- Advertisement -

Қазағының биік қойған намысын,топырағың торқа болсын, арысым!

306

- Advertisement -

Шөберемнің есімін Шерхан деп қойдым

Қазақ деген – Ұлы Отан соғысында жанын аямай жауға қарсылық көрсеткен жұрағат. Сол кезде санымыз 5 миллион ғана болса да, арамыздан 100-ден астам Кеңес Одағының Батыры шықты. 100 миллион халқы бар Ресейден жалғыз әйел баласы Зоя Космодемьянская батыр атанса, бізден бұл қасиетті атақты Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұловадай екі қызымыз иеленді.

Әбдуәлі ДАНАЕВ,
темір жол доценті, зейнеткер.

Өткен ғасырдың 20-30 жылдары қазақ халқына геноцид (халықты жою) ұйымдастырған Мәскеу, яғни большевиктер бұрынғы қатыгездігін тоқтатып, қара домалақтардан кешірім сұрағандай күй кешкен. Қасиетті халық өссін, өнсін, өрбісін, коммунизм орнатсын деген тоқтаммен титықтаған экономикаға қарамай, соғыс біте салысымен әр елді мекенге мол қаржы бөліп, қазақ жастарына жаппай білім беретін интернаттар ашып берді. Онда тамақ, киім, жатын орын, оқу тегін болды.
Жаңадан ашылған интернатқа 7-сыныпты тәмамдаған біздер жан-жақтан жиналдық. Қаратай Тұрысов, Шерхан Мұртазаев, Жамалбек Рахматуллаев, Ергеш Есімов, Құралов, Бөденов, Мәдімаров және мен. Сол жерде 120 оқушы бас қостық. Біздер сол ғимаратты мекен етіп, 1950 жылға дейін табалдырықты тоздырып жүргенбіз.
Интернат үйлері дуалмен қоршалған еді. Қазіргі Ташкент көшесінің бастауында, ескі базардың түстік жағында-тұғын. Ал біз оқитын Жамбыл атындағы қазақ орта мектебі – Пушкин көшесінің аяғында. Күнде таңертең кітап-дорбамызды арқалап, 120 оқушы Пушкин көшесімен шұбыратынбыз. Алғашқы кезде сап түзеп, жоситынбыз. Үстімізде – теңіз матросының киімдері. Бізге көз тіккендер «Матросы разбитого коробля» деп күліп тұратын. Алғашқыда бір-бірімізді танымайтынбыз. Ғимарат түкпіріндегі әжетханаға бір бала түсіп кетіп: «Айналайындар, қатар жатқан колхозданбыз ғой. Қолымнан тартып жіберіңдерші» деп жалынған. Содан кейін ол «Қатар жатқан колхоз» атанып кетті. Біздер – Шерхан, Қаратай, Жамалбек бәріміз «а» сыныбында оқыдық. 8-10 бала бір бөлмеде жатамыз. Шекең сол балалық шақтың өзінде әр сөзге зілді, ойып түсердей салмақ салушы еді.
Сұрапыл соғыстан соң әлеуметтік тұрмыс күйзелген, әлі ес жия алмай жүрген жылдар. Интернаттың оңып тұрған тамағы жоқ. Қалаға жақын тұратын балалар демалыс сайын үйлерімізге тарқаймыз. Шерхан сонда қалады. Жуалы өте қашық. Үйден нан-пан, қуырылған жүгері, талқан әкелеміз. Оны бөлмедегілер бөлісіп жейміз. Бір жолы мамыр айында Шерхан Мыңбұлақтағы үйіне кетті. Жексенбі күні түнделетіп келді. Қабағы қатулы, ашулы кейіпте. Автобус деген атымен жоқ кез. Ол ауылына пойызбен қатынайтын. Қолына умаждап ұстаған бір бума қызғалдағы бар. Онысы солып әрі жапырылып қалған.
– Мұны неге сындырып жүрсің? – дейміз бәріміз.
– Ертең Тұрсынбикенің туған күні ғой. Соған арнап тау етегінен теріп едім. Мыңбұлақ бөктерінен. Пойызға мінейін десем, жолсерік ішке кіргізбей қойды. Билет жоқ қой. Мен одан қашып вагонның төбесіне көтеріліп кеттім. Бір қарасам, Күркіреу судан өтіп кетіппіз. Тескен тауға таяумыз. Мен саспастан вагон төбесіндегі түтін шығатын кернейді құшақтап жата қалдым. Туннель іші қараңғы болады екен. Оның үстіне қаптаған түтін. Зорға демалып жатырмын. Мына гүл уысымда. Маймақ стансасына жеткен соң ес жинадым. Пойызым әрмен зулап келеді. Тұрсынбике деген сұлуға беретін осы сияпатымды, Әбдуәлі, сенің пойызың бір пұл қылды ғой, – деді ренішпен маған тесіле қарап. Көзінде ызғар бар. Сосын:
– Темір жол институтына барам деп жүрсің. Міне, сенің әрекетің осы болады, – деді.
– Паровоз көмір жағады. Вагондарымен Тескентауға әрең сыйып өтеді ғой. Өзің тағы вагон төбесіндесің. Аман қалғаныңа қуан. Түрегеп отырғаныңда жоқ едің. Сақтағанда Құдай қатты қағыпты. Көп жасайсың, – дегенім есімде.
Біз Жамбыл атындағы орта мектепті 1950 жылы тәмамдадық. Ергеш Есімов алтын медаль алды. Қаратай Тұрысов екеуміз күміс медаль иелендік. Шерхан мен Қаратай Мәскеуге тартты. Ергеш екеуміз Ленинградқа (қазіргі Санкт-Петербург) темір жол институтына түскенбіз.
Балалық шақтан-ақ Шерхан Мұртазаевтың таңдағаны тіл мамандығы, лингвистика ілімі болды. Сыныптасым сол шақта анау-мынау жазғанын облыстық «Сталиндік жолда» жариялап тұратын. Мен өзім де Шекеңе еліктеп, қаламым төселген. «Еңбек туы», қазіргі «Аq jol» газетіне кейін темір жол жайында хабарлар беретін дәрежеге жеткенмін. Олар мені «рабкор» санайтын.
Шерхан Мұртазаев ұлы ойшыл Ломоносов іргесін қалаған университетті тауысты. Үшінші курста оқып жүргенінде «Старик Хаттавыч» деп аталатын ертегіні қазақшаға аударып, аудармаға икемді екенін көрсетті. Ол баспадан шықты. «Қара маржан» романына бас кейіпкер Данаев деп алғанда, «Мен тау-кен инженері емеспін, теміржолшымын ғой» дегенім есімде. Сонда Шерханның:
– Сен бәрібір инженерсің, Данаев, – деп кесіп тастағаны бар.
Шекең екі сөзінің бірінде «Қолыма ұстаған қаламым – менің қаруым» деп отыратын. Мемлекеттік тіліміздің киелі тағына көтерілуінде де Шекеңнің қайраткерлігі, жүректілігі, отаншылдығы, жанашырлығы жатыр. «Адамда бір-ақ тіл бар. Бауырымен жорғалайтын жыланда ғана екі тіл бар», – деп жалғыз ауыз сөзімен үлкен зал толы отырған депутаттардың көмейін жапқандығын бұл күнде ел-жұрт түгел біледі.
Біздер 70 жылдан астам дос-жаран, сыныптастармыз. Мен бір шөберемнің есімін Шерхан деп қойдым. Ол Құлан ауылында, биыл бірінші сыныптың есігін ашты. «Жақсы оқы» деп батамды бергенмін. Жамалбек екеуміз досымыздан, замандасымыздан айырылғанымызға күйзелістеміз. Алланың өлшеп берген жасы шығар. Қазақ халқының есіндесің, досым! Өз басым сені бақилық болды деп есептемеймін.

