
КРЕДИТТІК ТАРИХ ДЕГЕН НЕ?
Кредиттік тарих – бұл сіздің қарыз алу және оны өтеу жөніндегі қаржылық жағдайыңызды сипаттайтын құжат. Ол арнайы дерекқорда сақталады және қаржы ұйымдарына қолжетімді. Бұл құжатта келесі ақпараттар көрсетіледі: сіздің бұрынғы және қазіргі кредиттеріңіз, кредиттерді уақытында төлеу туралы мәліметтер, берешектер мен кешіктірілген төлемдер, сіздің қаржылық міндеттемелеріңізді орындау деңгейіңіз.
Кредиттік тарих – бұл сіздің қаржылық сенімділігіңіздің көрсеткіші. Егер тарихыңыз оң болса, банк сізге қарызды жеңіл шарттармен ұсынады. Ал егер тарихыңызда кешіктірілген төлемдер немесе төленбеген қарыздар болса, жаңа кредит алу қиынға соғуы мүмкін.
КРЕДИТТІК ТАРИХ ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСАДЫ?
Кредиттік тарих сіз бірінші рет қарыз алған сәттен бастап қалыптаса бастайды. Әрбір төлем мерзімінде төленсе, сіздің тарихыңызға оң әсер етеді. Керісінше, төлемдер кешіксе немесе мүлдем төленбесе, бұл теріс белгі ретінде жазылады.
Кредиттік тарихқа әсер ететін негізгі факторлар:
– төлемдердің уақытылығы.
Егер төлемдер уақытында жүргізілсе, бұл сенімді қарыз алушы екеніңізді көрсетеді;
– кредиттің сомасы мен мерзімі. Ұзақ мерзімді және ірі сомадағы қарыздарды уақытылы өтеу тарихты жақсартады.
– жиі кредит алу.
Егер сіз бір уақытта бірнеше кредит алсаңыз, бұл сіздің қаржылық тұрақтылығыңызға күмән тудыруы мүмкін.
КРЕДИТТІК ТАРИХТЫ ЖАҚСАРТУ ЖОЛДАРЫ
Төлемдерді уақытылы жасау. Бұл кредиттік тарихты жақсартудың ең маңызды қадамы. Кесте бойынша төлем жасап, мерзімдерді сақтауға тырысыңыз. Егер уақытында төлеу қиын болса, банкпен байланысып, төлем мерзімін өзгерту мүмкіндігін сұраңыз. Қарыздарды толық өтеу. Барлық қарыздарыңызды уақытылы және толық өтегеніңізге көз жеткізіңіз. Ескі қарыздарды жабу сіздің кредиттік тарихыңызды жақсартады.
Шағын сомадағы кредиттер алу. Егер сіздің тарихыңызда теріс жазбалар болса, шағын сомадағы кредит алып, оны уақтылы өтеу арқылы беделіңізді қалпына келтіруге болады. Қаржы құралдарын дұрыс пайдалану.
Кредит картасын дұрыс қолдану да тарихты жақсартуға көмектеседі. Қаражатты пайдаланғаннан кейін ай сайынғы төлемдерді уақытылы жасаңыз. Кредиттік ұйымдармен келісу. Егер төлемдер кешіктірілсе, банкке немесе микроқаржы ұйымына хабарласып, жағдайды түсіндіріңіз. Көп жағдайда олар сізге төлемді қайта құрылымдау немесе жеңілдік жасауға көмектеседі.
Кредиттік тарихты бақылап отыру. Қазақстанда әрбір азамат өзінің кредиттік тарихын тегін тексеруге құқылы. Осы мүмкіндікті пайдаланып, қателіктерді уақытында анықтаңыз және түзетуге өтініш жасаңыз.
КРЕДИТТІК ТАРИХТЫҢ МАҢЫЗЫ
Кредиттік тарих тек қарыз алуда ғана емес, басқа да қаржылық операцияларда маңызды рөл атқарады. Мысалы, ипотека алу, автонесие рәсімдеу немесе кәсіпкерлікке қажетті қарыз алу кезінде банк алдымен сіздің кредиттік тарихыңызды тексереді. Сондықтан оны үнемі бақылап, жақсы күйде ұстау – қаржылық тұрақтылықтың кепілі.
Кредиттік тарих – сіздің қаржылық тәртібіңіздің айнасы. Оның сапасын жақсарту және сақтау үшін төлемдеріңізді уақытылы жасап, қарыздарыңызды жоспарлы түрде басқару маңызды. Қаржылық сауаттылықты арттыра отырып, сіз өзіңізге сенімділік пен жаңа мүмкіндіктер ашасыз.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді