- Advertisement -

Күш – білімде,

921

- Advertisement -

Білім — кітапта

Ілгерідегі, анығын айтсақ, аға буын өкілдері бойынан табылатын кітапқұмарлық біздің де бойымыздан табылар ма екен? Ол кезде әдебиетшілер, журналистер, қаламгерлерді айтпағанда, барлық көкірегі ояу жандар көркем әдебиеттен бас алмаған деседі. Осындайда бала күніміз еске түседі. Шопанның баласы едік. Қойшылардың көпшілігі етігінің қонышына газет қыстырып, қоржындарынан кітап тастамай жүретін. Келген деген көкеміз болды. Аурушаң кісі. Көмекші шопандар қатарында. Бірақ әдеби кітап оқудан алдына жан салмайтын. Кітаптардың атын, кейіпкерлерін жатқа білетін. «Пәлен кітаптың пәленінші бетінде мынандай сөздер жазылған» деп айтқанда таңданасың. Кейін сол кітапты тауып алып қараймыз. Әлгі беттерде Келген көкемнің тілге тиек еткен сөздері жазылған. Ол кезде кітапқа құштарлық осындай еді. Ал қазір ше? Әрине, мүлдем кітап оқымаймыз деп айта алмаймыз. Шығармашыл жастардың арасында кітапқа құмарларын көзіміз шалып қалады. Арайлы Жақсылық, Нұрсұлтан Рахымбай, Жұлдыз Молдағалиева сол санатта. «Кітап – біздің рухани азығымыз» дейді олар. Рухани азықты емес, материалдық дүниені көбірек ойлап кеттік қой. Ал кітап оқығандар өзгеше қалыптасады. Әлеуметтік желілерден де электронды кітап оқу мүмкіндігі пайда болды. Ол қағаз үлгіні алмастыра ала ма? Кеңінен таратайық.

Тілегенің «Шоқаннан», іздемей-ақ табылар

Өңір тұрғындарына жаңа өркениет көшіне сай қалыпты қызмет етіп, жұмыс үдерісінде жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы заманның ағымына ілесуге тырысып, көп салалы толыққанды ақпараттармен оқырмандарды қамтамасыз етіп отырған Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы бар. Ондағы қызметшілер өз қызметін мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, болашақ ұрпаққа мемлекеттік, рухани және қоғамдық оқиғалардың маңыздылығын жеткізу бағытында үйлестіруде.
Бұл руханият ордасының 120 жылдық тарихы бар. Яғни 1898 жылы Әулиеата қаласында қоғамдық кітапхана болып ашылған. Әуелде қорында 460 дана кітап, 4 газет, 10 журнал болған. 1965 жылы 11 мамырда кітапханаға Шоқан Уәлихановтың есімі берілген. Содан бері өңір тұрғындарының рухани сусындайтын орталығына айналған облыстық кітапхана қызметкерлері оқырман сұранысын қанағаттандыруда аянбай еңбектенуде. Қазіргі таңда мұнда 243228 дана кітап қоры болса, оның 68134 данасы мемлекеттік тілде. Жылына 17700-ден астам жаңа оқырман тіркеледі.
2013 жылы Тараз қаласы тұңғыш рет «Кітапханалар астанасы» болып танылып, «Жаңа қоғамдағы кітапханалық инновациялар» атты республикалық конференция өткізілді. Оған ұлттық, облыстық, орталықтандырылған қалалық, аудандық, ауылдық және жоғары, арнаулы оқу орындарының, сонымен қатар Мәскеу, Белоруссия, Польша елдерінің 422 кітапхана қызметкері қатысты. Конференция барысында «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының қолдауымен Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Түрік мәдени бұрышы» ақпараттық-қор орталығы ашылды.