Тараз қаласы.

Қайран шераға, тәңіртаумен тең аға!

Қолды-аяққа тұрмайтын ойын баласындай тынымсыз уақыт-ай десеңізші. Шерағаның алпыс жылдық мерейтойының жаз дидарлы Жуалы жерінде дүркіреп өтуіне дайындықтың бел ортасында жүрген кездеріміз кеше ғана сияқты еді. Бәрі жадымызда жатталып қалыпты. Тараз қаласындағы облыстық қазақ драма театрында Шерағаның «Домалақ ана» спектаклінің тұсауын кесуден және «Шерхан Мұртаза шығармашылығы және тәуелсіз ел руханияты» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізумен басталып, салтанатты рәсім келесі күні кіндік қаны тамған жері Жуалы ауданындағы қасиетті Мыңбұлақта жалғасты.

Жандар КӘРІБАЙҰЛЫ,
Парламент Сенатының екі шақырылымының экс-депутаты.

Содан бергі ширек ғасырда қоғам өмірінде қым-қиғаш оқиғалар болды. Осы кезеңде ата-бабамыз арман еткен тәуелсіз ел болдық. Кешегі тоталитарлық жүйе кезінде Шерағаң жиналған көпшіліке бүкпесіз: «Біз іші қисапсыз қазынаға толы, қақпағында иттің басындай қара құлып салынған үлкен сандықтың үстінде отырдық. Бірақ оны ашып, иен байлықты халықтың кәдесіне жарата алмадық. Өйткені сандықтың кілті қол жетпес қиянда – Мәскеуде болды» деп налып айтатын кезең бұл күнде келмеске кетті. Халқымыздың қолы енді өз аузына жететін заман туды. Бәрі жадымызда жатталып қалыпты.
…Екі күнге созылған думанды шараларды, олардың ішінде сол кездегі Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед оқып берген кемеңгер жазушыға арналған Елбасының құттықтауын тойға қатысушылар жылы қабылдаған болатын. Сол тойда Халық жазушысы Әбіш Кекілбай, республикалық «Егемен Қазақстан» газеті АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов, Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Әкім Тарази, Темірхан Медетбек, Оразалы Сәбден, көрнекті қоғам қайраткерлері Өмірбек Байгелді, Қуаныш Сұлтанов және басқа да елімізге белгілі, халқымыздың беткеұстар, атпал азаматтары Шерағаның тұла бойын кернеп, ақыл ойын тербеп, елшілдік намысы мен ұлттық санасына тың құлшыныс пен сергек серпіліс беріп, оның сан қырлы қызметінің мазмұнын айқара ашып тұратын қайтпас қайраткерлік рухын жан-жақты әңгімелеп еді. Олар Шерағаны аппақ арына дақ түсірмей, қайтпас қайсар тұлға болу екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтінін, Тұрардай табанды, Бауыржандай батыр, сол Тұрарды қорғай жүріп Тұрарға айналып кеткенін байқамай қалған азамат деп, ердің абыройын көкке өрлетіп аспандатып еді. Даңқы өшпес, қайта оралмас сол күндер енді менмұндалап алыстаған сайын тұлғалана түспек.
Шерхан аға әр кез ар деп аталатын ардағын аялап, әділдік деген тұнығын мөлдіретіп, үлкеннің алдында ізетті, кішіге қамқор, досқа адал, уәдеге берік, туған халқының жақсы әдет-ғұрпын, оның өзіне тән өмірлік пәлсапасын бойына табиғи түрде сіңірген. Сонымен қатар әлемдік өркениеттің адамзатқа ортақ жетістіктерін заман талабына сай игерген парасат иесі екендігін, сондай-ақ абзал абыздың халық алдындағы абыройын асырып, беделін бекемдеп, мәртебесін мәрттендіріп тұратын қасиеттері оның әр жылдары жарық көрген «Табылған теңіз», «Бұлтсыз күнгі найзағай», «Белгісіз солдаттың баласы», «Мылтықсыз майдан», «41-жылғы келіншек», «Ахметжанның анты» тағы басқа повестері мен «Интернат наны» атты әңгімелер жинақтарының, «Қара маржан», Т.Рысқұловтың өміріне арналған «Қызыл жебе» және «Ай мен Айша» романдары, «Бір кем дүние» ой-толғауларының, «Сталинге хат», «Бесеудің хаты», «Домалақ ана» атты пьесаларының өн бойына арқау боп есіліп, желі боп тартылып жататындығы оның қаламгерлік қарымын, ұлтжандылық болмысын, кәсіби шеберлігін айғақтап тұратынын әдебиетшілер ортасы тамсана да, таңдана мойындағаны қашан.
