- Advertisement -

Жаз-ата, Шәмші және Мэлс

635

- Advertisement -

Қазақтың аяулы перзенті, композитор Шәмші Қалдаяқов өмірінің соңғы жылдарын Жамбыл өңірінде өткізген. Жамбылға оған дейін-ақ талай тамаша әнімен көпшілікке танылған өңірдің көрікті жерлері мен еңбек адамдары да композиторға шабыт беріп, ән-ағаның рухани байлығы тағы да бірнеше тамаша әндермен еселенді. Тіпті, «Мойынқұмда ауылым», «Фосфорлы Жамбыл», «Дүнген қызы» әндері Жамбыл жұртшылығының гимніне айналып кетті десе де болады. Талай жақсы-жайсаңдармен сырласты, дос тапты, пікірлес азаматтармен иық тіресе қатар жүрді. Шәмші ағаның көне шаһарда өткізген ғұмыры өткен ғасырдың сексенінші жылдарының екінші жартысы мен тоқсаныншы жылдарының басы аралығына келді.
Бір қызығы тура осы кезде қазақ өнерінің өткен ғасырдағы тағы бір композиторы – Мэлс Өзбеков те Тараз қаласының іргесіндегі Айша бибі ауылында бұйығы өмір сүріп жатты. Бұйығы дегеніміз жәй теңеу болар. Әйтпесе, шабыты шалқыма өнер адамы тыныш жатушы ма еді. «Келші, Айым!», «Ақтамақ қарлығаштар», «Жазылбекшілер маршы», «Тобылғы сай» әндерімен танылған сазгердің тынысы ашылып, «Келші, Құланға!», «Сұлутөр аруы», «Көкдөнен тау», «Шал тауында ауылым!», «Көгершін алқабында», «Нәзігім» және тағы да көптеген әндермен жүректерді тербеді. Кейде көңілде Жамбыл өңірін әсем әнмен тербеген осы қос сазгер өмірде бір-бірімен кездесті ме екен деген сауал тұрады. Шәмші де, Мэлс те бір-бірінің шығармашылығымен етене таныс болған жандар. Бірін-бірі жоғары бағалаған.