Еңбектің еленгені жақсы

Кітапханадағы халыққа ортақ қазына ретінде сақталған бай мұраны өлке тұрғындарының игілігіне айналдыру, өңір тұрғындарының рухани кемелденуін арттыру мақсатында жұмыс атқарып жатқан облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы – республикамыздың алдыңғы қатарлы кітапханаларының бірі. Тындырған тірліктердің еленіп жатқаны қуантады. Мысалы, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мерекелік медалімен кітапхана директоры Эльмира Әбдінова, өнер жөніндегі әдебиеттер бөлімінің меңгерушісі Қарлығаш Тастемірова марапатталды. Облысымыздың үздік кітапханашылары «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісіне ие болса, Ұлттық академиялық кітапханасының 10 жылдық мерекесі аясында «Қазақстанның үздік жыл кітапханашысы» байқауына белсене қатысқаны үшін кітапхананы дамыту бөлімінің меңгерушісі Ж.Жетпісбаева сертификат алды. Кітапхана ұжымы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясына белсенді қатысқаны үшін Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Мұңалбаеваның Алғыс хатымен марапатталған.

Бродкастинг –
жаңашылдық жемісі

Заман талабына сай кітапхана жұмысына жаңалықтар мен тың өзгерістер енгізу арқылы заманауи кітапхананың концептуалды моделін құру керек-ақ. «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан кітапханалары – заманауи білім орталықтары» бастамашыл жобасы аясында Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында бродкастинг залы ашылды.
Қазақстан кітапханаларының жаңа моделін енгізу мақсатында аталмыш ұжымның ұйытқы болуымен облыста кітапхана – көп функционалды «коворкинг» орталығы жобасы аясында ауылдық кітапханалар жанынан «коворкинг» орталықтары ашылып, қазіргі уақытта 29 кітапхана мобильді стандартқа көшірілген. «Бір аптада – бір кітап» акциясы тұрақты өтеді. Атап айтқанда, олардың қатарында Таластағы Ақкөл, Т.Рысқұлов ауданының Қарақыстақ және Құмарық, Жамбыл ауданындағы Айша бибі, Сарысу ауданындағы Саудакент, Жуалы ауданындағы Сұрым және Байзақ ауданындағы Дихан ауылдық кітапханалары бар. Қордай аудандық Әлжан ана ауылдық кітапханасы да сол санатта. Ал 11 «Үздік ауылдық кітапханалар» тізіміне Байзақ ауданы Ынтымақ, Жуалы ауданындағы Талапты, Сарысу ауданындағы Жайлаукөл, Үшбас, Ұ.Сыздықбаев атындағы, Шығанақ, Талас ауданындағы Ойық, Шу ауданындағы Сауытбек ауылдық кітапханалары мен №1, 2 қалалық кітапханалар енгізілген. Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы авторлық келісімшарт арқылы жергілікті ақын-жазушылардың цифрланған 62 кітабын веб-сайтына орналастырды. Сайтта осы кітаптардың электронды көшірмелеріне жан-жақты қолжетімділік қамтамасыз етілген. Сондай-ақ бұл ұжым Ұлттық электрондық кітапханамен бірегей электронды кітап қорын құру бағытында тығыз жұмыс жасауда. Ұлттық электронды кітап қорына облыстық рухани орталықтағы 204 құнды басылымның электронды нұсқалары жіберілді.
Сонымен қатар кітапхананың бірінші қабатындағы фойеде жастарға арналған демалыс пен ойын-сауық аймақтары ұйымдастырылған. Мақсат – жастарға бос уақытты тиімді өткізуге мүмкіндік жасау, кітапхананың жайлылығы мен тартымдылығын ұлғайту. «Жалпы облыс бойынша бүгінгі таңда 3532034 дана кітап қоры бар болса, оның мемлекеттік тілдегісі 1744438 мың дананы құрайды. Жылына 263 мыңнан астам жаңа оқырман келеді. 603 кітапханашы халыққа мәдени қызмет көрсетуде. Тұрғындарға рухани білім беруде кітапханашылардың еңбегі ұшан-теңіз. Оқырманның бір адамға көбеюі де кітапханашылар үшін үлкен олжа», – дейді аталмыш кітапхана әдіскері Гүлнұр Алтынбекова.