Шераға саналы ғұмырының ұзына бойында талай қызметтің тұтқасын ұстады. Әр жылдары республикалық «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан», кейіннен «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінің, «Жұлдыз», «Жалын» журналдарының бас редакторы, Қазақстан мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы, он екінші және он үшінші шақырылған Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің, екінші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты болып тұрған кездерінде туған ұлтының жанын ауыртқан ел, жер, тіл мәселелерін қайтпай, қаймықпай айқайлап, айқара ашып көтеруден алдына жан салған емес. Оның патриоттық сезімінен туған өткір сыны мен жігерлі пікірлері кейбір орынтақта отырғандарға тікендей қадалса да, Шерағаң ыққан жоқ, бұққан да емес.
Шерағаның еткен еңбегі, төккен тері еленбей қалған жоқ. Оның «Отан», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталғаны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанғаны – соның айғағы. Шераға үшін ең үлкен марапат та, атақ та өз халқының перзентіне деген сүйіспеншілігі мен ризашылығы еді. Оны Алматы, Астана қалаларынан және облыстардан әдейі келген қалың жұртшылықтың Халық жазушысына лайықты құрметпен соңғы сапарға ақ жауып, ардақтап, қимас көңілмен аза тұтып шығарып салғаны – соның дәлелі.
Кісінің ала жібін аттамаған, сыртынан ғайбат айтып даттамаған, ана тілінің тылсым сырларын терең меңгерген, дініне болаттай берік, ата-баба дәстүрін қастерлеген, туған тарихына терең бойлаған, күндіз-түні елінің болашағын ойлаған, қазақы намысы мұқалмайтын, ділі жұқармайтын өз халқының жоқтаушысы, Шерағасы енді арамызда жоқ. Артында жан жадыратар жақсы сөз, өшпейтін із қалдырып өмірден озды.
Ел ағасының қалдырған баға жетпес бай мұрасы халықтың еншісінде. Грек халқының ұлы философы Цицеронның «Кітап жасқа ақыл, кәріге қуат береді, бақытқа бақыт қосады, бақытсызға медет болады» дегеніндей, Шерағаның елдік қасиеттерді дәріптейтін ерен еңбектері ұрпақты тәрбиелейтін шерхантану ілімінің негізін қалап, еліміздің ертеңі – жастардың ақылшысына айналғаны қашан! Ақыл мен өсиеттің кені Шерағаның «Адамның санасы, ниеті, пейілі түзелмей, түк те түзелмейді» деуінде терең мән мен мағына жатыр. Шерхан Мұртаза мен публицист Камал Смайыловтың республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің беттерінде 1996-1997 жылдары жарияланған хаттар циклы қазақ эпистолярлық публицистикасының классикалық үлгісі ретінде болашақ жазушылар мен журналистердің оқу құралдарына айналатындығына күмән жоқ.
Біз Шерағаның: «Өз ұлтының қадір-қасиетін саналы ұрпақ қана ұлықтай алады» деген өсиет сөзін ұмытуға тиіс емеспіз. Олай болса әрбіріміз Шерхан Мұртаза сияқты бейдауа бейқамдықтан, енжарлықтан, намыссыздықтан іргемізді аулақ салып, өмірді жақсартуға барынша қабілетті, ұлттық рухты ұлықтайтын пәруана қасиетті ту етушілер тұғырынан табылуға тиіспіз. Замана талабы солай, ертең кеш болуы мүмкін.
Пейіште нұрың шалқып, жаның жәннатта болсын, жан аға, таланты даламыздай кең аға, Тәңіртауға тең аға!

Тараз қаласы.

ШЕРАҒА, ИЛИКО ЖӘНЕ БІЗ

Сол жылдары мен республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі қызметінде жүрдім де, Шерағаңның қасына көбірек ілесу бақытына ие болдым. Еліміздегі ең беделді деген газеттер мен журналдардың тізгінін ұстап, онымен қоймай сол газеттер мен журналдардың қайсысын басқарса да оны шығармашылық шыңының биігіне шығарып, халықтың рухани қазынасы мен қайнарына айналдыра білетін Шерағаңның депутат ретінде де ел мұң-мұқтажын өзіндік мақамымен жетер жеріне жеткізіп жүрген сөздерін қалың елі қайталап айтып, айбаттанып қалған кез.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.

