- Advertisement -

Бюджетке өзгерістер енгізілді

28

- Advertisement -

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс отыз тоғызыншы сессиясында бірнеше мәселе қаралды. Депутат Гулам Умаров төрағалық еткен отырысқа облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков қатысты. Облысты дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасы талқыланған жиында өңірдің 2019-2021 жылдарға арналған бюджетіне өзгерістер енгізілді.
Аталған мәселелер бойынша облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова баяндама жасап, бекітуге ұсынылған бюджет жобасының Бюджет кодексіне сәйкес қалыптастырылғанын айтып өтті.
– Нақтылау барысында мұнда негізінен былтырғы және биылғы Жолдаулардағы, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы іс-шараларын, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің партияның XVIII съезінде берген тапсырмаларын орындауға басымдық берілді. Облыстық бюджеттің өзіндік кірістері бойынша жоспар 1 600,0 миллион теңгеге ұлғайтылды. Мемлекеттік сатып алулардан үнемделген қаражат ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс сияқты бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне қайта қарастырылды. Нәтижесінде Тараз қаласында кезекте тұрған 1784 көпбалалы отбасының 360-ы пәтермен қамтылады.
Сонымен қатар қаражат мәдениет, архивтер және құжаттама, тілдерді дамыту, ішкі саясат, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармалары және облыс әкімі мен мәслихат аппараттарына қаралған. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламалар арасында өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстарына қолдау жасалды, – деді басқарма басшысы.
Ал аймақтағы тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен оларды алушылар санатының тізбегін айқындау туралы хабарлама жасаған облыстық құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдаров тұрғын үй сертификатының сомасы әрбір алушы үшін 1 миллион теңгеге дейін бірыңғай мөлшерде айқындалатынын айтты. Сол себепті облыстық құрылыс басқармасы өңірдегі тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен оларды алушылар санатының тізбесін айқындау үшін облыстық мәслихат шешімінің жобасын әзірлеген екен.
Қарауға ұсынылған осы және өзге де мәселелер бойынша депутаттар тиісті сала басшыларының сөзін тыңдады. Жауапқа қанағаттанбағандықтан, халық қалаулылары тіпті бір пунктті алып тастауды да ұсынды. Осыған қатысты облыс әкімінің орынбасарлары Бекболат Серікбекұлы да, Еркебұлан Дауылбаев та мәселенің мәнісін ашып түсіндіріп берді. Ал қалған сауалдар тиісті мекемелерге жазбаша жолданатын болды.
Сессия соңында бірқатар комиссиялар мен кеңестердің құрамы бекітіліп, өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Альмира Омарова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support