Ойранды шайқасы: 4 шақырымға созылған тастар не үшін қойылған?
- author «Ақ жол»
- 20 мамыр, 2025
- 529

Құлан өлкесінің сан ғасырлық тарихын, өмірмен сабақтастыра отырып, ұрпақтан ұрпаққа мұра болған Ойранды жері туралы мектеп директоры Ербол Кайпулдаев, қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Нұрболат Аманжолмен бірге үшеуміз бірлесе зерттеу жүргізіп, бұл жерде үлкен шайқас болғандығын зерделеп, келер ұрпақ үшін ұмытылып бара жатқан тарихи жерлерімізден табылған жәдігерлерімізді жарыққа шығаруды көздедік. Т.Рысқұлов ауданы Жаңатұрмыс елді мекеніне қарасты «Ойранды» жерінің аты айтып тұрғандай соғыс болғандығын байқатады. Себебі, Ойранды жеріндегі соғыс алаңын қарасақ, тастар тіз қатарынан тізбектеліп қойылған.
Ерте темір дәуірінде жерлерді осылай қоршап бөліктерге бөлгені анық. Бірақ, бұл тастардың сыры неде? Осы өңірдегі тұрғылықты адамдардың аузынан түспей келе жатқан шежірелі болжамдарға сүйенсек, тізбектеліп қойылған тастар жоңғарлармен соғыс кезінде жау аттарының екпінін қайтару үшін қойылған. Себебі бұл қатар тізілген тастардан атты әскердің шабысы бәсеңдейді, қарсы шабуылға шыққанға қолайлы етіп қойылған.
«Бұл тастарды қалай қойған және бұл тастарды қайдан тасыған?» деген сұрақ біздерді де қызықтырмай қоймады. Тастардың сырын ашу үшін жақын маңайдан осындай қойтастардың біраз шоғырын таптық. Бұл жер Ойранды өзегіндегі «Жылтырұшқан» деп аталғанын анықтадық. «Шайқас алаңына аталған Жылтырұшқан деген жерден тас тасып қойды» деген болжам жасадық. Себебі осы өзектен басқа тас шоғыры көп орналасқан тастақ жер жоқ десе де болады. Көнекөз қариялардың айтуынша «Ойранды», «Ақсарай», «Қалмаққия», «Молалы» деген жерлерде үлкен соғыс болған. Батырлардың жеңіс туын тіккен тасы да осында.
Қазіргі «Әулие бұлақ» деген жерде қалмақтардың көтерілісі Қазақ елінің тәуелсіздігіне мейлінше қауіп төндірген. Қазақ халқын талқандауды мақсат еткен қалмақтар өздерінің жоспарын тезірек іске асыруға талпынған. Бірақ Тоғызақ батыр жасақшыларымен тізе қосып жауға үлкен батырлықпен, ерлікпен тойтарыс беріп, жеңіске жеткендігін ақын Кәріпжан Нүсіпов «Сырсандық» деген кітабындағы «Қалмаққия» атты толғау өлеңінде бабалардың ерлігін кейінгі ұрпаққа паш еткен. Шатқалға жақындап қарасақ, тап қазіргіге дейін тіз қатар қойылған көптеген үлкен қызыл тастар көрінді.
Қалмақтар осы тұста жеңіліп, асудан қашқан деседі. Оларды қазіргі «Ақсарай» деген жерде күтіп алып, екінші рет тағы соққы берген. Асуға барар жол қазақтардың қолында болғандықтан жаулар «Қаратас» жанындағы бітеу шатқалмен қашуға тура келген. Жаулар асуға жеткенде тоқтап тұрып қалады екен. Себебі асу құз, жартас болатын. Ел арасында мынандай әңгіме бар, Асуға келіп, артынан қуған қазақ әскерінен қорыққан қалың қалмақты хан бәйбішесі құтқарады. Ол: Мынау жылқы анау боз биеден тараса керек.