Сондықтан «Шерағаң айтыпты» деген сөздерді ел-жұртпен бірге қайталап, сырттай мақтанғаныңмен, жанына жақындауға кәдімгідей жүрексінетінсің. Бірақ қызметтің аты – қызмет, қанша жерден қорықсаң да «Егемен Қазақстан» газетіне жазылу науқанына байланысты елге келе жатқан Шерағаны қасындағы әріптес інілерімен бірге күтіп алу, ауыл-аймақты аралағанда қасында болу, сосын шығарып салу деген адами міндеттерден қашып құтылмайсың. Бір жағынан бұл Шерағаңмен жақынырақ танысып, айтқан сөздерін өз аузынан тыңдауға өте қолайлы сәт. Кейін ағамыздың мінезіне үйреніп, тағылымды тәпсірлеріне дәнігіп алғаннан кейін «жиі-жиі келсе екен» деп тұратын болдық қой.
Сондай сапарларында қасында жүріп түйгенім, Шерағаңның газет-журналдарға ел, жер, тіл тағдыры туралы ащы шындықты шыңғырта айтқан тұздығы мол мақалаларындағы, Парламент Мәжілісі төрінен алты алаштың тағдыры үшін ашына сөйлеген сөздеріндегі биліктің мысын басатын айбарлы бейнесі ел-жұртымен араласқанда бұлттан шыққан күндей нұрланып, жайма-шуақ бір әдемі кейіпке енеді екен.
Ал замандас жазушы-құрдастарына арнаған әзіл-қалжыңдары өз алдына бір төбе болса, балажандылығы бір хикая еді. Ол кезде біз Тараз қаласындағы №10 шағын аудандағы 3-қабатта 3 бөлмелі пәтерде тұрамыз. Үйге келген Шерағама үйелмелі-сүйелмелі балаларымды көрсетіп:
– Мынау – Индира деген қызым, енеміз Индира Гандидің даңқына деген ізетпен қойған, мынау – Досхан, мұны да Досхан Жолжақсыновтың құрметіне атаған, ал енді мынау – Олжас… деп таныстырып жатыр ем:
– Өй, мықтылардың бәрі сенің үйіңде жүр екен ғой, – деп бәрімізді бір күлдіріп алды да, белгілі журналист, жазушы Әділ Дүйсенбекке қарап:
– Әдеке, кеше Алматыдан келе жатып Асқар Сүлейменов не деп айтты деп едіңдер? – деп өзіне тән күлкісімен көзінің айналасына мейірім үйіріліп, әдемі жымиды.
– Ә, анау ма, бір жиында шетел драматургі Александр Гельман Асқар Сүлейменовке «Сіз Олжастың (Сүлейменов – К.С.) туысы емессіз бе?» деп әуестік танытқанда, «Не путайте, пожалуйста, меня с кем попало!» деген ғой, – деп Әділ аға кеңкілдей күлді.
Енді бәріміз түгел күліп жатырмыз.
– Сол сияқты сен де «не путайте, пожалуйста, меня с кем попало!» деп жүрмегін айналайын Олжасжан! – деген Шерағаң баламның кекілінен сипап, маңдайынан сүйді.
Шерағаңның сол сөзі айнымай келіп, біздің бала басқа Олжастардан бөлек екенін спорттағы табыстарымен дәлелдеп берді. Ағалардың аялы алақанының құдіреті деген осы-ау…
Шерағаңның бауырмашылдығына, балажандылығына тағы бір куә болғаным, Жуалы ауданындағы Талапты ауылында тұратын інісі Батырханның баласы Әлижанды, одан тараған Жалғас пен Ілияс туралы да көп айтып отыратын. Олардың ішіндегі, әсіресе Ілиясы бақытты. Өйткені Шерағаң оны елден ерекшелеп «Илико» деп еркелететін.
Ал «Илико» деген атты естісем, менің есіме грузин жазушысы Нодар Думбадзенің «Мен, әжем, Илико және Илларион» деген ғажап романы түсе кетеді. «Жазушы Нодар мен жазушы Шерханның Иликоларының бір-біріне қандай қатысы болды екен?» деп, ал кеп ойлан сосын.
Бір мың тоғыз жүз тоқсаныншы жылы дүниеге келген Ілияс – сол жылдары небәрі 7-8 жастағы кішкентай бала, бірақ дастархан басында отырғанымызда Шерағаңның арқасында аты «мен» деп жүрген журналистерден де көбірек аталады. Шерағаң «Илико» деп еркелеткен соң біз де алдымен Иликоның хал-жағдайын сұрайтын болдық. Өйткені Шерағаң мен Шерағаңның жары Мария апай Ілиясты бүлдіршін кезінен бауырына басып, баласы санаған. Еркелетіп атын Илико деп атаған. Сосын біз де Шерағаң Тараздан Жуалыға қарай аттанар кезде Иликоға деп базарлық беріп жіберуге қамдана бастайтынбыз.
Бір жолы ақжарқын мінезді Әділ көкем Дүйсенбек екеуміз газетке жазылуға байланысты облыс орталығындағы шаруаларымызды бітірген соң Шерағаңа білдірмей «көк базарға» тарттық. Тоқсаныншы жылдары бұқара қиналыңқырап қалғанымен, базардың сөрелері сол баяғысынша жеміс-жидектің салмағынан майысып тұратын. Сондықтан алма, алмұрт, жаңғақ, өрік, мейіз сияқты жеміс-жидектердің ең дәмді дегендерінен қоржынымызға сыйғанша сатып алып, Шерағаң мінетін көліктің ішіне салып қойғанбыз. Бұдан бейхабар Шерағаң:
– Жүріңдер, енді базарға барып Иликоға базарлық алайық, — деп тұр.
Әділ ағамыз екеуміз жасқаншақтап:
– Шераға, базарлықты біз бағана дайындап қойып ек, — дейміз.
– Өй, оларың не? Базарлықты атасы алмай ма екен? Қап, бұларың жарамады. Бірақ Иликоға сендер де бөтен емессіңдер, сәлемдемелеріңді жеткіземін, – деп сөзінің аяғын қалжыңмен аяқтаған кезде, арқамыздан ауыр жүк түскендей көңіліміз бір жадырап қалды. Ал оған дейін ұрысып тастай ма деп қорқып тұрғанбыз. Олай дейтінім, Парламентке сайлау алдында Шерағамен бірге ел аралап, үміткеріміз ретінде қасында қолғабыс етіп жүрген кезіміз де көп болды. Қай аудан, қай ауыл, қай отбасы екені есімде жоқ, сондай бір сапардан аттанар кезде дастархандағы тағамдар мен сусындарды қоржын-қоржын ғып әкеп: «Мынау Шераға өзіңізге» деп мәшинеге салып жатқанда Шерағаң:
– Мұның атын долылық дейді! – деп, жол азықтан үзілді-кесілді бас тартқаны есімізде.
Ал біз, қасындағы «нөкерлері», ішімізден «қап-ай» деп, өкініп қалдық. Өйткені дастархан басында жей алмаған, іше алмаған «жылы-жұмсақтардың» бәрін дорбаға салып беріп еді. Ал біз соны былай шыға бере емін-еркін «қылғытамыз» деген дәмемен емініп, емексіп тұрғанбыз.
Қайран Шераға! Қасыңызға ілескен он-он бес жылда талай-талай ғибратты бізге ешқандай академиясыз-ақ үйретіп кеттіңіз ғой.
Қазір Сіздің Иликоңыз соқталдай азамат болған. Бүгінде оның да Сардар мен Айдар деген екі ұлы бар. Өзі Жуалы аудандық аумақтық инспекциясының басшысы. Шабандоз боп өсіпті. Сіз де жылқы малына құмар едіңіз. Талаптыға барып, өзіңізбен асықпай әңгіме-дүкен құрғанымда «таң азанмен биенің сүтін ішіп аламын да, атқа мініп Ақсай мен Көксай жаққа барып қайтам» дегеніңіз есімде, сол сияқты Илико да атты жақсы көреді екен, көкпар тартып, бәйгеге жүйрік қосуға да бейіл. Қансонарды құр жібермейтін айтулы аңшылығы да бар. Сірә, Сізге тартқан-ау!
Шераға!
Туған еліңіз бүгін Сіздің қырқыңызды беріп, Құран бағыштап жатыр. Алла тағала халқыңыздың тілегін қабыл етіп, жаныңыз жәннатта шалқысын.
Әумин!

