- Advertisement -

«Мойынқұм» халық театрының марқасқасы

25

- Advertisement -

немесе режиссер Дәуіт Иманқұлов туралы бір үзік сыр

1937 жылы Қытай Халық Республикасындағы Іле-Қазақ автономиясына қарасты Сарыбұлақ ауылында дүниеге келген Дәуіт Абдуллаұлының балалық шағы дәл осы қазақы ауылда өтіп, 10-сыныпты да осында бітірген. Жасы жиырмадан асқанда мемлекетаралық келісім бойынша отбасымен бірге Қазақстанға біржола қоныс аударады. Атамекенін аңсап келген балаң жігіт әуелгіде Талдықорған облысының Панфилов ауданына қарасты Көктал совхозында еңбекке араласып, мал бағады. Араға уақыт салып өзіміздің Меркі ауданындағы асыл тұқымды қой совхозына келіп, мұнда да біршама еңбек етеді. Осылайша қолдан келгенше қам-қарекет жасап, аяққа тұра бастағанда Жамбыл қаласындағы мәдени-ағарту училищесінің режиссер дайындайтын факультетіне оқуға түскен. Бойындағы білігі мен талабының арқасында аталған оқу орнын ойдағыдай тәмамдап, Абай атындағы қазақ драма театрына жұмысқа орналасады. Осы сәттен-ақ Д.Иманқұловтың театр саласындағы қым-қуыт тірлігі басталып кетеді. Мұнда ол алғаш рет үлкенді-кішілі рөлдерді сомдап, тұла бойында бұғып жатқан дарынын көпшілік назарына ұсына бастаған. Дәлірек айтар болсақ, Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебегінде» Абыз, Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуындағы» Жантық рөлін сәтті орындап, көрерменге алғаш таныла бастаған шағы еді. Қара шаңырақтан мол тәжірибе жинақтаған соң ол Шу ауданының Жамбыл атындағы колхозында орналасқан мәдениет үйіне жұмысқа орналасып, халық театрына режиссер болады. Театрдың ауласындағы ахуалдан бастап, төріндегі кілемнің тазалығына дейін, қала берді актердің көңіл-күйі мен әл-ауқаты, әр қызметкердің жеке басының түйткілдеріне дейін көңілі алаңдап тұратын режиссерге бұның барлығы да күнделікті бұлжымас жұмыс қағидасындай болып кеткен. Тұтастай алғанда, ауыр еңбектің нақ өзі. Жоқтан жонып бар жасаған Дәуіт Иманқұлов бұрынғы ескі соқпақтың ізімен ілбімей, ешкімге ұқсамайтын жаңа қалыппен жұмыс істеді. Соның арқасында ауыл жастарын бұрын-соңды аттап баспаған жерлерге шығармашылық сапармен апарып, қызығушылықтарын оятты. Шуда еңбек еткен жылдарында Дәукең Ш.Құсайыновтың «Біздің Ғани», Ш.Айтматовтың «Алғашқы мұғалім» сынды жиырмадан аса қойылымдарды сахналапты.
Режиссер ретінде тәжірибесі әбден толысқан Дәукең өнерін елге арнап, Мойынқұмға атбасын бұрады. Мұнда жаңадан ашылған аудандық мәдениет бөліміне қарасты «Мойынқұм» театрына орналасады. Бетпақдаланың бесігіндегі шалғай жатқан өңір болғандықтан болар, ауыл ақсақал­дарының айтуынша, оқу бітіргендер бұл мекенге онша жолай қоймаған көрінеді. Алайда ә дегеннен-ақ ауылдағы талантты жастарды төңірегіне топтастыра білген талантты режиссер көптеген қойылымдарды сахналап, өзі жұмыс істеген шаңыраққа «Халық театры» атағын алып беру үшін талмай еңбек етеді. Режиссердің көрегендігінен болса керек, ол таңдаған жастар да тапсырылған рөлдерін сәтті сомдап, көңілінен шығып отырған. Осылайша аз ғана уақыттың ішінде бір-бірімен тіл табыса кеткен ұжым 1972 жылы С.Жүнісовтің «Ажар мен ажал», О.Бодықовтың «Қанжар мен домбыра» спектакльдерін сарапшылар назарына ұсынып, көптен күткен «Халық театры» атағын жеңіп алады. Жеңіп алды деп жеңіл айта салғанымызбен театрдың өркендеуі, дамып-жетілуі жолында үлкен ізденістер мен көптеген ұйқысыз түндердің өткені анық. Бұл театр сол кездің өзінде ұйымдастырушылық қабілеті жоғары режиссер мен ондағы дарынды жастардың арқасында түрленіп сала берді. Дәуіт Иманқұловтың бастамасымен «Мойынқұм» халық театрының ұжымы көршілес Қырғыз бен Өзбекстан мемлекеттеріне гастрольдік сапармен барып, ондағы бауырлас ағайындарды да тартымды қойылымдарымен дән риза еткен. Өзіміздің Әулиеата өңіріндегі аудандардың барлығында болып, көрермендерін қуанту үшін барын салған.