Жазылбектің шарапаты

Жаз-ата, Жазылбек Қуанышбаевтың атақ-даңқы асқақтап тұрғанда, яғни сонау Мойынқұм өңіріне шопан атаның ақ батасын алуға, тіпті бір күн қонақ болуға ағылған жұртта есеп болмаған. Тіпті, мемлекет және қоғам қайраткерлерінен бөлек, қарапайым еңбек адамдарының өзі Жаз-атаның жүзін көріп, пікірлесудің өзін бақыт санаған. Кейде құшағы қазақтың даласындай кең, пейілі дархан, жүзінен мейірім төгіліп тұратын осы бір қазақтың қара шалының ниетіне дүние-байлығы – адамдарды жақсы көрумен байланғандай көрініп тұрады.
Жаз-ата Шәмшіні де, Мэлсті де баласындай жақсы көрді. Шәмші де, Мэлс те Мойынқұм өңіріндегі сапарлары барысында – шопан атаның дастарханынан дәм татпай кетпейтін. Жәкең ел еркесі қос сазгердің еркелігін жан дүниесімен сезді, еркелетті. Осындай жаны жайсаң жанға тартуы болар, қос сазгер Мойынқұм өңірінің тамаша адамдарына, еңбек майталмандарына арнап ән жазды. Қалай дегенде, өткен ғасырдың орта шенінде осы өңірдегі еңбек адамдарының ерлігін айтқанда, оның көшбасында екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың тұрғаны анық.
Шәмшінің «Мойынқұмда ауылым» әнінің сөзін Сабырхан Асанов жазды. Бұл ән бүгінгі күнге дейін мойынқұмдықтардың әнұранына айналды. Рас, Шәмшідей сазгердің Мойынқұм өңіріне барып, шығармашылықпен еркін айналысып, шабыт алуына сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасан Бектұрғанов пен Мойынқұм аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Айтбай Назарбаевтың қолдау білдіргені белгілі. Алайда әннің соншалықты керемет болып шығуына Жазылбектей қара шалдың хошуақ көңілі де әсер етсе керек.
Ал Мэлс Өзбековтің Жаз-атаға арнап жазған «Жазылбекшілер маршы» әнінің сөзін балалар ақыны Әдібай Табылдиев жазды. Қазақстанға, облысқа әйгілі еңбек азаматтарының жеткен жетістіктерін насихаттау мақсатында үздік ән шығару туралы жарияланған конкурспен танысқан Мэлс аға КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған шопан ата Жазылбек Қуанышбаевқа арнап жазады бұл әнді. Мойынқұмға арнайы келіп, Жаз-атаның ыстық ықыласы мен ақ жарқын пейіліне көңілі толған композитордың үлкен ізденімпаздықпен жазылған бұл әні конкурс комиссиясының шешімімен бірінші орынға ие болады. Сөйтіп, бұл ән бүкіл шопандар қауымының әнұранына айналады. Қазақстан қой шаруашылығы саласы бойынша одақ көлемінде қой басын 37 миллион басқа жеткізіп, 1974 жылы Алматы қаласында тың игерушілердің 20 жылдық мерейтойында Дінмұхамед Қонаев қой басын 50 миллионға жеткізу туралы үндеу қабылдаған кез болатын. Осылайша «Жазылбекшілер маршы» шопандар қауымына шабыт беріп, еңбектерін еселеді.
Жалпы, көзкөргендердің айтуынша Мэлс Өзбеков Мойынқұм өңіріне жиі келіп жүріп, бірнеше ән жазған. Олардың қатарында «Тамаша Талдыөзегім», «Мақтанышым Мойынқұм» әндері бар. Мэлс ағаның әндерін өзінен үйренген Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы, «Тараз» триосының жетекшісі Асылхан Шүңіреков былай деп еске алады.
– Мэлсті Жаз-ата ерекше құрметтеді. Оны мынадан-ақ байқауға болады. Жаз ата құдалыққа барғанда Мэлс Өзбековті жанына ертіп, бас құда деп таныстырады екен. Ән айтатын қыз-жігіттерді қолпаштап, көрімдік беретін көрінеді. Мэлс кейде көңілі толғанда «Мен Жаз-атаның баласымын» деп еркелейтін. Сондықтан да болса керек, ол Жазылбек Қуанышбаев қайтыс болғанда қатты қайғырды. Өмірде еш нәрсе ол кісінің орнын толтыра алмайтындығын айтып, көз жасын төкті. Асау көңілі жуасып, үнсіздік өмірлік серігіне айналды. Жаз-ата туралы ерекше тебіренетін. Өйткені Мэлс жаратылысында адамға сенгіш, аса таза адам болды. Ондай адамдарды бұл дүниеден кездестіру мүмкін емес-ау. Мэлс ағамен 1987 жылы «Талдыөзек» совхозы кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүрген кезімде таныстым. Бір күні кешкілік ауылға композитор келіпті деген хабар жетті. Артынша сазгерді күтушілер, совхоз директоры Жартыбай Қожамұратов бастаған азаматтар маған келсін, сазгердің жаңа әнін үйреніп алсын деген хабар жіберіпті. Мен ол кезде жоғары оқу орнының бірінші курс студентімін. Ән құшағына енді-енді ене бастағанмын. Сондықтан композитормен жолығу мен үшін қажеттілік еді. Біздің ауылға арнап шығарған әні – «Тамаша Талдыөзегім». Қазір ауылымыздың аты Қылышбай болғанымен бұл ән ауыл тұрғындары үшін төлқұжаты сияқты. Әнді бүгінгі күнге дейін мен орындап жүрмін. Әсте даусын көтеріп сөйлемейтін, біреудің бетінен қақпайтын, кімді де болса әңгімесін үзбей тыңдайтын қасиеті ол кісіні адамдарға жақындата түсетін. Сазгер ауылға жиі келетін. Келген сайын әннен шашу шашып, ауылымызды құдіретті әуездің бесігінде тербейтін. Бірде ол жаңа жазған «Мақтанышым Мойынқұм» әнін үйретті. Жұбайым Жұмакүл екеуміздің құтты қонағымыз болып, үйде жүрген кездері бізге «Ана», «Көктем вальсі» әндерін де үйреткен еді. Бұл әндерді қазір де шырқаймыз. Мэлс аға негізі айналасы жұп-жұмыр, көркем жыр мәтініне зәру болды. Ол сол кезде қазақтың белгілі ақыны Әбдірахман Асылбековпен шығармашылық қарым-қатынас орнатты. Бұл әндер ұзақ жылдардан бері «Тараз» триосының репертуарында орын-далып келеді.
үш композитордың
Кездесуі