Талапты ауылы,
Жуалы ауданы.

Қаламгер-қайраткер биігі

Елінің біртуар тұлғасы дүниеден озғанда, халық мұхиттай толқып, күңіреніп кетеді. Шерағаңның пәни жалғаннан өтуі де сондай құбылыс болды. Бұл күндері облыстық «Аq jol» газеті жазғандай, «Алатау аспаны тұнжырап, Мыңбұлақ алқабы мұңайды».

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,филология ғылымдарының докторы, профессор.

Өз басым Шераға жөнінде жазылған баспасөз, сайт материалдарын шама-шарқымша жинай беріппін. Халықтың қайғысын да, әріптес жазушылардың мұң-шерлерін де, ақыретте айтылар ақиқат бағасын да осыдан іздесем керек. Баспасөз де, телеарналар да, сайттар да Шерағаң туралы жүрекжарды лебіздерді жарыса жариялап, ақтарыла айтты, кей тұстарда Шерағаңның өз сөздерін беріп, оның мемлекетшіл қадір-қасиетін аша түсті, ақындардың аза өлеңдерін халыққа ұсынды.
Шерағаңмен қоштасу рәсімінде ел аузында жүретін тосын құбылыс та байқалды. 90-нан асқан Әбекең, қазақ әдебиетінің дүр жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов Шерағаңды тік тұрып, ақыреттік сапарға шығарып салды. Қолындағы таяғы, дір-дір етіп тұрған аяғына қарамастан, марқұм інісіне деген ізеттілігін, құрметін, сыйластығын көрсетіп, бос тұрған орындыққа рәсімнің соңына дейін отырмады.
«Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабек Instagram-дағы парақшасында Шерағаңның жұма намаз кезінде айтқан соңғы өсиетін халыққа жеткізді. Онда ол былай депті:
«Дүние ойлап тұрсаң шолақ екен,
Адамзат бір-біріне қонақ екен.
Бір-бірімізге қонақпыз. Дүние өтеді де кетеді, бірақ ақыры қандай болады? Соны ойлау үшін келіп жүрміз…»
Апыр-ай дерсің. Әулие ғой, Шераға! Оның Таразда өткен 80 жылдық мерейтойында айтқан сөзі де халық жадында. Дүйім жұртымен қоштасқандай болған бұл сөзі де ұмыт қалмай, газет бетінде берілді. Осыдан алты жыл бұрын Тараздағы «Баласағұн» сарайында өткен мерейтойында Шерхан Мұртаза: «Құрметті, қасиетті халқым! Бүгін ұзақ уақыт бойы неше түрлі мақтау сөздер айтылды. Соның бәрін құлағымызға құйып жатырмыз. Артығы да бар. Кемшілігі де жоқ сияқты бірақ. Осының бәрін бойға сіңіріп, електен өткізу үшін де уақыт керек сияқты. Маған деген жылы лебіздеріңізге рахмет! Рас, мен – елімнің бақытты азаматтарының бірімін. Адамда арман біте ме? Сондықтан жақсылықты алдан күтемін. Болашақтан күтем. Болашақ аспандағы керемет, нұрлы әлем сияқты шақырып тұрады. Кім біледі, бір заманда мен де аспанға ұшып кетермін. Мен болмасам, менің рухым осында болар. Өйткені Шолпан жұлдыз жиі түсіме кіреді менің… Алдымыздан жақсылық күтейік! Аман-есен, саламат болып, жақсы заманға жете берейік! Бәріңнің басыңа бақ қонсын!» – деген-ді.
Шерағаңның қазасында, қоштасу рәсімінде оның азаматтық тұлғасына, шығармашылығына қатысты таза көңілден шыққан әділ бағалар, пайымдаулар айтылды. Соның ішінде көзі тірісінде айтылған марқұм Әбіш Кекілбаевтың баға беруі бөлек. «Abai.kz-те» жазушылық қуаты, дарыны бөлек інісінің «Алғадай азамат» атты мақаласы қайталанып басылды. «Ол бәріміздің қолымыздан келе бермейтін істерді тындырды. Бәріміз тәуекел ете бермейтін істерге тәуекел етті. Сондықтан да бәріміз жете бермейтін абыройға жетті» деп жазыпты рухани інісі. Мұны жүректің батылдығы, тазалығы дейміз бе?! Әйтеуір, мейлінше сирек, арда азаматқа ғана тән қасиет. Қазіргі уақытта тіпті жоқтың қасы. Заңғар жазушы М.Әуезовтің жастарға деген қамқорлығы, әділ бағасы осындайда ойға оралады екен.
Ақын, драматург Нұрлан Оразалин: «Қазақ әдебиетінің қасиетті кеңістігінде Шерхан Мұртазаның өз биігі бар!» деп жазыпты қазақ жұртына көңіл айтуында. Біздіңше, бұл да айдай шындық. Шерағаңның көркемдік әлемін енді ешкім қайталай алмайды. Оның Тұрар Рысқұловы қазақтың бақытты тұрмысы үшін алысқан алаш ардақтыларының қатарын толықтырса, Айшасы қазақ әйелдерінің жарқын образдар галереясын байытқан көркем бейнеге айналды. Ал Шерағаңның әңгімелері – ғажайып дүние. Аударма өнері – мектеп.
Шын көңілден ақтарылып түскен жазушы Әкім Таразидің көңіл шерін бейжай оқи алмайсың: «Қаламдасыңның қазасына көңіл айтуға көтерген қаламдай ауыр нәрсе жоқ-ау, сірә!?. Ал Шерағамның қазасы маған қатты батып отыр. Ештеңе айта алар емеспін, ауыр қаламды көтере алар емеспін. Сондықтан мені кешіресіздер деп ойлаймын. «Әй, Әкімбай!» деп еркелетуші еді. Бір-ақ жас үлкендігімен өмір бақи аға болып, өмір бақи ағалық биіктіктен аласармай өтті, Шерағам! Не деген қасиетті адам! Шерағамның еңбегін бір ғана журналистикаға, бір ғана редакторлыққа, бір ғана жазушылыққа, тіпті бір ғана әдебиетке байланыстырып айту жеткіліксіз. Оның тұла бойы, тұтас болмысы қазаққа қызмет етті. Енді оны толықтай зерделеу де мүмкін емес шығар», – дейді тағы бір ақиқатты алдыңа жайып салып. Шындық қой. Әкім Тарази ағаның сұңғыла көңіліне риза боласың. Түйіп айтқан осы бір ауыз шындық – мәңгілік ғұмыры басталған Шерағаңның мұрасын зерттеудегі ендігі ең басты өлшем, Темірқазық болса игі.
Жазушы Мархабат Байғұттың рухани ағасын іздеуі өзінше өріліпті. «Мен Сізді жақында, туған күніңізде түсімде көріп ем… Тау пістелі ауылындағы мәрмәр тасқа қарап тұр екенсіз. Онда: «Шерхан Мұртаза мен Насыр Фазыл бастаған жазушылар баудың негізін 1995 жылы қалаған» деп жазылған ғой. Сол қызылкүрең мәрмәр тасқа қараған күйіңізде: «Мені Шолпан жұлдыз, таңғажайып Таңшолпан шақырып жатыр ғой…» дедіңіз күбірлеп. «Асықпасаңызшы, аға…» дегендеймін. Алайда өз даусымды өзім естімеймін, сіз де естімедіңіз. Ал бүгін…» дейді өксігін баса алмай.
