«Тараз металлургиялық зауытының» табысы зор

«Тараз металлургиялық зауыты» ЖШС «Sat&Company» АҚ компаниялар тобына кіреді және негізгі қызметінің түрі ферроқорытпа өнімдерін өндіру болып табылады. Кәсіпорын бұған қоса ішкі және сыртқы нарықтық айналым сұранысын қамтамасыз етуге арналған электродты, сондай-ақ жөндеу жиынтықтарын, шлакты құмтас, басқа да өнімдер шығарады. Кәсіпорынның іргетасы оңтүстік аймақта қарқынды металлургиялық өнеркәсіп орнын құру мақсатымен 2006 жылы қаланғаны белгілі. Осынау инвестициялық жобаны игеру барысында мұнда екі балқыту пеші қайта жаңғыртудан өтті. Олар әуеге тарайтын өндірістік зиянды қоқыстарды 97 пайызға дейін кемітетін газ тазарту жүйелерімен жабдықталған.

Ал 2007 жылдың қазан айынан бастап зауытта марганец рудасының қалдықтарын ферросиликомаргнец өндірісінде пайдалану үшін агломерат түрінде өңдеу, жентек өндіру технологиясы өңірімізде алғаш рет қолға алынды. Жылдан- жылға кәсіпорынның әлеуеті де еселену үстінде. Арада өткен 12 жылдың бедерінде жеткен жетістіктері аз емес. Зауыт бойынша металл қорытпа өндірісінің көлемі өткен жылы 32410 тоннаны құрады. Бұл қаржыға шаққанда 11893,3 миллион теңге болады. Осы мерзім ішінде, сондай-ақ 1145,7 теңгенің 10235 тонна электродты жиынтығы өндірілді.
Айта кету керек, соңғы жылдары мұнда № 4 РКО-25 пеші іске қосылды. Кезінде орын алған жалпыәлемдік қаржы дағдарысы мен Украинадан қажетті шикізаттың уақтылы жеткізілмеуіне байланысты оның өндірістік үдерістерінде әредік үзілістер орын алғаны белгілі. Соның әсерінен зауыт өзінің өндірістік қуаттылығын екі есеге дейін кемітіп, ай сайын – 2200, ал жылына 26 400 тонна көлемінде өнім шығаруға мәжбүр болды. Жалпы кәсіпорында осындай қиындықтарды еңсеру ісі әсте тоқталған емес. Ферроқорытпа өндіруде инвестициялық жаңарту және кеңейту жобалары жүзеге асырылуда. Мысалы, екінші № РКО-25 пешін іске қосу айына 4400 жылына 52 800 тонна өнім өндіру әлеуетіне жетуімізге, сонымен бірге өндірістік құрам санын 60 бірлікке көбейтуге де мүмкіндік берді. Қалпына келтіру жұмыстарының жобалық құны 24 миллион теңгені құрайды.
Кәсіпорын еліміз өңірлерімен шектелмей, өз өнімдерін Ресей, Өзбекстан, Қырғыз республикаларына да экспортқа шығарады. Биыл қаңтар айынан бастап бүгінгі күнге дейін 5239,9 миллион теңгенің 13564 тонна ферроқорытпасы, 805,3 миллион теңгенің 5311 тонна электродты жиынтығы, байытылған суферфосфат ұнтақтары өндірілді.
Ең бастысы, зауыттың өнімдері жоғары сапаға ие, жаһандық бәсекелестікке де қабілетті. Бүгінгі күні кәсіпорын жұмысшы қызметкерлерінің құрамы 700 бірлікті құрап отыр. Олар жүз мың теңге көлемінде айлық жалақы алады. Жұмысшылар үшін еңбек қауіпсіздігі шаралары мен тұрмыстық қолайлы жағдайлар жасалынған.

Аида ЖАҚСЫЛЫҚОВА,
«Тараз металлургиялық зауыты»
ЖШС-ның бас директоры.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/