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Тараз қаласының іргесіндегі Жамбыл ауданына қарасты Головочевка колхозының атақ-даңқы дүркіреп тұрды. Қазір бұл ауыл «Айша бибі» деп аталады. Бірде 1953-1970 жылдар аралығында облыстық мәдениет басқармасын басқарған Есет Ақылбаев колхоз төрағасы Виктор Кимге телефон соғады. Шаруашылық жайында біраз сөйлескен соң:
– Виктор Илларионович, сіздің колхозға композитор Мэлс Өзбековті жібергелі отырмын. Өзі талантты жігіт, Чайковский атындағы музыкалық училищенің түлегі. Шаруашылығыңыздың даңқы өрлеп тұр, енді ауыл өнерпаздарының өнерін шыңдауға бір талпыныс жасап көрейік. Үй бересің, жұмыс бересің, керек болса әйел де алып бересің, – дейді қалжыңдап.
– Әрине, қолда бар барлық көмекті көрсетеміз. Жұмыс та, үй де болады. Ал әйел жағы қалай болар екен… – дейді Виктор Ким.
Осылайша Мэлс Өзбеков төрт-бес жыл осында тұрақтап, ауылдың Мәдениет үйінде еңбек етеді. Осы ауылдың тұрғыны Ұрлыхан Рахманқұлқызымен шаңырақ көтеріп, балалы-шағалы болады. Үнемі шығармашылық ізденісте жүретін композитор жергілікті ақын Совет Әлімқұловпен «Асадағы ақ сәулешім» әнін жазады. Бұл ән алғаш «Аса жастарының вальсі» аталып жүрді.
Сол жетпісінші жылдардың басында облыстық партия комитетінің хатшысы Ғайникен Бибатыроваға хабарласқан Әсет Бейсеуов: «Ғайникеш, біз Шымкентке кетіп бара жатыр едік» – дейді. Біз дегені – Шәмші Қалдаяқов, Сабырхан Асанов үшеуі. Олардың Сарыағашқа бара жатқан сәті екен. Ғайникен Бибатырова қонақтарын күтіп алып, кешкілік Шымкентке шығарып салады. Әсілінде Шымкентке шығатын жол Айша бибі ауылын қақ жарып өтеді. Ауылдан өтіп бара жатқанда Әсет: «Әй, Мэлсті осы ауылда тұрып жатыр деп естуші едім. Жолығып кетсек болар еді…» дейді. Сөйтіп, бұл үшеуі қайтар жолда Мэлске соқпақшы болады…
Ал колхоздағы кешкі мектептің директоры Сүйінбек Жанғарин Мэлстің шығармашылығын бұрыннан білетін, өнерді қадірлейтін азамат еді. Композитормен етене жақын араласып, өнерге аңсары ауып жүрген ұлы Асылханды қанатының астына алуына өтініш жасайды. Асылхан да Мэлс ағасымен танысқанына қуанып, үнемі жанынан табылады. «Мен үйіріліп, Мэлс ағаның жанынан шықпайтын болдым. Аға біраз әндерін үйретті, ол кісінің музыкалық аспаптарда орындау шеберлігі, яғни кәсібилігі керемет болатын. Менің баянды үйренуім осы кісінің мектебі десем де болады. Ағаның жаңа әндерін облыстық радиоға апарып беріп жүрдім. Тіпті, сол радиода ағаның біраз әндерін де орындадым. Мэлс аға жұмсайды, мен шауып барып орындап келемін. Үйіндегі майда-шүйде жұмыстарға да қолғабыс етіп жүрдім» – дейді Асылхан Жанғарин.
– Ұрлыхан жеңгей қызылшашы, таңнан кешке дейін жұмыста. Мэлс ағаның үйі ауылдың орталығындағы көшенің бойында. Бірде Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов пен ақын Сабырхан Асанов қонаққа келді. Мэлс аға мұны күтпесе керек. Сәл абдырап қалды. Сөйтті де, бір кітаптың ішіне тығып қойған 25 сом ақшаны менің қолыма беріп, дүкенге жұмсады. Жоғары сыныпта оқитын жігітпін, нені алу керек екендігін де түсіне қойдым, жайнатып дастарханды да ұйымдастырып жібердім. Қонақтар екі-үш сағат болды. Өнер, музыка төңірегінде, әуеніне сөз іздеген сазгерлер мен ақындардың шығармашылық одағы, ізденісі жайында жүрек тебіренткен әңгімелерінің біразы есімде қалды, біразы қалмады. Тірі композиторларды көрген менің есім де ауып қалды. Мэлс Өзбеков Шәмші ағаның әндерін пианинода ойнады. Міне, осы кездесуде Шәмші аға көзіне жас алып: «Қайран, Мэлс! Менің шығармаларымды сен секілді соншалықты сауатты орындайтын композиторлар аз-ау» – деп бір тебіреніп, Нұрғиса Тілендиевтің Мэлсті Алматыға шақырған аманатын жеткізді. Әсеттің әндерін орындағанда Әсет Бейсеуов: «Мэлс мен де сендей пианинода шебер ойнайтын болсам, тағы қандай әндер шығарар едім…» – деген еді. Иә, бұл кездесуді мен еш ұмытпайтын шығармын, – дейді Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің ұстазы Асылхан Сүйінбекұлы.
Иә, Шәмші мен Мэлс кездескен, бір-бірінің шығармашылығын жоғары бағалаған, пікірлес болған. Тіпті Шәмші Қалдаяқов 1982 жылы «Лениншіл жас» газетінде «Ән құмар қауым неге ділгір?» деген мақаласында Мэлс Өзбековтің творчествосына жоғары баға береді.
Енді тоғыз жолдың торабындағы «Айша бибі» ауылында Мэлс Өзбеков тұрған үйді тауып, маңдайшасына «Бұл үйде белгілі композитор Мэлс Өзбеков тұрған» деген тақтайша ілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл жайды Жамбыл ауданы әкімдігі ескерер деген үміттеміз. Алайда кезінде осы ауданға қарасты Жалпақтөбе ауылында бір кездері Шәмші Қалдаяқов тұрған үйге де осындай тақтайша ілінсе екен деген әріптестеріміздің өтініші аяқсыз қалып еді…

 

Ерман ӘБДИЕВ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support