- Advertisement -

Жоғалған малды табуға көмектесетін құрылғы қалай жұмыс істейді?

67

- Advertisement -

Күн ұзақта емін-еркін жайылған малын кешке қарай іздеп табу – фермер үшін машақат. Кейде малы қолды болады, барымталанады. Дәл осы мәселе күні бүгінге дейін шешілмей келген еді. Жақында Lives’Talk корей стартапы мен Samsung C-Lab инженерлері тиімді шешім ұсынып, инновациялық құрылғы жасап шықты.

Құрылғы қарғыбау тәрізді, оны малдың мойнына тағып қояды. Ондағы датчик жануардың тұрған жері туралы мәліметті фермердің қолындағы қабылдағышқа жібереді. Ол Bluetooth көмегімен ақпаратты мобайл қосымшаға береді. Қарғыбауға GPS орнатылған. Мәлімет патенттелген LoRa технологиясымен арнайы микросхемадан өтеді. Құрылғының жұмыс істеуіне интернет қажет емес.
Технология 30 шақырым радиусты қамти алады және малдың қайда екенін бірден анықтайды. Аккумуляторы зарядты екі аптадан артық уақыт ұстап тұрады.
«Samsung Electronics» қызметкерлері – еріктілер 12-18 шілде аралығында Алматы облысы, Кеген ауданы, Мыңжылқы ауылында теориялық және практикалық шеберлік сағатын өткізді. Ауыл тұрғындарына тұрмыс салтын жақсартатын инновациялық шешімдерді қолдануды үйретті.
OneWeek жобасы аясында компанияның Сеулдегі штаб-пәтерінде қызмет ететін 40 маман Қазақстан фермерлеріне заманауи IT-трендтер, пайдалы технология және болашақтың Digital құралдары жөнінде ақпарат берді. Оқыту тренингтері аяқталған соң Кеген фермерлеріне малды іздеуге көмектесетін 60 құрылғы сыйға тартты.
Бұл инновациялық шешім қазақстандық фермерлер үшін арнайы жасалған. Жоба 2017 жылы Samsung Tomorrow Solution атты әлеуметтік бастамалардың жаһандық байқауында гран-при жеңіп алған. Бұл байқауға әлемнің әр елінен 1865 команда қатысты. «Samsung» компаниясының қазылар алқасы Lives’Talk командасының идеясын ұнатып, жобаны іске асыруға ең жоғары қаржылай сыйақы – 800 мың доллар бөлген.
«Samsung Electronics» Central Eurasia президенті Санг Ву Ханның айтуынша, компания Қазақстандағы әлеуметтік мәселелерді шешуге белсенді араласады.
– Бұл инновациялық құрылғы Қазақстан фермерлеріне жаңа мүмкіндік ашып, өмірін жақсарта түседі деп сенеміз. Өзінің сүйікті ісімен айналысатын адамдарға аз да болсын көмектескенімізді сезінудің өзі – біз үшін қуаныш, – дейді президент Санг Ву Хан.
Мыңжылқы ауылының тұрғындары бір апта бойы Сеулден келген мамандардан сабақ алды. Тренингтерге жалпы саны 123 тұрғын қатысқан. Олардың арасында жас балалар да, 80-ге таяған қарт та болды.
– Жылқы жоғалса, оны іздеп табу менің міндетім еді. Енді GPS-тің көмегімен малды табу оңай болды. Уақытымыз да үнемделеді, – дейді OneWeek жобасының ең кішкентай қатысушысы Абылай.
Жоба аясында тұрғындар жаңа құрылғыны ғана емес, компьютерді, интернетті пайдалануды, электрон хат алмасуды да меңгерген. Еріктілердің айтуынша, 79 жастағы қарт оларға Мыңжылқыдан қайтқаннан кейін де Gmail поштасымен хат жазған.
Тренинг бағдарламасында базалық біліммен қатар IT-бизнес, IT-трендтер туралы да түсіндірілген. Еріктілер сабақтарға белсенді қатысқан ауыл тұрғындарын анықтап отырған. «Samsung» компаниясы Алматыда өткен қорытынды жиналыста үздік қатысушыларды марапаттап, сыйлық берді. Олардың қатарында Ермұрат Жүнісқан, Заманбек Шаубек, Азамат Садырбаев, Роллан Смағұлов, Сәрсенбай Бақаев, Айтан Бөкенбаев есімді тұрғындар бар.
– Кореядан келген қонақтар тренингтерді көңілді өткізді. Әсіресе демалыста жүрген балаларымызға өте қызық болды. Корей мен қазақ халықтарының ұқсас тұстары аз емес екен. Олардың үлкенге құрметі, сыпайылығы мен мәдениеті қатты ұнады. Біз малымызды жоғалтып алсақ, күн емес, кейде айлап, жылдап іздейміз. Ал бұл құрылғы малға ешқандай тұсау қоймай-ақ, бақылауға мүмкіндік береді. Сол үшін «Samsung» компаниясына ерекше алғысымызды білдіреміз, – дейді Жұмагүл Сейітбекова.
Lives’Talk стартапы жасаған құрылғы қазіргі уақытта пилот жоба ретінде жұмыс істеп тұр. Құрастырушылар бұл технологияны әлі де жетілдіре түсуді жоспарлап отыр. Мысалы, қарғыбауы кез келген ауа райына, түрлі жағдайға төзімді болуы үшін әлі де жетілдіруді қажет етеді. Қазіргі уақытта ол малдың мойнынан түсіп қалса немесе біреу арнайы шешсе, мал иесінің қолындағы қабылдағышқа бірден белгі береді. Бұл – мал ұрлығының да алдын алуға көмектесетін бірден-бір шешім.
Әзірше технологияның бағасы белгісіз. Компания өкілдерінің айтуынша, оған фермерлер барынша қол жеткізе алады. Мемлекеттік субсидия арқылы алуға да мүмкіндік қарастырылмақ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support