
ҚАНДАЙ БАНКТЕН ДЕПОЗИТ АШҚАН ТИІМДІ?
Осы жылы наурыздан бастап Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры теңгелік депозит бойынша шекті мөлшерлеме белгілеуді тоқтатты. Бұл банктерге пайыздық мөлшерлемелерді өз бетінше белгілеуге мүмкіндік береді. Бұрын Қор олардың депозит мөлшерлемелеріне шектеу қойып, жоғары пайыздар ұсыну арқылы бәсекелестерін ығыстыруына жол бермейтін. Қазір елдегі қаржы ұйымдарындағы депозит мөлшері қандай дегенге келсек, жалпы банктердегі депозиттік мөлшерлемелер әртүрлі факторларға байланысты өзгеріп отырады. Оған депозит мерзімі, банктің саясаты немесе нарықтағы жағдай да әсер етуі мүмкін. Мәселен, Kaspi Bank тұтынушыларына екі түрлі депозит ұсынады.
Біріншісі, Kaspi Депозит, номиналды мөлшерлемесі – 14 пайыз. Кемінде 1000 теңгеден бастап салу керек. Сақтау мерзімі – 12 ай, кез келген уақытта депозиттегі ақшаны шешіп алуға болады.
Екіншісі, Kaspi Жинақ, мөлшерлемесі – 17 пайыз. Кемінде 500 мың теңгеден бастап салу керек. Сақтау мерзімі – 6 ай, оған дейін шешіп алуға болмайды. Егер ертерек жапқыңыз келсе, сыйақы мөлшерлемесі берілмейді. Altyn Bank-те «Алтын қор», «Резерв», «Резерв+» атты бірнеше депозит түрі бар.
Номиналды мөлшерлемесі 13 пайыздан 17 пайызға дейін жетеді. Бірақ депозитке кемінде 10 мың теңгеден бастап ақша салуыңыз керек. «Алтын қор» депозитінде қаржыны мерзімінен бұрын шешіп алуға болады. Бірақ шотта кемінде 10 мың теңге қалуы қажет. Ал «Резерв», «Резерв+» атты салымдарда ақшаны уақытынан бұрын шешіп ала алмайсыз. Кемінде үш айдан үш жылға дейін қаржы жинауға болады. Jusan Bank-тегі депозит мөлшерлемесі 14-14,7 пайыз аралығын құрайды.
Кемінде 1000 теңгеден бастап салуыңыз керек. Кез келген уақытта ақшаны салып, кез келген уақытта шешіп ала беруге болады. Қаражатыңызды үш айдан бір жылға дейін сақтай аласыз. Сондай-ақ жоғары оқу орнында білім алу үшін қаражат жинауға арналған «Ақыл» атты депозит бар.
Жылдық мөлшерлемесі 12,7 пайыз, үш жылға дейін сақтауға болады. Атап өтетін нәрсе, мемлекет тарапынан берілетін 5 пайыздық сыйақы да бар. Home Credit Bank-те номиналды мөлшерлемесі 13,8 пайыздан басталатын депозиттің бірнеше түрі бар. Кемінде 1000 теңге салып, 12 айға дейін жинай аласыз.
«Сберегательный Хоум» және «Сберегательный акцион» атты депозиттерде номиналды мөлшерлеме 13,97 пайыздан 16,55 пайызға дейін. Кемінде 100 мың теңге салуыңыз керек, депозит екі жылға дейін жетеді. Сондай-ақ «Қазпошта» бөлімдері арқылы да депозит рәсімдей аласыз, мөлшерлемесі 13,8 пайызды құрайды. Halyk Bank-те депозиттің екі түрі бар.
«Әмбебап» депозитте жинаққа кемінде 1000 теңге салуыңыз керек. Мерзімі – 12 ай, кез келген уақытта толықтырып немесе қаражатты шешіп ала беруге болады. «Максималды» жинақта қаражатты екі жылға дейін жинай аласыз. Кемінде 15 мың теңге салуыңыз керек, бірақ мерзімінен бұрын шешіп алу қарастырылмаған. Bank RBK-де де бірнеше депозит түрі бар. Grand жинағындағы депозит мерзімі екі жылға жетеді.
Пайыздық мөлшерлеме – 16 пайыз, мерзімінен бұрын шешіп алуға болмайды. Егер балаңыздың болашағы үшін қаржы жинағыңыз келсе, Dream депозитін таңдаңыз. Номиналды мөлшерлемесі 13,5 пайызға жетеді, мерзімі – үш жыл. Freedom Bank-те үш түрлі депозит бар. «Жинақ» депозитінде номиналды мөлшерлеме 9,2 пайыздан 15 пайызға дейін жетеді. Теңге, еуро, доллар мен рубль де сақтауға болады. Кез келген уақытта ақша толықтырып, қайта шешіп ала аласыз.
