- Advertisement -

«Jeltoqsan tolqyny» – еліміздегі ең ұзақ субұрқақ

194

- Advertisement -

Тараз – төл тарихын, өткені мен бүгінін, киелісін сақтай отырып, тарих қойнауынан бүгінгі ұрпаққа жеткен ежелгі қала. Ал соңғы кездері осындай көне шаһардың басты көшелерінде бой түзеп, қаламыздың сәнін келтірген нысандар көпшіліктің көз қуанышына айналып отыр. Әсіресе, өткен жылы қала күніне орай «Желтоқсан толқыны» субұрқағы мен аллеясының салтанатты ашылуы бұл қуанышты еселеп тастады.

Біле білсеңіз – «Jeltoqsan tolqyny» субұрқағының ұзындығы – 220 метр. Мұндай ұзын, түрлі-түсті, әсем субұрқақ еліміздің өзге қалаларында жоқ. Бұл сонысымен ерекше. Алғашқы толқыны 86 деген қастерлі саннан басталады. Субұрқақтың екі жағында пырақтың, барыстың және самұрықтың мүсіндері орналасқан.Толқындар субұрқақтың соңына жетіп, кері қайтқанда Тәуелсіздікті белгілейтін күн мен бүркіттің бейнесіне айналып, Егемендікке ұласып отыр. Субұрқақ ақ мәр-мәр тастан жасалған.
Қазір бұл орын тараздықтар мен қала қонақтарының жиі келетін орнына айналдды. Қала берді қала жастары да осы маңда жиі бас қосады. Субұрқақтың екі шетін ала тігілген павловня (Адам ата мен Хауа ананың ағашы) ағашы да ерекше көз тартады. Бүгінде бұл ағаштар аспан тіреп, жазды күні демалушылар үшін көлеңке болып тұр. Бір айта кетерлігі, субұрқақтың екі шетіндегі орындықтарда «WI-FI» желісі қосылып, ол жастардың интернетке кедергісіз қосылып, әлеуметтік желіде еркін отыруына да мүмкіндік беріп отыр.
– Расында, о баста сенген жоқпын. Өйткені субұрқақтың жанында әлеуметтік желіге еркін қосылатын «WI-FI» желісі бар екендігі ертегідей естілген. Енді бұл жер біздің тұрақты келіп тұратын демалыс орнына айналды. Бұл жоғары оқу орындары студенттері үшін де ыңғайлы жер. Осында «Астана синема» кинотетры да жақын орналасқан. Ал қауіпсіздікке келетін болсақ, мұнда кешкілік алаңсыз қыдыруға барлық жағдай жасалған. Түнде жарық. Сондықтан жастарға және демалушыларға осындай жағдай жасаған азаматтарға алғысым шексіз. Ал қаладағы өзгерістерге келетін болсақ, мұның барлығы бір ғана сәулетші – облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қолтаңбасы екенін айшықтап тұр, – дейді ТарМУ 4-курс студенті Аян Қартайған.

Қызылды-жасылды, әуезді субұрқақ

Шындығында бұған дейін бірде істеп, бірде бұзылып, тіпті бірде арнасы қаңсып кеткен облыс орталығындағы субұрқақтардың иесі кім, кім қарайды деген сауал жиі қойылатын. Сөйтсек, қала көркін, ажарын ашуда субұрқақтардың әлеуетін пайдалануға болады екен. Күндіз байқамайсыз, ал түнде қызылды-жасылды, әуезді субұрқақтарды тек Тараздан ғана көретін шығарсыз.
Бүгінде «Jeltoqsan tolqyny», облыстық әкімдік ғимаратының алдындағы Жамбыл Жабаев ескерткіші маңындағы, «Достық» алаңындағы субұрқақтар осындай бір ерекшелігімен көпшілік назарына ілініп отыр. Айта кетерлігі, Жамбыл Жабаев ескерткіші маңындағы субұрқақ жобасын толықтай «Atameken-Energy» ЖШС өкілдері қытайлық әріптестерінің сызбасы негізінде іске асырған екен. Төрт қатардан тұратын екі субұрқақтың әрқайсысында үш түтік бар. Егер субұрқақ қарқынын жоғарылатса, биікке көтерілген су әуеде түйісіп, халқымыздың ауызбіршілігін айғақтайды. Осы арқылы жобалаушылар ұлттық құндылығымызды көрсетуге тырысыпты. Жоба «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тапсырысы бойынша жасалған. Субұрқақтардың ерекшелігі – әуенмен су шашатындығында. Ол үшін арнайы электронды бағдарлама орнатылған. Мұнда субұрқақ пен оның әуендерін басқарып отыру үшін арнайы операторлық бөлме де бар.
Мұндай ерекшелік «Достық» алаңындағы 6 субұрқақта да қолданылуда. Қайта жаңғырған субұрқақтар тараздықтар үшін де, қала қонақтары үшін де тосын сый болды десек, артық айтпағандық болар. Әсіресе жаз айларында субұрқақтар маңында ойнаған балалардың шаттық үнін естігенде бір марқаясыз.

Ерман Әбдиев

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support