Биені шыңғыртып Шыңырауға айдап салыңдар» деп бұйырады. Осы кезде бүкіл жылқы бие соңынан шаба жөнеледі. Жартастан құлағаны құлап, құламағаны қия-қиямен жол тауып, Қарақыстақ даласынан бүкіл жау шығып кетеді. Содан бері бұл асу Қалмаққия аталынып кеткен екен. Ойранды жерінде өзекке кірер тұста сол жақ бөлігінде Сәмен батырдың садақшылар сайы деген жерді байқадық.
Сайдан садақшылыр қалмақ әскерлеріне тұзақ құрып, жау әскерлеріне тосыннан шабуыл жасаған деседі. Жоңғар шапқыншылығына қарсы қазақ халқының ұзақ жылдарға созылған қантөгіс азаттық соғысында елін, жерін қорғау үшін, қолынан қаруы түспей қол бастап, ерлігімен көзге түсіп, тарихта із қалдырған ерен тұлға батырларымыз көп болған. Ойранды тауының солтүстігінде тұратын Шолтан деген кісіге жолығып, әңгімеге тарттық. Ол осы жерден найза және садақ ұштарын тауып алғандығын және ол жәдігерлер жоғалып, қолды болғанын күйіне айтты. Ғылыми жобамызды жазу барысында Ойранды соғыс алаңына саяхатқа шықтық.
Саяхат барысында Ойранды өзегінде орналасқан «Жылтыр ұшқан» тауына қарама-қарсы жотадан ескі жұрттың орнын таптық. Сол жотаның төменгі сағасынан Ойранды өзенінің жанындағы жырадан қыш құмыраның бір бөлігін көріп, қазба жұмыстарын жүргіздік. Қазу барысында жота астынан қос құмыра табылды, құмыралардың бірі үлкен, екіншісі кіші пішінді екен. Бұл құмыраларды тазартып, құрылымына мән бердік. Екі құмыра да сынған. Ауыз бөліктері, үлкен пішінді құмыраның адам тұрмысына пайдаланғанға қолайлы ұстағыштарының орындары сақталып қалыпты. Бұл құмыраның бүйірінде үш домалақ пішінді бейнелер байқалды.
«Бұл рулық таңба ма әлде қыш құмыра жасау ұсталарының құмыраны безендіру үлгісі ме?» деп, біраз зерделедік. Қыш құмыралар – адамның тұрмыс тіршілігінде қолданатын ең керекті дүниелер. Тарихтан белгілі қыш құмыра жасау өнері қала мәдениетімен тікелей байланысты. Себебі қала маңында қыш құмыра жасайтын ұстаханалар қызмет жасаған. Қыш құмыраларды жасау түрінің ең көнесі жабыстырмалы әдіспен жасау.
Құлан өңірінен табылған құмыралармен Ойранды өзегіндегі Иса жұртының астынан табылған қыш құмыраларды салыстыратын болсақ, өзіндік ұқсастықтары бар. Ол ұқсастық қыш құмыралардың ақ түстерінің сәйкес келуінде. Т.Рысқұлов аудандық өлкетану мұражайындағы құмыралармен салыстыру барысында Ойранды өзегінен табылған екі құмыраның үлкен пішіндегісі өте көне жәдігерлердің санатынан екені байқалды. Себебі, бұл құмыраның жасалуында өзгешеліктер бар, ең алғашқы жабыстырмалы қыш құмыраның жасау әдісі қолданылыпты.
Өлкемізден шыққан Хан сарайының зерттелуіне көп үлесін қосқан жерлес ағамыз Арнабай Нұржановқа құмыралардың қай ғасырға жататынын анықтау үшін көмек сұрадық. Ғалым бұл құмыралардың VIII-IX ғасырға жататын жәдігерлер екенін айтты. Меркі аудандық өлкетану мұражайымен де бірлесе қыш құмыраларды анықтау жұмысын жүргіздік. Мектеп директоры Ербол Қайпулдаев пен Меркі аудандық мұражайының ғылыми қызметкері Ләззат Барақбаева бірге салыстырмалы зерттеу жұмысын жүргізді.