Журналист Қали Сәрсенбай: «Егеменге» шақырып, жолымызды ашты. Солқылдамай турасын айтатын қасиетінің арқасында біз де батыл жазатын болдық» деп, тау тұлғалы ағасының тағы бір шындық сипатын алға тосады.
Ендігі бір сайттарда Шерағаңның өз жазбаларына орын беріліпті. Алмас қылыштай өткір сөздер, шындық көріністер жаныңды астан-кестен етеді. Көкейіңдегі ой, сезінген шындық қой, бірақ айтуға ділің жетпеді, не байыбына терең бойлай алмадың, бірақ білесің, сезесің. Енді сол шындық жайт Шерағаңның аузынан шығып, не мөлдіреп қағаз бетіне түскенде, дәл ойыңның үстінен түскен ой-толғам – өз ортаңа, замандастарыңа сыншыл көзбен қарауға бағыт сілтейді. Осы біз тым үстірт ойдың, жеңіл сезімнің жетегінде жүрген жоқпыз ба? Ел, жұрт, ұлт алдындағы жауапкершілікті қаншалықты сезінеміз. Енжарлық бойымызға дендеп еніп күшейіп кетпеді ме? Барлық нәрсені өзге біреу жасап беретіндей көретін тоқмейілсу қайда алып барады? Шерағаңа құлақ түрейік:
«Байлық өз қолымызда. Бірақ бүйіріміз неге томпаймайды? Қарнымыз қабырғамызға неге қабысып қалды? Осылай дей бастасаң басшылар ашуланады. Өйткені олар ел аралап жүріп өткен жердің бәрі жайнап тұр. Ел тоқ, киім көп, жұрт тыныш, күнде думан, күнде той. Мұның атын «Потемкин деревнясы» дейді.
Шекспирдің даналығы еске түседі «Қылмысты алтынмен көмкеріп қойсаң, заңның найзасы майысып қалады». Көк соққанда, біздің найзаларымыз әсіресе майысқақ келе ме деп сескенемін».
«Қазір мен «Егеменбіз, Тәуелсізбіз» деген шырын сөздерге бұрынғыдай масаттанбайтын болып барамын. Ол – ол ма, азаттық алғанымызға да сенім азайды. Алматыда жүрсем де шетелде жүрген сияқтымын. Қала толы жарнама. Бұрын орысшасы көпте ептеп түсінуші едім, енді не жазу екенін мүлде түсінбеймін.
Самайға ақ кіріп еді, мұрт та ағара бастады. Ұялған ұрыдай болып қастың бір талы да ағарыпты. Сөйте-сөйте… сүйек те ағарады-ау…»
«Мадақтасаң да, қарғасаң да Жарық Дүние деген – осы. Жарық Дүниеге ешкім өз еркімен келмейді. Тағдыр айдап келе қалса, оған ата-анасы, жанашыр, жақындары қуанады. Шамасы келсе, тойхана жасайды. Бесік тойы, тұсаукесер тойы, тағы-тағылар өмір бойы жалғасып барып, Жаназамен тәмәм-тауыс болады».
Жазушының өткір ойлары қазір де еш мәнін жойған жоқ. Кім-кімді де ойлантады, шындыққа жетелейді.
Шерағаң жөнінде бұл кезде біраз аза өлеңдері де жазылды. Соның бірі – «Qazaquni.kz» сайтында жарияланған ақын Серік Ақсұңқарұлының өлеңі.
…Бөріден –
Бөрілінің байрағынан,
Ата жау сескенетін айбарынан!
Жасынның Оты лаулап тұрушы еді, –
Шағылған Күнге Алтын Айдарынан…
Хош, Қараорманымның Арыстаны!
(Алаштың қай жауымен алыспады?).
Келмеске о да кетіп, енді бізге
Заманы Арыстанның алыстады… –
дейді ақын күңіреніп.
Туған жері де, елі де Шерағаңды қабырғасы қайыса жоқтады. Оның бүкіл шығармасында туған жерінің көркем табиғаты мен мінезге бай адамдары алуан қырымен, тағдыр-талайымен суреттелетін еді ғой. Қайсар рухты қаламгер туған жерін бәрінен биік қоятын, сүйіспеншілікпен жырлайтын. Дүйім жұрттың сұлулығын айтып аузының суы құритын Швейцарияға да теңгермейтін.
Туған елі де қаламгерін құрмет тұтты. Соның бір көрінісі Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығының ашылуы дер едік. Сол кездегі оқу орнының басшысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Асқар Абдуалының қолдауымен жүзеге асқан бұл игі істің басы-қасында болғанымызды көңілге медеу тұтамыз. Сонда алдымен Астанадағы Шерағаңа хат жазып, оның келісімін алғанбыз. Інісі болып келетін Бекет Момынқұловтың белсенді араласуымен жазушының бума-бума қолжазбалары мен әр алуан қағаздарын, фотосуреттерін орталыққа алдырғанбыз. Шерағаңның да Таразға келген уақыты. Орталыққа жиі келеді. Орталық екінші үйіндей болып кеткен. 2009 жылдың қыркүйегінде ғылыми орталықтың ашылуы облыстағы үлкен мәдени жаңалыққа айналған. Алматыдан, жан-жақтан қаламгердің замандастары, рухани інілері келді. Жазушыны құрметтейтін қарапайым жұрт пен студенттер ғимаратқа сыймай кеткен. Халықтың Шерағаңа деген қошеметінде есеп жоқ еді сонда.
Кейін филология ғылымдарының докторы, профессор Ерболат Саурықов басқаратын университетте «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы өзінің тың өрісін ашты. Бүгінде Шерағаңның көпшілікке беймәлім құнды жазбалары «Қазақтың Шерағасы» атты жинақтар топтамасына айналған. Жазушы бойында қайраты бар тың кезінде ғылыми орталыққа жиі келетін. Күндей күркіреп студент жастарға ғибратты әңгімесін айтатын.
Өткен күндер өтті. Жазушының мәңгілік ғұмыры басталды. Осындайда көкейге келетін ой-тілек – Шерағаңның табанының ізі қалған Талаптыдағы үйі мемлекеттің қорғауына алынып, тамаша музей-үйі жабдықталса, қанеки. Л.Толстойдың «Ясная полянасы», М.Шолоховтың туған жеріндегі мемлекеттік қорық-музейі ұлттық мақтанышқа айналып отыр емес пе?! Мұндай жақсы үлгі-дәстүр біздің елде де бар. Тарихтың тереңінен сыр шерткен Абайдың, М.Әуезовтің музей-үйлері – үлкендердің де, жастардың да ғибрат мекені. Ал бүкіл ғұмырын, қызметін ұлтына, оның келешегіне арнаған Шерағаң бұған толық лайықты ардақты тұлға деп білеміз.

