- Advertisement -

Әдебиет әлемінің айбозы

372

- Advertisement -

Шығыс пен батысты бағындырған Шыңғыс Айтматов шығармалары әлі де өміршең

Облыс әкімдігі білім басқармасы оқу-әдістемелік кабинетінің ұйытқы болуымен Құлан ауыл шаруашылығы колледжінде «Әлем әдебиетінің алып тұлғасы – Айтматов» деген тақырыпта облыстық Айтматов оқулары өтті. Колледжаралық байқауға облысымыздың барлық аудандарынан он екі колледж студенті қатысты. Айтматов оқуларын колледж директоры Жұмакүл Бүкірова ашып, шараға қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Өтеулиева да сөз сөйлеп, ізгі тілегін арнады.
Аудандардағы әртүрлі оқу орындарынан келген студенттер «Адамзаттың Айтматовы» атты көрмені аралап көріп, колледж музейіне экскурсия жасады. Тараз қаласы мен аудандардан келген студенттер заманымыздың заңғар жазушысы оқыған оқу орнын өз көздерімен көріп, түлектердің көрмедегі жеке шығармашылық еңбектерімен танысты. Әсіресе қолдан құрастырылған киіз үй көптің көңілінен шықты.
Сонымен екі кезеңнен тұратын байқау басталып кетті. Бірінші кезең «Сөз құдіреті» деп аталып, Шыңғыс Айтматовтың шығармаларынан көркемсөз оқуға қатысушылар өз шеберліктерін ортаға салды. Байқау барысында Ш.Айтматовтың өмірінен үзінділер көрсетіліп, Мұхтар Шаханов пен жазушы Шыңғыс Айтматовтың сұхбаты түрінде өрбіді.
Иә, Шыңғыс Айтматовтың әкесі Төреқұлдың да осы Луговойға табаны тиген. Ол кісі Тұрар Рысқұловтай тұлғаның демеуімен Ташкентке оқуға түсіп, кейін онымен бірге темір жол құрылысында бірге істеген. Шыңғыс Жамбыл зооветеринарлық техникумында дәріс алған. Кейін ол өзінің «Жанпида» атты романында Луговойды Жалпақсаз деп көрсеткен. Әдебиет әлемінен ойып тұрып орын алған жазушының өмірінен сыр шертетін сахналық қойылымдар мен хроникалық бейнетүсірілімдер көрерменнің санасын сонау бір сағым жылдарға еріксіз жетелеп алып барғандай болады.
Байқауға қатысушылар қаламгердің «Ақ кеме», «Қош бол, Гүлсары», «Жанпида», «Жәмила», «Ана-Жер-Ана» сияқты танымал шығармаларынан монологтер оқыды, образға кіріп кеткендері де ұшырасты. Әсіресе Тараздағы өнер колледжінен келіп өнер көрсеткен екі үміткер де өздерінің өнерге жақындығын көркемсөз оқу шеберлігімен де, актерлік икемділігімен де көрсете білді. Аружан Еркіннің «Жанпидадағы» Бөрі-Анамен диалогі өте сәтті шықты деуге болады. Сондай-ақ Меркідегі №9 колледжден келіп байқауға қатысқан Жансая Өсербаева «Боранды бекеттегі» Найман ана мен оның мәңгүрт болып кеткен ұлы Жоламанның арасындағы «сәтсіз жүздесуін» өте шынайы алып шықты. Байқауға қатысушылар қаламгердің шығармаларын орыс тілінде де оқыды. Қазақ тілді үміткерлер көркемсөз оқуға кейде атүсті қараса, орыс студенттері оны сезімге беріліп, өте нанымды етіп көрсете алды. Мәселен, Жамбыл экономика және ақпараттық технологиялар колледжінің студенті Амандық Әділет «Тополек мой в красной косынке» атты шығарманы жетер жеріне жеткізе орындап берді. Сондай-ақ Тараз темір жол колледжінің студенті Әйкен Ақназарованың оқу шеберлігі көптің көңілінен шыққаны анық. Құлан ауыл шаруашылығы колледжінің үш үміткері де сөз құдіретін түсінетін адамға, оның жүрегіне жететіндей тебіреніспен оқып, көзге түсті.
Ал екінші кезең Шыңғыс шығармаларын сахнада көрсетуге арналды. Ол – «Таланттар өмірде шыңдалады» деген тақырыппен ашылды. Сөйтіп, көркемсөз оқу кезеңі бойынша бас жүлдені Жамбыл экономика және ақпараттық технологиялар колледжінің студенті Талшын Омарова алса, бірінші және екінші орындарды Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінен келген Малқаждар Әлібек, Құлан ауыл шаруашылығы колледжінің үміті Сымбат Игілік және Сарысу колледжінен қатысқан Алена Савчук өзара бөлісті. Екінші кезең бойынша жазушы шығармаларын сахналау, яғни «Ғасырдан да ұзақ күн» атты драманы қойғаны үшін бас жүлде Құлан ауыл шаруашылығы колледжі студенттерінің еншісіне тиді. Дәл осы шығарманы Тараз темір жол колледжі де ұтымды қоя білді. Сөйтіп, олар бірінші орынға табан тіреді. Ал екінші және үшінші орындар «Боранды бекет» және «Қош бол, Гүлсары» туындыларын сахналаған Жамбыл политехникалық колледжі мен Қаратау гуманитарлық-техникалық колледжіне берілді. Байқау қорытындысы бойынша бес колледж студенттеріне арнайы сыйлықтар мен Алғыс хаттар табыс етілді.

Cейсен ҚОЖЕКЕ.

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support