- Advertisement -

Аталы сөздің салмағы

53

- Advertisement -

Ауданымыз көп ұлтты. Мұнда қазақ, орыс, түрік, әзірбайжан, күрділермен қатар дүнгендер де өмір сүріп келеді. Тарихқа үңілсек, 1877 жылы қытайдан қуғын көріп біздің өңірге арып-ашып, босып келген дүнгендерге жергілікті қазақтар – біздің ата-бабаларымыз іргесінен жер беріп, тезірек ел қатарына қосылуына жағдай туғызып барымен бөлісті. Қазір аудан халқының үштен бірін осы ұлттың өкілдері құрайды. Бір жарым ғасырдай уақытта жергілікті халықпен тонның ішкі бауындай біте қайнасқан оларды еншісі бөлінбеген бір бауырымыздай көрдік.
Масаншыда орын алған оқиғадан соң облыс және аудан басшыларымен бірге аудандық ардагерлер кеңесінің бірқатар мүшелері де Масаншы, Сортөбе, Ауқатты, Қаракемер ауылдарында болып, жергілікті белсенділермен бірге мәселенің жайын талқылап, жұртты сабырға шақырып, бұдан былайғы жерде істейтін шаралар туралы жиындарға қатысты. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Төле Сүгірбай, Қордай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілхан сынды аузы дуалы азаматтар аталы сөздерін айтты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алаңдаушылық білдіріп, оқиғаның салдарын жоя отырып, оның себептерін анықтау тапсырылған арнайы үкіметтік комиссияның жұмысына да көмектесіп, көп ұлтты қордайлықтар арсында бір-біріне қырғи-қабақ көзқарастың қалыптасуына ешқандай негіз қалдырмау шараларына атсалысты. Аудандық «Қордай шамшырағы» газетінің кезекті санында аудандық ардагерлер кеңесінің Үндеуі жарияланды.

Онда: «Ұлтаралық татулықты ұйыстыруда жіберілген олқылықтардың салдары бәрімізге ауыр тиді. Біз мемлекет құраушы ұлт ретінде біріктіруші ұлтқа айналу жолында әлі де көп істер тындыруымыз керектігін айқын сезініп отырмыз. Ұлттық құндылықтарымызды құрметтеуді, салт-дәстүрімізге сай өмір сүріп, дініміз бен тілімізді берік ұстануда өзгелерге үлгі болуға тиіспіз. «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дейді халық нақылында. Өзге ұлт өкілдері қазақ халқын құрметтесін десек, бірінші кезекте өзімізді өзіміз сыйлап, басқаларға сыйлата білуіміз керек. Өзге ұлт өкілдері дәстүрімізді дәріптеп, заңымызды құрметтеп, мемлекеттік тілді меңгеріп жаттығын сездірмесе біздің де оларға құшағымыз әманда ашық болуы керек.
«Сен ана ұлтсың, сен мына ұлтсың» деп бөліне беру жақсылыққа апармайды. Бәріміз бір шаңырақтың астында осы жердің дәмін, суын бірге татып, ішіп отырғаннан кейін сөзіміз бір жерден шығуы керек. Бірлік болса тірлік болады. Бұл мәселеде біздер – көпті көріп, көкейге түйгені мол қариялар ақсақалдық сөзімізді айтып, береке-бірлігімізді ұйытуға сүбелі үлесімізді қосуға тиіспіз» деген жолдар бар.
Сондай-ақ халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізу үшін, Масаншы, Сортөбе, Қаракемер, Қарасай, Қарасу, Ауқатты ауылдары тұрғындарының өзара достық, мәдени, спорттық, діни байланыстарын үйлестіруге қызмет ететін аймақтық қоғамдық келісім кеңесі құрылды. Оған көргені мен көңілге түйгені мол Әбдібек Сейілханов жетекшілік етеді. Өткен аптада облыстың жаңа әкімі Б.Сапарбаевтың қатысуымен қоғамдық келісім кеңесінің алғашқы отырысы өтіп, алдағы жұмыс жоспарлары пысықталды. Енді олар жергілікті билік құрылымдарымен, аудандық ардагерлер кеңесімен бірлесе отырып ауылдастар арасында тәлім-тәрбие, түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізумен қатар, аталған ауылдардағы қордаланған тұрмыстық мәселелерді бірлесіп шешуге кірісіп кетті.
Қазір ауданда жағдай қалыпқа түсіп келеді. Тұрақтылықтың сақталуына аудандық және жергілікті ардагерлер ұйымдарының мүшелері ақсақалдық тәжірибелерімен бөлісіп белсенді атсалысуда.

Құрманбек Әлімжан,
аудандық ардагерлер
кеңесінің мүшесі.

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support