Президент ел азаматтарын карантин режимін қатаң сақтауға шақырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» басылымына берген сұқбатында ел азаматтарын карантин режимін қатаң сақтап, тазалыққа мұқият болуға шақырды, — деп хабарлайды Egemen.kz.

«Бұл індет біздің ғана емес, жалпы әлемдегі адамзаттың бет-бейнесін, тұрмыс-тіршілігін өзгертті. Ауыр дерттің алдында дамыған мемлекеттердің өздері дәрменсіз болып отыр. Оған бәріміз куәміз. Озық деп жүрген Еуропа елдері, азуын айға білеген АҚШ, Азия алыптары – Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, тағы басқа да елдер тығырыққа тірелгендей. Ал қазір, «біз осы індетпен күресте жеңіліп жатырмыз немесе Үкімет ахуалды бақылаудан шығарып алды» деуге болмайды», — деді Президент «Ана тілі» газетіне берген сұқбатында.

Бұдан соң, ол Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұқпалы ауруларға арналған үш аурухана жедел салынғанын айтып өткен.

«Басқа өңірлердегі ауруханалар керек-жарақпен жабдықталды. Науқастарды емдеуге дәрігерлеріміздің біліктілігі жетеді. Қазір, ақ халатты абзал жандар күндіз-түні осы індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүр. Мемлекет тарапынан қажетті қаражат бөлінді. Бір нәрсені айта кетейін, биліктегілер де – өздеріңіз секілді ет пен сүйектен жаралған адамдар. Лауазымды қызметкерлер жұмыс бабына байланысты бірқатар азаматтармен кездесуі керек, сондықтан ел ішіндегі іссапарларға шығады. Сондай жағдайда кеселді жұқтырып алуы мүмкін. Иә, олар да ауырады, науқасынан емделеді», — делінген сұқбатта.

Оның айтуынша, билікте жүргендердің арасынан 15 шақты адам осы дертке шалдыққан.

«Қазіргі статистика бойынша, вирус жұқтырғандар саны 20 мыңға жуықтады. Яғни олардың көпшілігі – қарапайым халық. Бұл жердегі мәселе кімнің қалай жұқтырып алғанында емес. Сол азаматтарымыздың ауруын асқындырып алмай, тезірек жазылып шығуына жағдай жасау қажет. Ауруға шалдыққандарды шенеунік немесе қарапайым жұрт деп бөліп қарауға болмайды. Қазақ «Кемедегінің жаны бір» дейді. Біз бір елде тұрып, бір ауаны жұтып, бір қоғамда өмір сүріп жатқаннан кейін ешкім де бұл аурудан өзін толықтай қорғай алмайды. Бір планетаны мекен еткен соң өзге елдегі дерт бізге келмейді деп бейқам отыра алмаймыз. Пандемия шекараға қарамайды», дей келе Мемлекет басшысы ел азаматтарын карантин режимін қатаң сақтауға шақырды.

«Сақтансақ қана өзімізді, жақындарымызды аурудан аулақтата аламыз. Сондықтан ел азаматтарын карантин режимін қатаң сақтап, тазалыққа мұқият болуға шақырамын. Бұл – өтпелі қиындық, уақытша сынақ. Біз осы індеттен және экономикалық дағдарыстан кейін қалай дамимыз, не істеуіміз керек деген мәселеге баса мән бергеніміз жөн», — делінген сұқбатта.

egemen.kz

Comments are closed.