«Стратегия» депозитінде мөлшерлеме 7,2-16,5 пайыз, ал «Капитал» депозитінде 6,4-17,5 пайызды құрайды. Мерзімі екі жылдан үш жылға дейін, бірақ уақытынан бұрын қаражатты шешіп алуға болмайды. Forte Bank-те депозиттің екі түрі бар. Кез келген уақытта ақшаны шешіп ала беретін жинақта мөлшерлеме 12,8 пайыздан 14 пайызға жетеді.
Кемінде 1000 теңгеден бастап салуыңыз керек. Мерзімі – бір жыл. Екінші депозитте қаражатты мерзімінен бұрын шешіп алуға болмайды. Мөлшерлемесі 14 пайызға дейін, кемінде 100 мың теңге салуыңыз керек.
Айта кетейік, аталған банктердің барлығы Депозиттерге кепілдік беру қорында тіркелген. Яғни қаржы ұйымдарының бірі аяқ астынан банкрот болса немесе басқа жағдайға ұшыраса, сіздің депозитіңіз күйіп кетпейді. 10 миллион теңгеден 20 миллион теңге аралығындағы жинақ үшін Депозиттерге кепілдік беру қоры өтемақы береді.
ДЕПОЗИТ ТАҢДАҒАНДА НЕГЕ МӘН БЕРУ КЕРЕК?
Сыйақы мөлшерлемесі. Жоғары мөлшерлеме жоғары табыс әкеледі. Депозит мерзімі. Ұзақ мерзімді депозиттер әдетте жоғары мөлшерлемемен ұсынылады. Толықтыру және ішінара алу мүмкіндігі. Кейбір депозиттерде бұл мүмкіндіктер шектеулі болуы мүмкін, бірақ олар жоғары мөлшерлеме ұсынады. Таңдау өзіңізде. Ескеретін жайт, депозит ашпас бұрын әр банктің шарттарын мұқият зерттеп, өз қажеттілігіңізге сәйкес келетінін анықтап алған жөн.
ҚАРАЖАТТЫ ҚАНДАЙ ВАЛЮТАДА ҰСТАҒАН ЖӨН?
Бұған дейін теңгедегі депозиттер тиімдірек саналатын, өйткені олардың пайыздық мөлшерлемесі Ұлттық банктің базалық ставкасына байланысты болды. Ал валюталық депозиттер тұрақты төмен мөлшерлемемен ұсынылатын.
«Банктердің мөлшерлемелерді өздігінен белгілеуі бәсекелестікті күшейтеді. Соның арқасында салымшылар үшін тиімді шарттар пайда болуы мүмкін. Әсіресе, ұзақ мерзімді депозиттер тартымды бола бастайды», – дейді қаржы сарапшылары.
Сонымен қатар қаржы мамандары әр адамның ескеруі қажет үш кеңес береді. Егер қысқа мерзімді жинақ жасасаңыз, теңгемен салған тиімді. Ұзақ мерзімді сақтағыңыз келсе, валюталық активтерді де қарастырған жөн. Өз жинағыңызды әртараптандыру, яғни ақшаны теңге мен валютаның бірнеше түрінде сақтау дұрыс шешім болмақ.
ДЕПОЗИТТЕН БӨЛЕК, АҚШАНЫ ҚАЙДА САҚТАҒАН ДҰРЫС?
Банктердегі мөлшерлемелер еркін өзгеретіндіктен, салымшылар үшін балама инвестиция көздерін қарастырғанды жөн санайтын қаржы сарапшылары мынадай альтернативті нұсқаларды ұсынады:
• Бағалы қағаздар (акциялар, облигациялар).
• Жылжымайтын мүлік (үй немесе коммерциялық нысандарды сатып алу).
• Бағалы металдар (алтын, күміс сияқты активтер).
• Қаржылық технологиялар (ETF, инвестициялық қорлар).
«Ай сайынғы табыстың кем дегенде 10 пайызын жинаққа салып, оны пассивті кіріс әкелетін активтерге инвестициялаған дұрыс. Бұл сіздің қаржылық тұрақтылығыңызды арттырады», – дейді сарапшылар.
ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ БАНКТЕ ҚАНША АҚШАСЫ БАР?
Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша, еліміздегі екінші деңгейлі банктерде сақталған барлық клиенттердің ақшасы (депозиттер мен шоттары) 42,5 триллион теңгеге жеткен. Оның ішінде, ұлттық валютада – 31,1 триллион, шетел валютасында (теңгеге шаққанда) – 11,4 триллион теңге. Тек депозиттерді есепке алсақ, банктердегі таза депозиттердің көлемі 32,64 триллион теңге. Оның ішінде, теңгемен – 25,16 триллион, шетел валютасында (теңгеге шаққанда) – 7,48 триллион теңге.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Жазғы демалыс жайлы өтсін десеңіз...
- 14 маусым, 2025
Мемлекеттік қызметші болу – зор мәртебе
- 14 маусым, 2025
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді