- Advertisement -

Тараз сәулеті – Экономиканың табысты секторына айналады

47

- Advertisement -

Төртінші бағыт.

Жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты лайықты жалақымен қамту. Ұлттық табысты әділ бөлу мәселесі бұл – стратегиялық маңызды дүние. Мемлекеттік бюджеттің қаражатын, ең алдымен келешегі зор мақсаттарға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бөлу қажет.

(Қасым-Жомарт Тоқаевтың
Қазақстан Республикасының Президенті
қызметіне ресми кірісу рәсіміндегі
сөйлеген сөзінен)

Бүгінде отандық туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл мақсатта өңірімізде 178 қонақ үй, 282 кафе мен ресторан, 5 шипажай, 5 демалыс орны мен 11 балалар сауықтыру лагері, 44 туристік фирма, 56 қолөнершілер мен 25 көлік субъектілері жұмыс істеуде. Жалпы, аймақта 3367 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Оның бесеуі ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұра, 2-еуі Еуразиялық экономикалық ынтымақтастық ұйымының дүниежүзілік ерекше туристік тартымды нысандарының тізіміне еніп отыр. Бұл ескерткіштердің 2934-і археологиялық, 433-і қала құрылысы және сәулеттік нысандар.
Биыл жалпы құны 8,9 миллиард теңгені құрайтын 38 қонақ үй мен мейрамхана, 1,6 миллиард теңгеге 5 мәдени және ойын-сауық орталығы, 4 миллиард теңгеге өзге де туристік нысандар салынып, ашылды. Осылайша туризм индустриясының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі өткен жылы 14 миллиард 569 миллион теңгені құрап, 234 пайызға өскен болатын. Бүгінде жоғарыдағы нысандарда 11744 адам жұмыс істеуде.
Өңірімізге шетелдік туристерді тарту және тұрғындар мен қонақтар үшін қолайлы жағдай тудыру мақсатында Тараз қаласының архитектуралық келбетіне, абаттандырылуы мен көгеріштендірілуіне барынша көңіл бөлініп келеді. Бұған қайта жаңғыртылған саябақтар, көпірлер, ескерткіштер, стелалар, тұрғындар үшін демалыс орындары куә. Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» және Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақтарда, басқа да алаңдар мен субұрқақтарында қайта жарақтандыру және абаттандыру жұмыстары талапқа сай жүргізілді. «Жеңіс» саябағында Жеңіс күні қарсаңында «Ерлік» мемориалдық кешені ашылды, онда қаланың басқа нүктелерінен орын ауыстырылған Бауыржан Момышұлының ескерткіші мен «Мәңгілік алау» орналастырылды. Батырлар аллеясында екінші дүниежүзілік соғыста соғысқан 105 мың жамбылдықтың есімдері қашалып жазылған алты гранит қабырғасы тұрғызылды. Сонымен қатар Чернобыль АЭС-індегі апаттың салдарын жоюшыларға, Ауған әскерлеріне, сондай-ақ тыл еңбеккерлеріне арнап «Тыл еңбеккерлеріне тағзым» ескерткіштері бой көтерді.
Қала күніне орай облыс орталығында «Үшбұлақ» арнасынан «Зербұлаққа» дейін созылған «Үшбұлақ» жағажайы ашылды. Каналдың үстінен өтетін екі керме көпірдің ашылуы болды. Бүгінде бұл тұрғындар мен туристердің сүйікті демалыс орнына айналған. Ал Қайрат Рысқұлбеков саябағының жанынан «Желтоқсан толқыны» деп аталатын жаңартылған аллея орын алды. Онда Қазақстандағы ең ұзын субұрқақ, тәуелсіздік рәміздері – «Барыс», «Бүркіт» және «Тұлпармен» безендірілген, ұзындығы 220 метрлік ақ мәрмәрлі каскадты субұрқақ пайда болды.
Биыл Наурыз мерекесінде қала тұрғындарына жаңа «Жастар аллеясы» ұсынылды. Мұнда қызыл граниттен жасалған 15 метрлік «Махаббат» стеласы, 600 адамға арналған амфитеатр – «Білім» алаңы , білімді және оқырман халықты бейнелейтін «Кітап» стеласы, «Жастар» қабілетті дамыту орталығы және жастар аллеясының негізгі сахнасы – үлкен LED экраны орналасқан.
Туризм инфрақұрылымын дамыту және аймақтағы жоғары дамыған туристік индустрияны құру, сондай-ақ оны экономиканың табысты секторына айналдыру үшін бірнеше ірі инвестициялық жобалар әзірленді. Айталық, ежелгі дәстүрлерді қалпына келтіру және кәдесый өнімдерін өндіруді дамыту бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Шеберлер қаласы» бой көтеруде. Жалпы ауданы 13 863,0 шаршы метрді құрайтын «Шахристан» тарихи этнокешенін биыл ашу жоспарлануда. Бүгінгі күні бұл нысанның құрылыс жұмыстары басталып кетті. Тарихи-мәдени кешенге қолөнершілер қаласы, тарихи-өлкетану мұражайы, көрме залы, амфитеатр галереясы, «Сағат» стеласы және «Арбат» көшесі кіреді. Бұл жобаны іске асыру қолөнер шеберлерін ынталандырады деген сенім бар.
Өңірімізде Талас Алатауының тауларында, теңіз деңгейінен 3200 метр биіктікте орналасқан «Қаралма» тау-шаңғы базасы туристік кешенін салу жобасы жүзеге асырылуда. Тиісті нысанға құрылысын жүргізу үшін 274 гектар жер телімі бөлініп, электр қуатымен жабдықтау, газ тарту мен су құбырын жүргізу жұмыстары жүргізілуде. Ғимарат құрылысының аумағы 22 гектар жерді алып жатыр. Ал арқан жолдың ұзындығы 2050 метрді құрайды. Кешеннің құрамына: 20 коттедж, 100 орындық қонақ үй, 70 орындық 2 мейрамхана, 30 орынды кафе, бақылау алаңы, веложолы бар спорт мектебі, 100 автокөлікке арналған 2 автотұрақ, бассейн бар. «Айя-Сервис» компаниясы 7 шақырымды құрайтын жол құрылысын аяқтап отыр.
Туристік аймаққа тартылған 20 инвестор коттедж қалашығын тұрғызуда. Бұл туристік аймақта туристерге спорттық және сауықтыру, мәдени және ойын-сауық қызметтерінің толық спектрі ұсынылады. Осы жобаны іске асырудың арқасында ішкі және сыртқы туризмнің туристік ағындарының өсуі орта есеппен 45 мың адамға жетеді деп күтілуде.
Соңғы жылдары облысымызда жастар және жасөспірімдер туризмін дамытуға ерекше назар аударылып келеді. Жыл сайын мектеп оқушылары мен жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, спорттық туризмді дамытуға және жазғы демалыстарда балалардың демалысын ұйымдастыруға бағытталған бірқатар іс-шаралар өткізіледі.
Туризмді дамыту көлік инфрақұрылымының жағдайымен тікелей байланысты. Осыған байланысты қолданыстағы және іске қосылып тұрған туристік нысандарға алып баратын автомобиль жолдарын салу, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Алдыңғы жылы Т.Рысқұлов ауданындағы «Ақыртас» сарай кешеніне – 7, Жуалы ауданындағы «Тау самалы» туристік кешеніне алып баратын 4 шақырымдық автожолдың құрылысы аяқталды. «Берікқара» қаумалында жазғы демалыс кезінде бүкіл Қазақстаннан 1000-нан астам бала демалады. Ал өткен жылы «Әулие бастау» қасиетті бұлағы» туристік нысанына алып баратын 1,7 шақырым жол құрылысы аяқталып, оған жергілікті бюджеттен 33 миллион теңге бөлінген еді. Биыл «Баласағұн» мен «Тау қымыз» емдік-сауықтыру орталығы» туристік нысандарына жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, онда алып баратын жолдың құрылысы жоспарлануда.
Туризм басқармасымен құрылған шығармашылық топ облыстың жаңа туристік логотипін ұсынды. 40 адамнан тұратын шығармашылық топқа археологтер, тарихшылар, жоғары оқу орындары мен колледж оқытушылары, туристік компаниялар мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері енген.Ұсынылған логотип XI-XII ғасырлардағы Айша бибі кесенесінің терракоталық тақтасын бейнелейді. Логотип астында латын әліпбиінің әріптерімен ұсынылған «Taraz» деген жазуы бар. Туристік логотипті құрудағы негізгі мақсаты – шетелдік туристердің қызығушылығын ояту.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының аясында облыста «Taraz Tour» мобильді қосымшасы іске қосылды. Мобильді қосымша үстеме шынайылық элементтерін құрайтын бес тілдегі аудио және мәтіндік ақпараттан тұрады. Бүгінде облыстың 33 ірі туристік нысандарына QR кодтар орнатылды. Облыста «Тараз-Туризм» сайты жұмыс жасайды, онда облыстың туристік мүмкіндіктері туралы ақпаратты жаңарту мен толықтыру үшін тұрақты түрде жұмыс жүргізілуде.

Қарлығаш АРАЛБЕКОВА,
облыс əкімдігі туризм
басқармасының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support