Мұражай қорындағы қыш құмыралармен салыстырғанда, Ойранды жерінен табылған құмыралар ортағасырлық VII–IX ғасырлардағы жәдігерлер екеніне көз жеткіздік. Алматы қаласындағы этнографиялық, Есік мұражайымен байланыс жасап, мұражайдың археологиялық қызметкерлерімен салыстырмалы зерттеу жүргіздік. Зерттеу нәтижесінде мұражай қызметкерлері бұл құмыралар орта ғасырлық жәдігерлер екенін мәлімдеді.
Аудандық өлкетану мұражайына Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны Жақсылық Шайлазимов «Ақсарай» жерінен табылған қылыш тапсырыпты. Ойранды жерінде «Айдар» шаруа қожалығында жұмыс істейтін Жолшыбек Сатыбалдиев садақ оғы мен мыс сақина сынығын Ойрандыдағы тізбектелген тастар арасынан тауып, үш жылдан бері сақтап келген. Садақ оғының басы майысқан, қорғасынан жасалынған. Жүзіктің жасалынған металы мыс, астыңғы бөлігі бүлініп сынған.
Жылдар бойы зерттелген жұмысымызды қорытындылай келе, нәтижесінде алға қойылған мақсат пен міндеттер орындалды. Жұмыс барысында біраз әдебиеттер мен оқулықтарды парақтап, ғаламтор ақпараттарына шолу жасай отырып, айтарлықтай біраз нәтижелерге қол жеткіздік. Жоңғар шапқыншылығы кезінде Ойрандыда соғыс болғандығы дәлелденді.
Бұған дәлел – тізбектеліп қойылған тастар мен сол жерден табылған қылыш пен садақ оғы. Сол кезеңдегі өңірімізден шыққан батырлардың ерліктері мен өмір деректері туралы мәліметтер топтамасын жинадық. Ойрандыда болған оқиғаларға байланысты халық арасынан шежірелер жиналды және таспаға түсірілді. Жұмысымды жазу барысында саяхатқа барған жерлердің барлығы таспа мен суретке түсірілді. Ойрандыдан табылған жәдігерлер жиналып, салыстырмалы зерттеулер жүргізілді.
Мысалы, қыш құмыралардың жасалу әдісі мен құмыра сыртындағы рулық таңбалық белгілер анықталды. Ең алғаш Ойранды жеріндегі тізбектеліп қойылған тастардың ұзындығы өлшенді. Жоңғарлармен болған жекпе-жектерде Сәмен батыр қарсыластың қолынан қаза тапты деген деректің анық-қанығы зерттеліп, ол Сәмен батыр емес Сәмет батыр екені ажыратылып көрсетілді. Ғылыми жұмысымды жазу барысында Ойранды жерінен табылған және сол жердегі тұрғылықты халық қолында жүрген жәдігерлерді суретке түсіріп, салыстырмалы зерттеулер жүргіздік. Салыстырмалы зерттеулер бойынша Алматы қаласындағы Әлкей Марғұлан атындағы институттың аға қызметкері Арнабай Нұржановпен байланысып, құнды деректерін жобаға қосып, болашақ ізденушілерге пайдасы тиер мағлұматтарды анықтадық.
Ойранды жазығындағы тізбектеліп қойылған қойтастардың ұзындығы шамамен 4 шақырым жерге созылып жатыр. Ойранды жазығындағы тұрғылықты адамдардың айтуына қарағанда, тастар бұл өлшемдерден де көп жерді алып жатуы мүмкін еді.
Тарихтан еш хабары жоқ адамдардың қазақ елінің жауға тойтарыс беріп, жеңіс туын желбіреткен сәттерін өн бойына дарытқан қой тастарды дүниеге жаратпақ ниетпен тасып алып кетіп жатқандығын жасыра алмаймыз. Қалай болғанда да көне тарихтың тамыры бар осындай қазыналы жерлерді ұлықтап, көзіміздің қарашығындай сақтасақ ұтылмасымыз анық.
Алмас ДАРГАНОВ,
Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейі директорының ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары.
Луговой ауылы Т. Рысқұлов ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді