульфия Төленова өнер саласының маманы екен. Бірақ 2006 жылдан бері осындай тағдыр тауқыметіне түскен мүгедек балаларды қанатының астына алып, аналық мейірімін төгіп келеді. Өзі де көп балалы отбасынан шыққан Зульфия облыс орталығындағы №1 мүгедек балаларға арналған интернатта еңбек еткен. Сол жылы бұған сіңлісінің қайынжұрты жағынан Қырғыз елінде тұратын туыстарының бірі мүгедек баласын алып келеді. Бала денесін ұстап, отыра алмайды, тамақтануы да қиын. «Мүмкін сізден көмек болар», деген үміт тұрды анасының көзінде. Қырғыз баланы интернатқа өткізуге қимадым. Менің де қолымнан келер деп өзімді жігерлендірдім. Сол үш жастағы Бағдат қазір өзі отырады. Өзі тамақтанады. Балалармен де еркін ойнап жүр. Жасы – 15-те», – дейді Зульфия.
– Бір күні менің тобыма бір мүгедек бала келді. Бірден сіңісіп кете алмады. Үнемі терезенің алдында телміріп, анасын күтіп отырады. Сағынады. Ақыл-есі дұрыс, тек жүре алмайтын. Сол баланы да жүргіздім. Қазір мектепке барып жүр. Ол кезде төрт жаста еді. Мен де, ол да бір-бірімізге бауыр басып қалдық. Сөйтіп, 2006 жылы тобымдағы алты баланы өз қарамағыма алып, отбасылық балалар үйінің жұмысын бастадым. Алғашқы жылдары жолдасым Бақытбек Нұрхалиевтің көп көмегі болды. Ол кісі ішкі істер саласында істейтін. Кейін зейнетке шыққанда маған қолқанат болды. Міне, осылайша бір күннің ішінде көп балалы отбасына айналып шыға келдік.
– Өз балаларыңыз бұл шешіміңізді қалай қабылдады?
– Дұрыс қабылдады. Екі ұлым, бір қызым бар. Олар да қолдай кетті. Үлкен ұлым бүгінде әскери бөлімде еңбек етеді. Қызымды тұрмысқа бердім. Менің де кенже ұлым мүгедек. Өзім бағып-қағып отырмын.
– Сіз «Астарлы ақиқат» бағдарламасына қалай бардыңыз? Бұл алдын ала дайындалған сценарий емес пе?
– Жоқ. Осындай мүгедек балаларды асырап алатынымды білетін еліміздегі бірқатар қалалардағы балаларды бейімдеу орталықтарында телефон нөмірім бар. Сізді тағдыры қызықтырып отырған Борис, Жасмин мен Айлиннің анасы Қапиза ішкілікке салынып кеткендіктен, балалар күл-қоқыс жағалап, тамақ іздеген. Сөйтіп, полиция қызметкерлері балаларды бейімдеу орталығына алып барады. Ал оларды балалар үйіне орналастырайын десе, үшеуі үшке бөлінеді. Міне, осы жағдайға жүрегі ауырған азаматтар маған хабарласып, мүмкін болса балалар бірге болсын деген тілек айтты. Мен неге келіспейін, бірден келістім. Кейін бағдарламаға қатысып, алты ай қарай тұру үшін қолхат алғаныма өздеріңіз де куәсіздер.
– Енді, аналары біржола бас тартып отыр ғой…
– Есіңізде болса, бағдарлама барысында Қапизаны да Таразға алып кеткім келген. Тым құрыса балаларының жанында болып маған көмектесер дегенмін. Бірақ бас тартты. Одан кейінгі уақытта ұялы телефонмен сөйлесіп жүрдік. Өткенде, қоңырау шалып, балаларынан бас тартатынын айтты. Мен де анамын ғой. Мүмкін балаларын көрсе жүрегі жібір, мейірімі қайта оянар деп бұларды Алматыға алып бардым. Сонда кішісі Айлин: «Анашым, мені тастамашы, алып кетші, тек тастамашы!» деп қатты жылады. «Жоқ, жаным! Тастамаймын!» дедім. Алдында Қапизаға телефон соғып, «Бүгін ішпеші!» деп өтініш те айттым. Бористің қолына гүл алып беріп, «Анаң ғой, гүл бер, бетінен сүй!» дедім. Бірақ өкінішке қарай, ішіп алыпты… Борис анасына гүл беріп, бетінен сүйді. Ал қыздары… жоламады. Қапиза да анау айтқандай сағынышпен мейірімін төге қоймады. Жалдап тұрып жатқан пәтерінен шығарып жіберген екен, көше кезіп жүр. Тағы да Таразға алып кетейін деп едім. Тыңдамады… Ал мен қолымдағы балаларға ата-аналары туралы жаман сөз айтпаймын.
– Қазір балалардың көңіл күйі қалай?
– Жақсы. Айлин мұнда келген соң төртке толды. Біздің кенжеміз, еркеміз. Балалардың барлығы жақсы көреді. Өзі сондай тәтті. «Сникерс» деп еркелетеміз. Жасмин – көпшіл. Еркін. Жасы өтіп кетсе де №29 орта мектептің бірінші қазақ сыныбына барды. Ал Борис алғаш келген кезде тұйық-тұғын. Қазір мінезі ашылды. Ол жоғарыдағы мектептің сегізінші орыс сыныбына барып жүр. Көңіл күйлері көтеріңкі. Енді анасын ата-аналық құқықтан айыру үшін сот шешім шығаруы тиіс. Содан соң өзімнің қамқорлығыма аламын. Балаларды пәтер кезегіне қойсам деген ниетім де бар.

