- Advertisement -

Елдестірмек елшіден…

70

- Advertisement -

Ынтымағымыз бекем болсын!

Қордай ауданындағы орын алған жастардың арасындағы келеңсіз жайтқа ел болып, Президент болып бейжай қарап отырған жоқ. Қазақ елі әу бастан бірлікті, ауызбіршілікті, ынтымақты, сабырлылықты ту еткен мәмілегер халық. Шыдамсыздық, күйгелектік ешкімге абырой әпермейді. Сабырлық керек. Бұл оқиғадан саяси астар, көлеңкелі тұстарды іздеудің еш қажеті жоқ. Бірақ кешелі бері бұл жағдайды біреулердің, бір топтардың өз мүддесіне жаратып жатқанын әлеуметтік желіден біліп отырмыз. Кім де болса өз әрекетіне жауап береді.
Бізге ұлтаралық татулық, қоғамдық келісім – ең басты қағида. Бейбіт күндегі еселі еңбегімізді ұлғайту, ұрпағымызға саналы тәрбие беру, еңбек адамдарының өнегесін кеңінен насихаттау біздің асыл мұратымыз. Ши астынан қыл іздеу – жат қылық. Сондықтан құқық қорғау органдары мұқият тексеріп, кімнің кінәлі екенін анықтар, бірақ бұл келеңсіз жағдай бізге үлкен сабақ болды. Қазақстан халқының тату-тәтті өмірі, бірлігі, ынтымағы өзге елдерге де үлгі. Әрине, ел болғаннан кейін әртүрлі жағдай болады. Абай да уақытында «Ел бүлікшіл, менікі ертең үшін» деген жоқ па. Сондықтан ел ішіндегі бүлікті тым әсірелеудің қажеті де жоқ. Халқымыз қаншама ғасыр бойы қиыншылықты басынан кешірді. Бірақ әр уақытта даналығы асыл болды, ауызбіршілігі бекем еді. Біз сол бекемдіктен таймаймыз. «Халқымызда береке-бірлік болса, елімізді дау да, жау да алмайды» деген жоқ па Төле би бабамыз.
Еліміздің, халқымыздың бірлігі, ынтымағы бекем болсын!
Балабек НАРБАЕВ,
«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы
төрағасының бірінші орынбасары.

Алауыздықтан ешкім ешнәрсе ұтпайды

Дүнген халқы 140 жылдан астам уақыттан бері қазақ еліне келіп қоныстанған. Бұл ұлтпен қазақ халқы арасында осы күнге дейін ешқандай да арандатушылық пен кикілжің оқиғалар орын алған жоқ еді.
Дүнген ұлтының ішінен де қазақ еліне сіңірген еңбегі зор азаматтардың шыққанын, еңбекте жеткен жетістігі жоғары жандардың да бар екендігін халық біледі.
Көршілес жатқан Қаракемер ауылында туып өскен Сүгірбай Төре Аманжолұлы, жасы 80-нен асса да еліне, туған жеріне адал қызмет етіп келеді. Бүгінгі күні Қордай аудандық Билер кеңесінің мүшесі, абыз ақсақалдарымыздың бірі. Ата-бабаларымыз ежелден жер дауын, жесір дауын ақылмен, даналықпен шешіп отырған. Сондықтан да орын алған жағдай бойынша екі жаққа тартпай, бір келісімге келуіміз керек.
Мемлекетіміз қашанда халықтың бірлігімен, тыныштығын сақтау жолында бар күш-жігерін арнап келеді.
Біз көп ұлтты мемлекетпіз. Сондықтан ұлтқа, руға, жерге бөлінбей бір отбасының баласындай өмір сүру жолын таңдауымыз керек. Алауыздықтан ешкім ешнәрсе ұтпайтындығын естен шығармауымыз керек, құрметті ағайын!

Оңласын ЕСІРКЕПОВ,
облыстық Билер
кеңесінің төрағасы.

Арандатушылық әрекеттерге ермеуге шақырамын

Жалпы, біздің халқымыз қонақжай, баршамыздың бойымызда кеңшілікті, бауырмалдықты ту етіп ұстанатын мінезіміз бар. Қордай ауданының да тұрғындарын жақсы білемін, мұндайда жанжалға бара бермейтін адамдар. Өкінішке қарай, келеңсіз оқиға орын алыпты. «Жаман ұлт жоқ, жаман адамдар бар» дейді ғой. Осы орайда халқымызды, облыстың, ауданның тұрғындарын сабырлыққа шақырамын. Осындай дау-дамайға жеткізген адамдар өздерінің жазасын алады деп ойлаймын. Президент тапсырмасы бойынша Үкімет комиссиясы да құрылды. Енді бұл бағытта кім, қандай жазаға тартылатынын құзыретті органдар анықтай жатар.
Кез келген бүлікті тоқтатуда ақсақалдарымыздың салмақты сөзі дұрыс болады деп ойлаймын. Біз үлкенге құрмет көрсетіп келе жатқан халықпыз. Сол себепті ақсақалдарымыз шығып, сабырға шақырса, тиісті нәтиже болады деп пайымдаймын.

