Жайдары Жаз қызығы аяқталып келеді

Балғындардың тоғыз ай оқып, тоқсан күн демаламыз деп асыға күткен жазғы каникулы да бітуге таяу. Санаулы күндерден соң сабақ басталады. Балалардың жаңа оқу жылында білім алуға тың күш, сергек санамен кірісуі үшін демалыс қалай ұйымдастырылды? Облыстық білім басқармасының тәрбие және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Гүлзира Дәрібаевадан осы жөнінде сұрадық.

– Бала түгілі, үлкендердің өзі сағына күтетін жаз айларында мектеп оқушыларының демалысы қалай ұйымдастырылды, жеткіншектер бос уақытын тиімді өткізе алды ма?
– Үш ай каникулда балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру бойынша өңірлік жоспар бекітілген. Соған сай облыста 826 сауықтыру лагері мен алаңдары жұмыс істеді. Бүгінгі күні 373 мектеп жанындағы, 453 демалыс алаңдары мен 10 қала сыртындағы лагерьлер жұмыстарын аяқтады. Барлық іс-шараларға 1-10-сыныптың 203 мыңнан аса оқушысын қамту жоспарланған. Жоспар орындалды.
– Оқушылардың бос уақыттарын тиімді пайдалануы бойынша қандай жұмыстар жүргізілді?
– Жалпы балалардың сауықтырылуы 2 бағытта жүргізілді. Бірінші бағыт – жазғы лагерьлерде демалыс ұйымдастыру. Биыл 184,4 мың оқушы сауықтыру орталықтарында демалды. Пайызға шақсақ – 90,7. Былтыр бұл көрсеткіш 173,6 мыңды құрап, 88,3 пайызды көрсеткен еді. Сондай-ақ ата-аналар мен демеушілер есебінен де демалғандар бар. Олардың саны – 4,5 мың.
Екінші бағытта балалардың демалысы мен бос уақыттарын ұйымдастыру шараларына 158,3 мың оқушы тартылды. Өткен жылы 117,9 мың еді, биылғыдан 18 пайызға төмен болған екен. Атап айтсақ, олар туристік саяхаттар мен экскурсиялар, спорттық жиындар, мектептер мен мектептен тыс білім мекемелеріндегі тіл үйрену, өнер бағыттары, еңбек жасақтары, әртүрлі үйірмелер мен аула клубтарына қатысты.
Қ.Сарымолдаев атындағы №1 балалар үйінің 95 тәрбиеленушісі 7 тәлімгер және медицина қызметкерімен бірге Байзақ ауданындағы «Бәйтерек» балалар демалыс орталығында демалды. Шілде айында 51 бала «Балдәурен-Қапшағай» республикалық оқу-сауықтыру орталығына барып қайтты. Сонымен қатар 4-15 маусымда Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің базасында жаз мезгілінде жасөспірімдер арасында жасалатын құқық бұзушылықтың алдын алу және болдырмау мақсатында Тараз қаласы мектептерінің 8-11-сынып оқушыларына арналған оқыту-тренингтік сабақтары өтті.
– Гүлзира Лесбайқызы, осы іс-шараларға қанша қаражат қарастырылды?
– Балалардың жазғы демалысы мен сауықтыру іс-шараларына 289 миллион теңге жергілікті бюджет есебінен қаралған. Оның ішінде лагерьлер мен орталықтардың материалдық-техникалық базаларына қажетті қаржы ескерілген. Жалпы мектеп жанындағы және қала сыртындағы лагерьлерде 181542 бала демалды.
– Аз қамтамасыз етілген отбасыдан шыққан балаларға қандай жеңілдіктер жасалды?
– Биыл шілде-тамыз айларында Астана қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысына 482 баланы экскурсияға апару жоспарланған. Оның 67-сі Астанаға барса, 70 бала Солтүстік Қазақстан облысына өңіраралық өлкетану экспедициясына тартылды, 345-і демеушілер есебінен экскурсияға шықты.
Облыс көлемінде өткізілген ішкі туризмге, яғни ауданаралық киелі жерлерді аралау экскурсияларына 1674 оқушы қатысты. Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ауыл тынысы – қала тіршілігі» әлеуметтік тәжірибе жобасы бойынша 10 мың бала қала және ауыл тіршілігімен танысты. Республикалық лагерьлер мен орталықтарға 660 жасөспірімді жіберу жоспарланған. Бүгінгі күні соның 420-сы демалып келді.
Жекелеген санаттағы балалардың демалыспен қамтылуы 100 пайызды құрады. Атап айтсақ, жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған – 1471 (100%), аз қамтылған отбасылардың 26595 (100%), білім, өнер, спорт салаларында үздік нәтиже көрсеткен 44063 (100%) және девиантты мінез-құлықты 1113 (100%) жеткіншек бос уақыттарын тиімді өткізді.
– Аптап ыстықта бала біткен су жағалап, күн батқанша шомылудан жалықпайтыны анық. Суға шомылу қауіпсіздігі жайында не айта аласыз?
Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп шомылуға тыйым салынған
орындарда 158 ескерту белгі мен 15 билборд орнаттық. Сәуір айында төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп бейнеконференция, судағы қауіпсіздік тақырыбында сынып сағаттарын өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Ескерту жасап, абай болуға шақырсақ та, балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандарымен бірлесіп ата-аналар арасында ақпараттық іс-шаралар жүргізсек те, оқыс оқиғалар орын алуда.
Былтыр отбасындағы түрлі себептерге байланысты облыстың су айдындарында 21 бала суға кеткен (1 жастан 5 жасқа дейінгі – 8, мектеп жасындағы – 13 бала). Биыл да орын алған келеңсіз жайттар бар.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Альмира ОМАРОВА.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/