- Advertisement -

Теміржолшылар «Бекежанмен» жүздесті

85

- Advertisement -

Сегізінші бағыт.
«Рухани жаңғыру» құндылықтары біздің басты рухани бағдарымыз болып қала береді.

Тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым-білімге деген ұмтылыс – мұның барлығы біздің халқымыздың бойындағы асыл қасиеттер. Бұл қасиеттер біздің халқымыздың бірлігін және ұлтымыздың жасампаздығын нығайтады, бәсекеге қабілетті ел болуға жол ашады. Қазақстанды болашаққа бастайтын — жастар. Сондықтан бұл бағдарламаны жас ұрпақты тәрбиелеуге бағыттауымыз қажет.

(Қасым-Жомарт Тоқаевтың
Қазақстан Республикасының Президенті
қызметіне ресми кірісу рәсіміндегі сөйлеген сөзінен)

Туған жеріне келген Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов мұның алдында Қарабура әулиеге арналған асқа және Созақтағы ғылыми конференцияға қатысқан болатын. Ілия Жақанов та келді бұл шараға. Сондай-ақ Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек Асанәлі Әшімовті «ЕуроХим-Қаратау» ЖШС-на ертіп апарды. Ондағы ұжым жұмысының артықшылықтарымен танысып, «ЕуроХим-Қаратау» ЖШС ұжымымен кездесті. «ЕуроХим» минералды-химиялық компаниясы әлемдегі ең ірі тыңайтқыш өндірушілердің бірі болып табылады. «ЕуроХим Қаратау» ЖШС-ның әкімшілік бөлім басшысы Владимир Бугаев Қазақстан Республикасындағы компанияның инвестициялық жобасын жүзеге асыру барысы және кезеңдері жайлы түсіндіріп өтті. Сонымен қатар Асанәлі Әшімов ауданның өсіп-өркендеуіне қатысты фильмдерді тамашалады.
Қазақ киносының жауһарлары – «Қыз Жібек», «Транссібір экспресі», «Атаманның ақыры» сияқты төл туындыларымызды қанша көрсең де, жалықпайсың. Тіпті 40 жыл бойы бар қазақтың мақтанышына айналған «Қыз Жібектің» қадірі уақыт өткен сайын артып келеді. Тарихи маңызы зор, танымдық рөлі басым осы фильмдерден талайдың тәрбие алғаны белгілі. Көрерменді аты аңызға айналған шығармалармен қауыштыруда есімі аңызға айналған, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімовтің орны ерекше. Аңыз адам Жамбыл жерінің тумасы болғандықтан мұнда жиі келіп, жерлестерімен қауышып тұрады. Ал күні кеше атақты актердің «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ филиалы – Жүк тасымалы-Жамбыл жол бөлімшесінде өткен жылы жүздесуі әулиеаталық теміржолшылар үшін күтпеген сый болды. Кейіпкеріміз басты рөлде ойнаған әйгілі «Транссібір экспресі» фильмі 1976 жылы Жамбыл жерінде түсірілген болатын. Әрине, мұны жамбылдықтардың бірі білсе, бірі білмес. Тарихи фильм Жамбыл бөлімшесіне қарасты Жаңатас және Қаратау станцияларының аралығындағы болат жолда түсірілген екен. Содан бері қанша жыл өтті десеңізші?!
Жамбылдықтардың мақтанышы Асанәлі ағамыз ағымдағы жылдың 8 мамырында 82 жасқа толды. Актердің туған күніне тосынсый жасамақ болған жамбылдық теміржолшылар арнайы барып құттықтап та қайтты. Бұл ой жақында ғана темір жол бөлімшесінде ашылған музейді тың деректер және де басқа жәдігерлермен толықтырып, оның қорын молайтуды қолға алған ЖТ-Жамбыл бөлімшесінің директоры Берік Ақшаловтан туған еді. Әрине, актердің шаңырағында арнайы қонақ болып, туған күнімен құттықтап, сый-сияпатын жасап қайтқан делегацияны басқарып барған ЖТ-Жамбыл бөлімшесі кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Ақшораев пен бөлімшенің қызметкері Құралай Тәттібаева Асанәлі ағаның батасын және теміржолшыларға қонақ болу уәдесін де алып қайтқан-ды. Асанәлі Әшімовті теміржолшылардың әкімшілік ғимаратында қарсы алған болат жолдың майталмандары алдымен актерге құрмет көрсетіп, ғимаратқа кіреберістегі арнайы дайындалған бұрыштың тұсауын кесті. Мұнда актердің өзі жазған және аңыз адам туралы жазылған кітаптар көрмесі қойылған. Сондай-ақ келешекте актер түскен тарихи фильмдердегі суреттері де жинақталады екен. Бұдан кейін жаңа музейді аралап көрген құрметті қонақ мәжіліс залында теміржолшылармен жүздесті. Еркін форматта өткен басқосуды ашқан Берік Сағымбекұлы: «Бүгінгі күні қазақ темір жолының тарихы бір ғасырдан асқаны өздеріңізге белгілі. Болат жолдың бойында өмір бар, тағдыр бар. Сонау өткен ғасырдың басында құрылысы басталған «Түрксіб» ғасыр құрылысының өзі талай азаматтарға жұмыс болды. Тіпті еліміздің өрлеу, даму кезеңі де осы темір жол бойымен жүріп жатты десек артық айтпағандық болар. Ал ортамызда отырған Асанәлі ағамыз әйгілі «Транссібір экспресі» фильмінде басты рөлде ойнап, көпшілік құрметіне бөленді. Біз осы тарихи туындының Жамбыл темір жолының бойында түсірілгенін мақтаныш етеміз. Яғни бұл құбылыс Қазақстан темір жолының тарихына алтын әріптермен жазылды. Біздің өтінішімізді жерге тастамай, ортамызға келгеніңізге көп рахмет!» – деді.