«Құрмаштың құртын Қонаев жеген» дейтін…

Құрмаш МҰРТАЗАҚЫЗЫ, қарындасы:

– Шерхан 5 жасында, мен 3 жасымда әкеміз ұсталып, айдалып кетті. Ерте есейдік. Айша анамыз үш баламен жесір қалды. Айша жастай жесірлік азабын, біз жетімдік қасіретін шектік. Шолақ белсенділер шешеме күн көрсетпеді. Анамыздың шашы ұзын болатын. Атқамінерлер ұзын шашынан талай сүйреп, қорлады ғой. Соғыс жылдары татқан азабымыз ше, еш ұмытылмайды. Қайта Сәтжан деген жарамды нағашымыз бізге болысатын. Оның баласы Сейсен осы Әулиеатада полицияның бастығы еді. Сол Шерханды интернатқа алдыртты. Шерхан интернатта жақсы оқып, әрі қарай алып кетті. Одан Мәскеуде жұрттың қолы жете бермейтін университетте оқығанын білесіздер. Сөйтіп, бірте-бірте жетілдік. Анамыз да ауыр күндерден арылды. Бірақ аурушаң еді. Бір дәтке қуат ететіні – Шерханның үлкен қаламгер, бас редактор болғанын көрді, балаларының, немерелерінің қызығына сүйсінді. Айша анамыз 1988 жылы тамыз айында 79 жасында өмірден озды.
Шерхан бауырым менің шаңырағыма да жиі келетін. Соңғы сәтке дейін. Бір жолы: «Шешеме қарадың. Шешемді асырадың», – деді. Өзі ылғи сыртта жүрді ғой. Анамызбен бір ауылда тұрғанымызды, жанашыр болғанымызды айтқаны болар. «Тереңсайдан жас күніңде су тасимын деп бойың да өспей қалды ғой сенің» дейтін көңілді кезінде әзілдеп. «Бұл Құрмаштың өз қолымен жасаған құртын Қонаев жеген ғой» деп көтермелеп, аспандатып, еркелетіп жүретін.
Ол жағдай былай болған. Жуалыға бірде Дінмұхамед Қонаев келетін болып, үлкен дайындық жүріп, дастархан жасалады ғой. Ауыл белсенділері біздің үйден жарты қалта құрт алып кетеді. Қонаев сол сапарда өте асығыс екен, сықиып жайнап тұрған дастарханға көп бөгелмей, «Анау құрттан бес-алтау алайыншы, кішкентайларға», деп мен жасаған құрттан алыпты. Шерханның қоймай айтып жүргені сол. Көңіліме қарағаны ғой.
Бір жолы: «Немере сүйдің, шөбере сүйдің. Сенің күнің менің күнімнен жақсы ғой», – деп кетті. Осы күні «Неге олай айтты екен?» деп ойлаймын. Шерханның үйіндегі Мария жеңгеміз өте жақсы адам еді. Жаны қалмайтын. Ол жеңгемнен көп жылы ілтипат көрдім.
Алматыға бір барғанымда үйге жазушы Оралхан Бөкейді ертіп келді. Сол Оралхан Бөкейді Жуалыға, Мыңбұлаққа да ертіп келген. Ағам екеуі мақтап отырып біздің үйде сақырлап қайнаған самаурынның шайын ұзақ ішкен.
Шерханның ұл-қыздарыма шапағаты көп тиді. Сәулені де, Жанатты да жақсы көрді, оқытты, қамқор болды. Соңғы сәтке дейін хабарын үзген емес. Жағдайымды біліп, іздеп тұрды.
Ағамның жатқан жері жайлы, жаны жәннатта болғай!