«Балаң – бауыр етің…»

– Айтыңызшы, осы жылдар ішінде бала-ларын іздеп келген ата-аналар болды ма?
– Өзіңіз байқағандай, менің бағып отырғандарым – негізінен мүгедек балалар. Олардан ата-аналары туа салысымен бас тартқан. Нұрболымның екі қолы жоқ. Өзі мамыр айында туған. Сәби кезінен менің қолымда. Беске толған туған күнінде ата-анасы іздеп келді. Бірақ одан кейін ол кісілердің қарасын көрген жоқпыз. Нұрбол қазір төртінші сыныпта оқиды. Сондай мейірімді болып өсіп келеді. Аяғымен сурет салады. Өнерлі. Ал әпкелі-інілі Рита (Маргарита) мен Лесбек (Леонид) бала кездерінен менің қамқорлығымда. Аналары қайтыс болған. Ританың есту, сөйлеу қабілеті кем. Ол мүгедек болғанымен, інісі сап-сау. Бірақ екеуін айырғым келген жоқ. Лесбек колледжде оқып жүр. Кейін кәсібі бойынша жұмыс тапса, маған да, әпкесіне де қамқор боламын деген ниеті бар. Қайырымды, жүрегі жұмсақ жігіт. Сондай-ақ сәби кезінен бауырыма басқан Нышан деген балам бар. Қазір жасы 19-да. Сол Нышан ата-анасын іздеді. Ол кісілер Меркіде тұрады екен. Іздеп бардық, жергілікті полиция бөлімінің қызметкерлері көмектесті. Ата-анасы, үш бауыры, үлкен әжесі бар екен. Бірақ әжесі: «Айналайын балам! Сені туғалы өлдіге санадық. Енді осы уақытқа дейін баққан-қаққан анаңның батасын ал!» – деп, бізді шығарып салды… Өкініштісі, Нышан содан кейін біраз уақыт күйзелісте жүрді. Ал мен баламды ешқашан тастамаймын.
Иә, әр баланың тағдыры әртүрлі! Менің тәрбиемдегі балалар еліміздің әр қаласынан, әр ұлттың өкілдері. Бірақ бір отбасында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатырмыз. Қолымнан түлеген балалардың 9-ы отбасылы болып, олардан 14 немере сүйіп отырмын. Олар да сағынышын арқалап келіп тұрады, еркелеп, аунап-қунап қайтады.
– Мүгедек балалардан ата-аналары туа салысымен бас тартып жататыны белгілі. Ал дені сау балалар неге жетім қалады?
– Иә, бұрындары аяғын шалыс басқан жас қыздарды көп жазғырушы едік. Енді, бүгінде орта жастағы ата-аналар балаларын жетім еткені жүрекке ауыр тиеді. Оның басты себебі – ішкілікке құмарлық! Жұмыссыздық немесе басқа да жеңіл-желпі сылтауларды желеу етіп жатқан ата-ана көп. Бұл – қоғамның басты проблемасына айналды. Ал ондай отбасының берекесі қашып, балалар қайыршылық күйге түседі. Міне, мәселе осында! Әсіресе қыз-келіншектердің маскүнемдікке тез бой алдыратыны белгілі ғой.
– Қайырымды жандар жиі көмектесіп тұра ма?
– Әр баланың нәсібіне қарай өз күнімізді өзіміз көріп жатырмыз. Ешкімнің алдына алақан жайып барған жоқпыз. Естіп, білгендер шама-шарқынша көмек қолдарын созады. Тіпті, «Осыншама мүгедек баланы жетіскеніңнен бағып жатырсың ба?» – деп сыртымнан жазғыратындар да бар. Олар да – Алланың құлы, Пайғамбардың үмбеті! Оларды далаға тастай алмаймын. «Анашым!» деген сөздері жүрегімді жылытады. Тараз қаласындағы «Гауһартас» мейрамханасының иесіне алғысым шексіз. Үнемі хабарласып, қарайласып тұрады. Өзіңіз байқағандай балаларды дәрігерлерге, бассейнге апару керек. Ондай кезде такси қызметіне жүгінеміз. Өзіміздің жеке «Газель» немесе минивен көлігіміз болса деп армандаймыз. Жоғарыда сөз еткен Нышан балам жақында 20-ға толады. Үйленіп, отбасылы болғысы келеді. Мен баламды Алматыдағы дәрігерлерге көрсетіп жүріп, бетін түзеттім. Енді тісін емдету керек. Осыған жергілікті денсаулық сақтау басқармасынан көмек болса деймін. Мүмкін арнайы квота бөліне ме…
Дәл осы кезде «Анашым, анашым!» деп жүгіріп келген Айлин Зульфияны құшақтай алды. Борис келіп: «Айлин, анамыздың қолы бос емес. Жүр, мен сені ойнатайын», – деді. Мен осы сәтті пайдаланып: «Борис, өскенде кім боласың?» дедім.
– Кәсіпкер боламын. Анамды қолыма аламын. Қарындастарымды оқытамын.
– Қандай пәндер ұнайды?
– Геометрия, алгебра!
– Сабағыңды жақсы оқы!
– Рахмет!