Жасөспірімдер
рухани бай болса…

Облыстағы тағы бір еңселі рухани мекеме – облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы. Мұнда келетін оқырмандар саны да аз емес. Жасөспірімдерге мекеме қызметкерлері қалтқысыз қызмет етеді. 1958 жылдың сәуірінде құрылған мекеменің 60 жылдық тасқа басылған тарихы бар. Облыстық балалар кітапханасының атауы 1978 жылы жұмысын бастаған жасөспірімдер кітапханасымен біріге отырып, 1996 жылы балалар және жасөспірімдер кітапханасы болып қайта өзгертілген. Орталықты алғашқы болып Тамара Сүңгірова 1973 жылға дейін басқарды. Аталмыш кітапхананың жас ұрпақтың ақпараттық, мәдени және қоғамдағы әлеуметтік өзгерістермен үнемі үндесіп отыруы қажет деп біледі. Облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы – Қазақстандағы бұрыннан келе жатқан ең ірі руханият ордасының бірі. Алғаш өз жұмысын бастаған кітапханада төрт штаттық бірлік, үш мыңдай ғана кітап қоры болды. Бастапқыда Рощинская көшесіндегі жеке үйде орналасқан кітапхана өзінің ең алғашқы оқырманын 1958 жылдың 15 қыркүйегінде қабылдапты. Әрине, мекеме қызметкерлері үшін осы тарихтың өзі қызық. Ал 1968 жылы кітапханаға Ташкент көшесіндегі Ж.Жабаев атындағы мектеп-интернатының асханасынан бір бөлме берілген екен. Бір бөлме ғана! Осы жерде кітапхана 1984 жылға дейін жұмыс істеген. Кітапхана 1984 жылы Қонаев көшесінің бойына орын тепті.
Жалпы кітапхана саласының тоқырау заманында көптеген қысқартуларға ұшырағаны барлығымызға аян. Тек 2006 жылдардан кейін ғана салаға көңіл бөлініп, штаттық бірліктер, кітап қорын толықтыруға, материалдық-техникалық базаны жақсартуға, ағымдағы күрделі жөндеу жұмыстарына, мерзімді басылымдарға жазылуға қаржы көлемі ұлғайды. Қазіргі күні кітапхана бес қабатты үйдің бірінші қабатындағы ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Оған 2011 жылы «Жол картасы» бағдарламасы бойынша 11 миллион теңге қаржы бөлініп күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Материалдық-техникалық жағдайы да бұрынғы жылдармен салыстырғанда жақсарып келеді. Соның арқасында кітапханада бірнеше бөлім ашылып, жұмыс істеуде. Мәселен, 2012 жылы «Бүлдіршіндер секторы», 2013 жылы «Электронды зал», «Мерзімді басылымдар секторы», 2014 жылы «Әдістемелік-инновациялық бөлім» және былтыр «Ақпараттық-библиографиялық сектор» мен «Кітап қорын толықтыру, өңдеу және каталогтерді ұйымдастыру секторы» ашылды. Кітапхананың қазіргі кітап қоры 110 мыңнан асады. Жылма-жыл кітап қорын және мерзімді басылымдарды толықтыруға бөлінген қаржы көлемі ұлғайып отыр. Мемлекеттік тапсырыс және «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы республикалық бюджеттен кітапхана қоры толықты.
Жыл сайын кітапхана 5 мыңнан астам оқырманға қызмет көрсетеді. Барлығы заманауи автоматтандырылған техника құралдарымен, жиһаздармен жабдықталған. Кітапхана жұмысын жақсарту және мүмкіндігі шектеулі оқырмандарға қызмет көрсетудің аясын кеңейту мақсатында 2014 жылы автокөлік сатып алынса, 2015 жылы кітапхана ғимаратына мүмкіндігі шектеулі азаматтар емін-еркін кіру мақсатында пандус пен ыңғайлы есік орнатылды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға санитарлық-тұрмыстық бөлмесі лайықтап салынды.
Қазір мұнда ұлт қайраткері Д.Қонаевтың құрметіне арналған еске алу шаралары өткізіліп тұрады. Сонымен қатар «Әлемді кітап арқылы танимын» облыстық байқауы, «100 кітап» және «Отбасылық оқу кітапханасы» жобасы қолға алынса, биыл «Оқу сән» атты фотобайқауы жүзеге асырылыпты. Ал еліміздегі елеулі жобалардың бірі – «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы 2007 жылдан бері өтуде.
Заман талабына сай «Виртуалды кітапхана» жобасы да қабылданып, нәтижесінде кітапхана онлайн режімінде де қызмет көрсетеді. Енді оқырмандарды қызықтырып, кітапханаға көптеп тарту үшін іс-шаралардың жаңа формаларын қолдану керек-ақ. Ал бұл өз кезегінде баланы кітапқа қызықтыратыны сөзсіз. «Кітапханашы үйретуші ұстаз іспетті. Демек, көркем әдебиет арқылы оқушылардың рухани дүниесі байып, халық өсиеттерінен нәр алып, кітапқа деген ынтасы артады. Оқушыларды еліміздің тарихын, оның ғасырлар қойнауында қалған сөз маржандарын, сөз өнерін жан-жақты игеру арқылы адамгершілікке, парасаттылыққа, инабаттылыққа, отаншылдыққа тәрбиелейді. Біздің міндетіміз – балаларды жаңашылдыққа жетелей отырып, өткенді бағалауға баулу. Болашаққа сеніммен қарайтын азаматтарды тәрбиелеу. Сондықтан оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымдастыруда кітапханашылардың да үлесі бар. Олай болса, жақсы кітаптың бар қазынасын оқырман жүрегіне жеткізіп, рухани керегімізге айналдыра білгеніміз абзал. Осы жолда аянбай еңбек ете береміз», – дейді Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры Гүлфайруз Іңкәрбекова.