– Темір жол саласы – ел экономикасын өрге сүйреуші құрылым, үлкен сала. Әрине, техникалық сауаттылық сіздерге керек. Бірақ әдебиет пен өнер деген рухани дүниеңізді байытатын құндылықтарды ұмытпағандарыңыз абзал. Мейірімге бөлейді. Ал менің өмір тарихым баршаңызға аян. Рас, 1976 жылы «Транссібір экспресі» фильмінің 90 пайызы Қаратау мен Жаңатас қалаларының аралығында түсірілді. Таңдаудың мұнда түсуі де Сарысу мен Талас аудандарының табиғатының ерекшелігінен болар. Иә, ол кезде екі шағын қаланың арасында тынымсыз ағылып жатқан пойыз аз болатын. Қаратаудан таңертең шықсақ, кино түсіретін алаңға түсте жететінбіз. Кешке дейін фильмді түсіріп, түнделетіп қайтатынбыз. Қаратау да, Жаңатас та тікелей Мәскеудің қанатының астында болды ғой. Оның үстіне менімен бірге кеңес өкіметі тұсында кино өнерінің нағыз майталмандары бірге түсті. Менің «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильміне түскенімді білесіздер. Онда басты рөлді өзім сомдадым. Экшн жанрында түсірілген фильмнің идеясын да өзім ұсындым. Осы фильмнің тұсаукесерінде киносүйер қауым менен «Картина «Атаманның ақыры» және «Транссібір экспресі» картиналарының жанрына ұқсап кеткен жоқ па?» деп сұраған еді. Әрине, картина жанры ұқсағанымен оларды еш қайталамайды. Соңғы түскен фильмім «Әруақ». Оны да кинотеатрлардан тамашалаған боларсыздар», – деді актер. Кездесуде бүгінгі күні 11 мыңға жуық жамбылдық теміржолшының мүддесін қорғап отырған «Қазақстан теміржолшысы» республикалық кәсіподақ ұйымы облыстық филиалының төрағасы Жұман Сәменов пен Жамбыл магистральді желі бөлімшесінің директоры Асқар Кукузов ыстық лебізін білдіріп, Берік Ақшалов әулиеаталық теміржолшылардың атынан қазақы дәстүрмен актердің иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Танымал актермен кездесуге келген теміржолшылар залдан сұрақтарын жаудырды.
– Осы биікке қалай жеттіңіз?
– Жүре бердім, жүре бердім, жүре бердім, жалықпадым… Жеттім. 3-сыныпта оқып жүргенде көрген «ғасырлық түсім» ғұмырыма үлкен әсер етті. Менің балалығым қатал соғыс жылдары өтті. Алғашқы қар жауғанша жалаң аяқ жүрдім. Бір күні сабақ кезінде қалың қар жауған еді. Барлық сыныптастарымды ата-аналары үйлеріне алып кетті. Ал мен суық саз мектепте жалғыз қалдым. Ол кезде тоғыз жаста едім. Түні бойы қатты қорыққаным соншалық, таңертең мектептен он жасқа есейіп шыққандай болдым. Азамат болғандағы еңбектерімнің барлығы көз алдарыңызда өтті.
– Неге сериалға түспейсіз?
– Сериалды өнер деп түсінбеймін, ол – өмір. Әйтпесе, бүгінгі күні сериалға шақырушылар көп. Шетелдіктер тектен-текке сариалдарды «сабынды опера» деп айтпайды ғой…
– Таразда «Асанәлі Әшімов орталығы» бар, басқа қалаларда бар ма?
– Бұл орталық – теңдессіз орталық. Әрине, басқа қалаларда жоқ. Оларға бөліп беретін жиған байлығым да, тарихи жәдігерлерім де жоқ. Ол орталықтың қалалық Мәдениет үйінде орналасқанын білесіздер. Бір кездері сол «Химик» Мәдениет үйін маған тегін де берген еді. Ел секілді пысық та емеспін. Кейін сол Мәдениет үйінің жартысын әлдекімдер сатып алып, қазір орталық орналасқан бұрышы бұйырды. Мен әкімдерге алақан жайып баратын адам емеспін. Естуімше жергілікті әкімдік осындағы «Евразия» кинотеатрын маған еншілеп бермекші екен. Егер олай болып жатса, орталық та сонда ауысады. Біраз дүние қолға алынады.
– Кино көресіз бе?
– Көремін. Бірақ кинотеатрдан. Алматыда біраз кинотеатрлар сүріліп, орнына ірі-ірі сауда кешендері бой көтерді. Ондай үрдіс өзге қалаларда да болып жатыр. Кинотеатр – мәдениет, құндылық, түптеп келгенде өнер ордасы.

 

Ерман ӘБДИЕВ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support