Қазақстандық боксшылар Халықаралық бокс қауымдастығының жаңа — AIBA Professional Boxing (APB) жобасына қатысады

Биыл күзде Қазақстандық боксшылар Халықаралық бокс қауымдастығының (АИБА) жаңа — AIBA Professional Boxing (APB)  атты жобасына қатысады. Бұл туралы  Қазақстанның бокс федерациясынан мәлімдеді.

Аталмыш жаңа жоба Қазақстан бокс федерациясының президенті, Халықаралық бокс қауымдастығының (АИБА) вице-президенті Тимур Құлыбаевтың тікелей қатысуымен әзірленген.

Бұл жаңа жобаға АИБА-ның әлемдік рейтингінен ойып тұрып орын алатын, ең үздік 80 боксшы қатысады. Яғни әрбір салмақ категориясында 8 боксшыдан. Олардың арасында, әрине, Қазақстандық былғары қолғап шеберлері де бар.

Боксшылар өзара кәсіпқой бокстың ережесі бойынша жұдырықтасады.  Топтық кезеңдерде әрбір кездесу 6 раундтан тұрса, финалдық кездесулер 12 раундтан болады.

Аталмыш турнир биыл 24 қазанда басталады. Ал финалдық кезең 2015 жылдың қаңтар айының соңында өткізіледі. Бұл жерде жеңімпаздар қомақты сыйақылармен қатар, олимпиадалық жолдамаларға ие болады.

Бірақ бокс сүйер қауымды бұл Халықаралық турнирдің алдында басқа үлкен шаралар күтіп тұр. Алдағы қыркүйек айының ішінде әлемнің мықты деген  80 әуесқой боксшысы Алматыға жиналып, оқу-жаттығу семинарына қатысады. Кейін Алматы облысының Талғар ауданында орналасқан Бүкіләлемдік бокс академиясында алдағы турнирдің жеребесі тартылады. Одан кейін аталмыш бокс академиясының кең көлемде ашылу салтанаты өтеді.

АИБА-ның әлемдік рейтингіне сәйкес, қазақстандық былғары қолғап шеберлерінің бұл турнирге барлық он салмақ категориясы бойынша қатысуға мүмкіндіктері болған екен. Алайда бапкерлер кеңесі әзірге тек бес боксшыға ғана қатысуға рұқсат беріпті. Қалған жігіттер ҚР Ұлттық құрама сапында өнер көрсете беретін болады.

Сонымен,  Professional Boxing (APB) турниріне Қазақстан атынан Біржан Жақыпов (49 кг), Ілияс Сүлейменов (52 кг), Берік Әбдірахманов (60 кг), Әділбек Ниязымбетов (81 кг) және Антон Пинчук (91 кг) қатысатын болады.

Бұл жерде бір айта кететін жайт, әрбір салмақ категориясы бойынша жекпе-жектер әлемнің әр түрлі қалаларында өтеді. Қазақстандық жанкүйерлер 60 келі салмақ дәрежесіндегі сайыстарды тамашалауға мүмкіндік алды. Бокс жекпе-жектері өтетін қала алдағы күндері белгілі болады.

Ақтау қаласының тумасы Берік Әбдірахманов, белгілі болғанындай осы салмақ категориясында бразилиялық боксшы Робсон Консейсао (2013 жылғы ӘЧ күміс жүлдегері), итальялық Доменико Валентино (2013 жылғы ӘЧ қола жүлдегері), ресейлік Дмитрий Полянский (РФ екі дүркін чемпионы), германиялық Артур Бриль (жастар арасындағы бұрынғы әлем чемпионы), өзбек Хұршид Тәжібаев, филиппиндік Чарли Суарес және ирландық боксшы Дэвид Джойспен қолға түйістіреді.

Ақпарат көзі: www.kazinform.kz

Comments are closed.

https://4store.com.ua/