Ақжүрек ТАҢАТАРОВ,
белгілі спортшы,
Лондон Олимпиадасының жүлдегері.

Ұлтты сыйлауды үйрету керек

Қазақ жігіттерінің кешегі әрекетін бір жағынан түсінуге болады. Іштегі қорланған намыс сыртқа шықты. Дүнген жастарының бұзақылығы барып тұрған басынушылық. Сондықтан кінәлілер заң алдында қатал жазаға кесілуі керек. Ақсақалдары кешірім сұрапты. Тек кешірім сұраумен шектелмей, жастарын қазақ халқын сыйлауды, шаңыраққа қарауды әр отбасы, ошақ қасында кішкентайларынан үйретулері қажет.
Кешегі жағдайдан барлық диаспоралар сабақ алып, осы бағытта тәрбиелік жұмыс жасаулары қажет. Қазақстан халқы Ассамблеясының да негізгі жұмысы осы бағытта болуы тиіс. Биліктен оқиғаға қатысқан қазақ жастарын жауапқа тартпауын талап етеміз.
Бірақ жастар мәселені ары қарай шиеленістірмей, бұдан әрі заңсыздыққа бармаулары қажет. Заң жұмыс істесін. Кінәлілер анықталып, қатаң жауапқа тартылсын. Әлемнің түкпір-түкпірінде қазақ диаспоралары бар. Алда-жалда сондағы бірлі-екілі жастарымыз бұзақылық жасаған жағдайда, бүкіл қазақ диаспорасын қырғынға ұшыратса, қандай әділетсіздік болар еді. Осымен тоқтайық. Абай айтпақшы, «Әрбір жақсы нәрсенің өлшеуі бар. Өлшеуі асса, боғы шығады». Құранда «Жазықсыз адамды өлтіру бүкіл адамзатты өлтіргенмен бірдей» делінген.
Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ,
дінтанушы.

Қазақстан халқы Ассамблеясының мәлімдемесі

Қордайда орын алған оқиға ел азаматтарының жанына батты. Қайғылы жағдай орын алды, тұрғындар құрбан болды. Қазақстан халқы Ассамблеясы қайтыс болғандардың туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады, жараланғандардың тезірек сауығып кетуін тілейді. Мемлекет басшысы кикілжің салдарын жоюға қатаң тапсырмалар берді.
Біз Қазақстан халқынан осы келеңсіздіктің тез арада шешілуіне барынша қолдау білдіріп, көмек көрсетуін сұраймыз.
Аталған тапсырмаларға сәйкес Ассамблея еліміздің барлық өңірлерінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, этномәдени бірлестіктермен кездесулер ұйымдастырды.
Ассамблея мүшелері «қылмыс – ұлтқа бөлінбейді» деген пікірді толық қолдайды және кінәлілер анықталып, заң бойынша жазаға тартылуы керек деп есептейді.
Сондықтан бүгінгі күнгі ең басты мақсат – арандатушыларға бой алдырмау, жеке тұлғалар жасаған тәртіпсіздік үшін бүкіл ұлтты айыптауға жол бермеу. Ассамблея халық даналығына сенім арта отырып, ел тұрғындарынан, ең алдымен жастардан еліміздегі татулық пен келісімге селкеу түсіретін, асығыстыққа ұрындыратын қадамдар мен іс-әрекеттерден сақ болуын сұрайды. Қазақстан халқы бір-бірімен әрдайым бауырмалдық қарым-қатынастың жарқын үлгісі болғанын және бола беретініне сенімдіміз. Балаларымыздың ортақ болашағы үшін ұлтаралық алауыздық тудырмауымыз қажет.
Біз азаматтарды жалған қауесеттерге ермеуге, қоғамдық қауіпсіздік пен ел тыныштығын қамтамасыз етуде құқық қорғау органдарына жәрдемдесуге, ортақ үйіміздегі татулық пен бейбітшілікті сақтауға шақырамыз.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support