Көптің көкейіндегі тілек орындалатын болды

Нұрсифат САЛЫҚОВА,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,
облыстық қазақ драма театрының актрисасы.

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов зиялы қауыммен сәті түскен бір кездесуінде бәріміз ұзақ уақыттан бері күтіп жүрген мәселе жайлы жағымды жаңалығымен бөлісіпті. Облыс басшысы елордамыз Нұр-Сұлтанға барған сапарында лауазымды тұлғалармен бірқатар келісімдерге қол жеткізгенін айта келіп, оның ішінде облыстық қазақ драма театрына Асқар Тоқпановтың есімін беру туралы, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның алдына Кенекеңнің мүсінін қою, «Шахристан» аумағында бой көтеретін «Руханият» орталығына Шерхан Мұртазаның есімін беру жайлы уағдаластықтарға қол жеткізген қуанышын айтқан.
Асқар Тоқпановтың есімін біздің драма театрға беру туралы бастаманың үлкен мінберлерде көтеріліп, облыс әкімінің қолдауына ие болғаны бізді қуантады. Облыстық қазақ драма театры қызметкерлері бірнеше жылдан бері жоғары жаққа талай мәрте ұсыныстар жолдағанбыз. Себебі театрға А.Тоқпановтың есімі сұранып тұр. Ол кісі осы театрда режиссер болып еңбек еткен. «Абай» қойылымын сахналап, Шәріпбай Сәкиев – Абайдың, мен – Әйгерімнің рөлінде ойнаған едік. Асекең басқа да мазмұнды қойылымдарды сахналаған еді.
Асқар Тоқпанов – Мәскеуде режиссерлік оқуды бітіріп келген өте білімді маман болатын. Сондықтан бұл шешім ресми жүзеге асса, қуанамыз. Бұл бүкіл өнер жанашырларының көкейіндегі тілек деп білемін. Жоғарыда аталған мәселелер бойынша тыным таппай жұмыс істеп жүрген облыс әкімі Асқар Исабекұлына театр ұжымының атынан шынайы ризашылығымды білдіргім келеді.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/