- Advertisement -

ДАРАБОЗ

43

- Advertisement -

Облыстық «Аq jol» газетінің 20 шілдедегі №79 нөмірінде «Қазіргі уақыттың Өтейбойдағы» – Сейтхан Жошыбаев «Казақстанның Еңбек Ері» атағына лайық» деген тақырыппен жарияланған мазмұнды да мағыналы мақаланы оқып шықтым. Мақала авторларының орынды ұсынысына қолдау білдіріп, өз пікірімді де қосуды жөн көрдім.

Мен оқуға 1956 жылы Қырғыз мемлекеттік медицина институтына, мақаланың кейіпкері Сейтхан Жошыбаевпен қатар түстім. Біз студенттік шақтың қызығы мен шыжығын бірге көрген едік. Міне, 60 жылдан аса уақытта достық қарым-қатынасымыз үзілмей, жалғасын тауып келеді. Содан бергі Секеңнің өмір жолы көз алдымда десем, қателеспеймін.
Ол арманшыл болатын. Алдына үлкен мақсаттар қоя білді. Институтта жүріп-ақ тек дәрігер ғана емес, ғалымдық жолды серік етуді, тамаша хирург болуды армандады.Сол бір таудай талабы оны қашанда алға жетелеп, мақсаттарына жақындата түскен еді. Ерінбей алға ұмтылды. Үнемі ізденіс үстінде жүрді. Ол тек теориялық білім алумен шектелуді азырқанды. Қиындығы мен қызығы мол студенттік жылдардың дуына елтімей, бірінші курстан-ақ, Бішкектегі (бұрынғы Фрунзедегі) хирургиялық клиникада кіші медициналық қызметтерді атқарып, демалыс және мереке күндері де сол жерден табылды. Ал төртінші-бесінші курстарды бітірген кезде хирургтерге ассистент болып, түрлі оталарды жасауға араласа бастады. Сөйтіп жоғарғы оқу орнын бітіргенде осынау жауапты іске дайын, толыққанды хирург болып шықты.
Қолына диплом алған азамат Нарын, Талас облыстарындағы облыстық ауруханаларда хирург болып жұмыс істеді. Ол жұмысын ерекше жауапкершілікпен атқаруды әдетіне айналдырып, қайда жүрсе де әріптестерінен оқ бойы озық көрінетін.Осындай дарынның даналығын байқап үлгерген, бұлақ көрсе, көзін ашуды парызы санайтын алдыңғы буын ағаларымыздың ішіндегі бірегейі, Қырғыз Республикасының Академиясын құрып, оның тұңғыш президенті болған біртуар ғалым-академик, медицина ғылымдарының докторы, профессор Иса Қонайұлы Ахунбаев Сейтханның келешекте дарынды ғалым, хирург болатынын жазбай танып, өзінің хирургия кафедрасына қызметке алады. Одан соң, жас ғалым С.Жошыбаевты Мәскеудегі академик Н.Бакулев атындағы кардиохирургиялық ғылыми-зерттеу орталығына – оның директоры, дүниежүзіне белгілі дарынды кардиохирург, академик В.Бураковскийге табыстайды. Сол В.Бураковскийдің тікелей ғылыми жетекшілігімен аспирантурада оқып, оны 3 жылда табысты аяқтаған Секең медицина ғылымдарының кандидаты атағына ие болып, үлкен орталық мектептен үлкен тәжірибе жинақтап, өзін оқуға жіберген, белгілі кардиохирург, академик И.Ахунбаевтың клиникасына қайта оралып, кардиохирургия бөліміне басшы болып тағайындалды. Ал Иса Қонайұлы Орта Азия мен Қазақстанда ең бірінші болып, 1959 жылдан бастап жүрек отасын жасауды бастаған «пионер» еді…
С.Жошыбаевтың жалпы, медицина саласына, оның ішінде кардиохирургия саласын дамытуға қосқан үлесі көп. Оған Семей, Қарағанды, Шымкент, Талдықорған, Көкшетау қалаларында, Қырғызстанның Ош облысында және басқа өңірлерде кардиохирургия бөлімдерінің құрылуы мен олардың жұмыстарын заман талабына сай ұйымдастыра білуі дәлел бола алады. Ғылыми медицинаны дамытуға қосқан үлесі өз алдына бір бөлек әңгіме. Секең үш ғылым докторын, жиырмаға жуық ғылым кандидатын дайындап шығарды. Атап айтсақ, ғылым докторы, профессор А.Абдалиев, ғылым докторлары – А.Мағзумов, А.Карамендин, облысымыздағы белгілі хирург А. Аширов, медицина ғылымдарының кандидаты, республикалық кардиохирургия орталығының басшысы, аса дарынды «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегері В. Пя Сейтханның жетекшілігімен медицина ғылымдарының кандидаттығын қорғаған, тікелей шәкірттері. Осындай ұстаз Сейтханның да «Қазақстанның Еңбек Ері» атануы – ерен еңбегінің лайықты бағалануы болар еді.
Секең бүгінгі күнде сексен жасқа келсе де, Қазақстан кардиохирургия Ассоциациясының президенті ретінде қоғамдық қызметін атқарып, осы саланы дамытуға үлкен үлес қосуда. Осындай ел алдындағы еңбегі бағаланып, газетте көрсетілгендей, мемлекеттік орден-медальдарға ие болуда.
Сондықтан да облысымыздың ардагер азаматтарының ұсынысын қолдай отырып, атпал азаматқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілсе деймін.

Дәуіт ҚАДЫРХАНОВ,
медицина ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Меркі ауданының Құрметті азаматы.

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support