Бұдан бөлек, Д.Абдуллаұлы «Мойынқұм» ән-би ансамбліне жетекшілік етіп, оның дамуы жолында да тынымсыз тірлік атқарған. Тіпті Қазақстанда тұңғыш рет капиталистік шетел Португалияға шығармашылық іссапармен шығып, табысты өнер көрсетіп, ондағы көрермендерге де түрлі қойылымдарын қойған. Осыдан-ақ білікті басшы барда өнердің ешқашан өгейсімейтінін аңғаруға болатындай. Ол бұнымен тоқтап қалған жоқ. «Мойынқұм» театрына халықтық атақты алып бергеннен кейін 1984 жылы сол ауданда орналасқан «Құмөзек» совхозына көшіп барады. Ауылдағы Мәдениет үйінің жұмысын жандандыруды көздеген режиссер тағы да дарынды жастарды іздестіре бастайды. Жастардың бойындағы талантын тануда қателікке жол бермейтін режиссердің түйсігі бұл жолы да алдамайды. Өзі тізгіндеп отырған «Құмөзек» театрына іріктеп алған ауыл жастарымен бірлесе жұмыс істеп, небәрі екі жылдың ар жақ бер жағында халық театры атағын алып береді. Бақсаңыз, Дәуіт Иманқұлов алға қойған мақсат-мұратына қол жеткізбейінше тынбайтын, қолы жеткен соң келесі шыңға ұмтылатын азамат. Оның осыншама жетістікке қол жеткізуіне өмірлік серігі Орынкүл Саршаева да өлшеусіз үлес қосқан. Себебі зайыбы Орынкүл де мәдени-ағарту училищесінің түлегі. Екеуі дәл осы оқу ордасында оқып жүріп отау тіккен. Содан өмірінің соңына дейін өнер саласында қол ұстасып жүрді. Өмірлік серігі екеуі бес бала тәрбиелеп өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты отбасы болды. Дәуіт Иманқұлов кейіннен театр сахнасындағы жарықтың салдарынан жанарынан айырылған. Өмірін өнерге арнаған режиссердің өмірден өткенге дейін жүрегі өнер деп соққаны сөзсіз.
Бүгінде Дәуіт Иманқұловтың қызы Гүлмира әке жолын жалғап режиссер болмаса да ауданның мәдени өміріне барынша үлес қосып жүр. Аудан орталығынан шалғай орналасқан Құмөзек ауылдық округінде кітапхана меңгерушісі болып жұмыс істейтін Гүлмира Дәуітқызы жоғарыда жазылған естеліктерімен бөлісіп, әкесінің ешқандай да атаққа құмартпағанын айтады. Сонымен бірге бізбен әңгіме барысында Гүлмира көңіліндегі бір алаңды жасырып қала алмаған. «Театр саласына бар ғұмырын арнаған әкем қандай да бір марапатқа қызыққанын көрмеппін. Тіпті әкеме берілуі тиіс атақтың басқа біреудің еншісінде кеткенін де көзіміз көрді. Ауданымыздың мәдениет пен ағарту, өнер мен руханият саласына өлшеусіз үлес қосып, айрықша еңбек сіңірген әкеме аудан тұрғындарының ықыласы ерекше. Кез келген ауылдағы көнекөз қариялар әкемнің театр саласындағы еңбегін сөз қылып отырады. Алайда осыншама жетістіктерге жетіп, тұтас бір ауданның мәдениет саласын өрге сүйреген Дәуіт Иманқұловқа бүгінде ешқандай құрмет көрсетілмей келеді. Осыған байланысты аудан басшылары бір көшеге немесе жоғарыда аталған «Мойынқұм» және «Құмөзек» халық театрларының біреуіне әкемнің атын берсе деген тілегім бар», – дейді Гүлмира Дәуітқызы.
Расымен де өнерде өзіндік жолы бар адамға бір кісілік құрмет көрсетуге болмайды емес, болады-ау. Тек тиісті азаматтардың соны ойластырмай отырғаны өкінішті. Ауданмен қатар, облыс, республика, тіпті шетел сахналарына шығып, елдің жаппай қызығушылығын оятқан туындыларды дүниеге әкелген дарынды режиссерге Мойынқұм ауданының атқамінерлері қандай құрмет көрсетсе де жарасары хақ. Оның үстіне, өзі «Халық театры» атағын алып берген қос ұжым әлі күнге жұмыс істеп тұрған болса, оған Дәуіт Иманқұловтың аты сөзсіз сұранып тұрған жоқ па? Алдағы уақытта Мойынқұм ауданының шенділері осы бір мәселені қолға алып, біртуар азаматқа лайықты құрмет көрсетеді деген сенімдеміз.

 

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support