Үміт соңынан өледі…

Мен қоштасып, аулаға шықтым. Балалар өздеріне бөліп алған жұмыстарын тындырымды орындап жүр. Алаңсыз балалық. Жүректерінен мейірім шуағы еседі. «Сау болыңыз!» – деп шулады бәрі…
Анадай жерде Борис көзін көлегейлеп мен жаққа қарап тұр екен. Әлде алыстағы арманына көз тікті ме ?..
Жексенбі күні кешкілік Зульфия телефон соқты. Даусы бәсең. Қапиза келіпті. Мас екен. Балалардың да мазасын алған көрінеді. Әйтеуір үйдегі үлкендер бас болып жүріп сабырлылыққа шақырған. Зульфияның қан қысымы көтеріліп кетіпті.
– Енді алып қалмадыңыз ба? – дедім Зульфияға.
– Көнбеді. Мастықпен Таразға қалай жеткенін де білмейді. Полиция қызметкерлерін де шақырғым келді. Алайда балаларының алдында анасының намысын жер еткім келмеді. Ол да ана ғой… Жуындырып-шайындырдым. Алайда таңертең бой бермей қайтып кетті.
Иә, жүрегі жұмсақ Зульфия осылай дейді.

Бет қатталып жатқанда:

Алдында «Facebook» әлеуметтік желісінде жоғарыдағы үш баланың тағдыры жайлы ой бөліскен болатынбыз. Іле біраз азаматтар хабарласып, қолдарынан келетін көмектерін беретіндігін айтты. Ал бүгін, облыстық «Аq jol» газетінің Директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы ақпараттық қолдау көрсетіп, облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков, «Мейірім» медицина орталығының басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Гүлдара Нұрымова демеушілік жасап, қоғам белсенділері – Гүлжан Байтанаева, Назгүл Нарбекова осы игі істі ұйымдастырып, Зульфияның отбасында болып, балалардың жағдайымен танысты. Азық-түлік, кеңсе тауарлары және балалар ойыншықтарын табыс етіп, қайырымды іс жасады.

 

Ерман ӘБДИЕВ

Comments are closed.

https://4store.com.ua/