«Көкем жайлы тоқтамай
айта берем…»

Әлижан МҰРТАЗАЕВ, немере інісі:

– Шерхан көкем мені ерекше жақсы көрді. Ол кісі жайлы тоқтамай айтуға бармын. Кішкентайымнан еркелетіп, өзіне жақын тартты. Жасымның кішілігіне қарамай санасып, сыр тартып, ашық сөйлесетін. Қателік жасасақ кешірімді болды. Маған жасаған жақсылығы көп. Үйінде жаттық. Алматыдағы Халық шаруашылығы институтында 5 жыл оқығанымда жастықпен талай жағдайларға тап болғанымыз бар. Сол кезде сөзге келмей, мәселемді оң шешіп жүрді. «Тыныш жүрмеймісің» дейді. «Көке, өздері ғой, өздері» деймін. «Иә, өздері оңбаған ғой. Әйтпесе, сен жақсы баласың» деп сөздің аяғын әзілге бұратын. Осы әзілдің өзі өңменімізден өтіп, қайтып қателеспеуге, бұзық болмауға тырысатынбыз.
Институт бітіріп, туған жерге оралдым. Көкемнің көп жақсылығын көрдім. Бірақ қызметке келгенде ол кісінің жеңілдігін, беделін пайдаланған жоқпын. Қарапайым қол жеткен жұмыстан қызметті бастадым. Ол кісі өте бауырмал, балажан еді. Сұсты көрінгенімен, іші, жүрегі тола мейірім. Жуалыға жиі келетін. Ол секілді жазушы, қайраткерлер шетелде демалатынын білеміз. Ал ол Мыңбұлағын ештеңеге айырбастамайтын. Ауылға келіп, атқа мініп, қымыз ішіп, серуендеп, мәре-сәре болатынбыз. Бауыры Батырханды, Құрмашты көріп мәз болатын. Жуалыда да біраз туындысын жазды. Жағдай талғамай жаза беретін. «Қызыл жебені» жазарда көп ізденді, ауыл қарияларынан жалықпай мәліметтер сұрады. Осы біледі-ау деген кісілерді қалдырмай, ақпарат алды. «Ай мен Айша», «Бір кем дүние» кітаптарының бірқатар тараулары Жуалыда жазылды.
Біз ағамызбен мақтанамыз. Бақұл бол, көке!

«Дүмбіл қайнатып беруші едім…»

Әризат МҰРТАЗА, немере қарындасы:

– Біз ол кезде Көлбастау ауылында тұрдық. Шерхан көкем біздің кішкентай үйімізге моншаға түсуге келетін, біздің тапшанда жатып демалатын. Әрине, монша таппағаннан, тапшанға зәру болғаннан емес қой. Жағдаймымызды білуге асығатынын сезетінбіз. Аядай шарбаққа жүгері өсіреміз. Көкеме дүмбіл қайнатып беруші едім. Шерхан көкем сол ықылас-пейілімізге керемет сүйсініп, риза болатын. Студент күнімізде жазғы демалыстарда Алматыда, Шерхан атаның үйінде жүретінбіз. Ата сол кезде де бізді қыдыртып, қабағымызға қарайтын. Азанда ол кісіні қызметтік көлік үйден алып кетеді жұмысқа. Оған біз қызығатынбыз. Өскенде Шерхан көке секілді бастық болғымыз келетін.
1988 жылы «Бесеудің хаты», «Сталинге хат» драмалары үлкен театрларда емес, Алматының шағын Мәдениет үйлерінде қойылатын. Сол қойылымды көруге барып, Шерхан атамен мақтанып жүретінбіз.
Мен Айша ананың да ерке қызы болдым. Шерхан көкем де еркелетті. 1986 жылы Таразда студент едім. Жастарға қосылып Тараздағы орталық алаңға шыға жаздағаным бар. Оны кейіннен Шерхан ата естіп, ауылға келген сайын «Міне, батыр қызымыз осы» деп, мені аспанға көтеріп, еркелететін еді. Кіші баламның аты – Шадияр. «Шадиярға тиіспеңдер! Ол – қасиетті есім. Пайғамбардың төрт шадияры болған» деп қайталап айтып отыратын.
Біз Шерхан көкемді көп сағынатын боламыз. Енді кім ол кісі сияқты мейіріміне бөлеп, жылы шуағын шашып үйге келер екен. Шерхан атаның жатқан жері жайлы болғай!

 

Қайғырып қарт Қаратау теңселеді

Шырын
МАМАСЕРІКОВА,
ақын.

Туған ел тек өзіңмен еңселі еді,
Шераға өлді деуге кім сенеді?
Халықтың қабырғасы сөгілгендей,
Қайғырып қарт Қаратау теңселеді.

Парасат өлкесінің көсемі едің,
Майқы би бабамыздай шешен едің.
Қазақтың қамы үшін жүрегіңді,
Жұртыңның табанына төсеп едің.

Алашқа руханият абызы едің,
Атақты Бауыржандай аңыз едің.
Ар-намыс, ақиқатқа қорған болған,
Айбарлы арыстанның нағызы едің.
Шындықтың шаттандырып шаңырағын,
Ояттың асыл сөздің әруағын.
Көрсетіп тұрсың бүгін даналар да,
Тағдырдың жазуына бағынарын.

Тырсылдап сағат тілі соқпағандай,
Тіршілік көші бір сәт тоқтағандай.
Түнеріп тұнжырайды табиғат та,
Өзіңді жұртпен бірге жоқтағандай.

Даланың дарабозы, ақтаңгері,
Кітапты артық көрген тақтан гөрі.
Асқар тау аласармас ешқашан да,
Ағаның пейіш болсын жатқан жері!

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support