- Advertisement -

Жошыбаев – КАРДИОХИРУРГИЯНЫҢ МАЙТАЛМАНЫ

109

- Advertisement -

Облыстық «Aq jol» газетінде белгілі ғалым-кардиохирург, Тараздағы кардиохирургия және трансплантология ғылыми орталығының директоры Сейтхан Жошыбаевқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру жөнінде жазылған ұсыныс-мақалаға көпшілік қолдау көрсетіп, бұл атаққа оның әбден лайық екені жайлы өз пікірлерін білдіруде. Елдің ақ халатты абзал жанның ерен еңбегін орынды бағалап отырғандарына дәрігер ретінде мен де қуандым.

«Ердің атын ел шығарады, елдің атын ер шығарады» деген ертеден келе жатқан аталы сөз бар. Қаншама жылдар көршілес елде үлкен абыроймен қызмет етіп, кардиохирургия саласының білгір маманы ретінде қалыптасып, зор ғылыми атақтарға қол жеткізген сыйлы азамат, профессор Сейтхан Жошыбаев Қазақстан мемлекеті егемендікке қол жеткізген жылдары туған топырағы, кіндік қаны тамған Әулиеата өңіріне оралып, ел-жұртына өте қажетті, сапалы, мамандандырылған медициналық көмек көрсету мақсатымен Тараз қаласынан жоқтан бар жасап, білдей кардиохирургиялық ғылыми-практикалық орталық ұйымдастыруы ерлікпен тең десек болады. Алғашқы қиын-қыстау жылдары қала шетінде бос тұрған Т.Рысқұлов санаториясының бір ғимаратын жалға алып, өзіне сүйеу-серік болатын, қолдайтын мамандар тобын жинап «тәуекел» деп іс бастағаны әлі көз алдымызда. Несін жасырамыз, алғашқы кезде оның бұл батыл шешімін біреу түсіністікпен қарап, қолдап жатса, екінші біреулер оны қияли дүниеге балап, орындалмайтын арман ретінде сын көзбен қарады. «Көш жүре түзеледі» дегендей, уақыт өте келе Сейтхан ағамыз табандылықпен алға қойған мақсаты мен ойын іске асырып, елге танылып, бірер жылдың ішінде көпшіліктің ыстық ықыласына ие болды. Тек Жамбыл өңірінің емес, көрші облыстардың, тіпті, Алматы, Бішкек қалаларының тұрғындары дертіне шипа іздеп Тараз қаласындағы білгір маман, қолы жеңіл дәрігер-кардиохирург Сейтхан Жошыбаевтың клиникасына қарай ағылып, тексеріліп, ем-дом алып, ота жасатып, дерттерінен айығып, есен-сау отбасыларына оралып жатты. Келе-келе қала орталығынан бұл клиниканың көрген адамның көзі тоятындай жаңа ғимараты іске қосылды. Ол заман талаптарына сай диагностикалық және емдік аппараттар мен жабдықтармен қамтамасыз етілді, білгір мамандар әр қаладан шақырылды. Сөйтіп, ерен қайсарлықпен іс басталып кетті.
Бұл күндері емдеу мекемесі тіпті Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларындағы басқа кардиохирургиялық орталықтармен терезесі тең тұрған белгілі клиникалардың бірі десек, қателеспейміз. Ұжымда бірнеше ғылым докторлары мен ғылым кандидаттары, магистранттар мен докторанттар табысты еңбек етуде. Көптеген елдердің алдыңғы қатарлы ғылыми орталықтарымен байланыс орнатып, әлемнің белгілі маман-ғалымдарымен тізе қоса қызмет етуде.
Тынымсыз, әрдайым ізденісте жүретін озық ойлы С.Жошыбаев өзі басқарып отырған клиникада мезгіл-мезгіл халықаралық, республикалық ғылыми-практикалық конференциялар өткізіп, кардиохирургиялық қызметті жақсарту, одан ары дамыту бағытында көптеген іс-шаралар жүргізуде. Клиниканың жағымды тыныс-тіршілігі ғылыми ортада әрдайым қолдау тауып, оңды ой-пікір білдіріп жатады. 2018 жылы бірнеше науқасқа бүйрек ауыстыру оталарын да сәтті іске асырды. Алдағы уақытта бауыр, жүрек ағзаларын алмастыру оталарын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Мұнан бөлек, білікті дәрігер бірнеше медициналық университеттермен келісімшартқа отырып, мамандар дайындау ісімен айналысып, магистранттар мен докторанттарға жетекшілік жасауда. Тараздағы бұл клиника қызметкерлері, сөйтіп, тек қана күнделікті практикалық істермен шектелмей, ғылыми ізденістермен айналысуы, заманауи талаптарға сай ғалым-дәрігерлерді дайындау орталығы болып отырғаны қуантарлық іс. Оның барлығы, біле-білсек, академик Сейтхан Жошыбаевтың маңдай тері, адал да таза еңбегі, саналы ақыл-ойы, сарқылмайтын күш-қайраты, энтузиазмы. Бір адамның бойынан осыншама адам қызығарлық жақсы қасиеттің тоғысуы сирек құбылыс емес пе?! Сондықтан облысымыздың бір топ белгілі қарияларының ерен еңбек иесі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сейтхан Жошыбаевқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру жөніндегі ұсынысын толық қолдаймыз.
Ол бұл жоғары атаққа әбден лайық.
Ол қажырлы, көрегенді еңбегімен көпшіліктің көңілінен шығып жүрген аптал азамат. Біз Сейтхан Жошыбаевпен мақтанамыз!

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор.
Сағи БЕЙСЕНБЕКОВ,
медицина ғылымдарының кандидаты, облыстық аурухананың бас дәрігері.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support