Есет ДОСАЛЫ

Тілші түйіні:

Біз облыстағы ең ірі кітапханалар жөнінде ой қозғадық. Бұл руханият ордаларына қарап аудандық, ауылдық кітапханалар бой түзейді. Осы кітапханалар оларды өркендеуге бағыттап тұратын бағдаршам секілді. «Кітап – білім бұлағы» дейді. Ал мыңдаған кітаптар жинақталған кітапханаларды терең теңізге теңеуге де болатын шығар. Мұхит десе де артық емес. Сол мұхиттан рухани сусындауға, керегіңізді алып оқуға асығыңыз, оқырман! Кітапханадағы жақсы кітаптар сіздер үшін.

 

«Қазір ешкім кітап оқымайды»
деген бекер сөз

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасында ІТ қызметін көрсетуді дамыту ерекше маңызға ие болып отыр. Жақында Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасында цифрландырылған ақпараттық орталық және бродкастинг залы ашылды. Осыған орай аталған кітапхана директоры Эльмира Әбдінова БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді.
Эльмира Елеусізқызының айтуынша, «Қасиетін жоймаған құнды кітаптарды цифрландыру» жобасы аясында – 5588, «Шоқан асулары» жобасы аясында – 40, жергілікті ақын-жазушылардың 77 кітабы электронды нұсқаға көшіріліпті.
Кітапхананың кітап қоры 243228 дананы құраса, аса құнды кітаптар 10 мыңнан асып жығылады.
Мәліметтерге сүйенсек, «көпшілік кітап оқымайды» дегені бекер сөз екен. Мәселен, бұл руханият ордасында 163442 тұрақты оқырман бар болса, биыл оған тағы 17700 оқырман қосылыпты. Бұл оқырмандар санының уақыт өткен сайын өсіп келе жатқанын көрсетеді.
Сондай-ақ аталмыш кітапхана ұжымы «Жамбыл облысы: адамдар, оқиғалар, фактілер» және «Тарихы терең, еңбегі ерен өлкелік басылымдар» жобасы аясында да жемісті еңбек етіп келеді. Жалпы кітапхананың жұмысы әлеуметтік серіктестік, фандрайзинг, «Паблик рилейшнз» бағыттарын қамтиды. Одан бөлек, облыстық «Жас Отан» жастар қанатымен бірлесіп, «Бір аптада – бір кітап» акциясын да сәтті жүргізуде. Жергілікті ақын-жазушылармен жиі байланыс жүргізіп, кештерін өткізу және жаңа кітаптарын насихаттау ісінде де бұл мекеменің жүзеге асырған жұмыстары ауқымды.
Кітапхана директоры жаңадан ашылған цифрландырылған ақпараттық орталық және бродкастинг залының тиімділігі жөнінде де айтып өтті.

«Aq jol-Aqparat».

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support