
Хакімнің туғанына 180 жыл толуына орай ауқымды іс-шаралар өтіп жатыр. Солардың бірі – Жамбыл политехникалық жоғары колледжі арнаулы оқу орындары студенттері арасында ұйымдастырған облыстық «Абай оқулары» байқауы. Іс-шараны облыстық техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығының басшысы Айбар Сапарғали мен Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің директоры Асхат Картаков ашып, байқауға қатысқан талапкерлерге сәттілік тіледі. Сонымен қатар, байқаудың ашылу сәтінде аталған колледж студенттері Абай Құнанбайұлы аударған, Онегин мен Татьянаның бір-біріне жазысқан хаттарын лирикалық толғау түрінде көрініс арқылы көпшілік назарына ұсынды.
Байқауға өңіріміздегі барлық колледждерден үш аталым бойынша жетпіске жуық үміткер қатысты. Қазылар алқасының құрамы Мәдениет саласының үздігі, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының әншісі Жанатбек Қадыров, Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің бас редакторы Саятхан Сатылғанов, Тараз қалалық балалар және көркемөнер мектебінің бейнелеу пәнінің мұғалімі Қарлығаш Әйтімішева, өңірлік «Тараз-24» телеарнасының тілшісі Нұрбақыт Тұтқышбек секілді білікті мамандардан жасақталды. Олар да қара қылды қақ жарып, үміткерлердің өнерін әділ бағалауға күш салды.
Дегенмен байқау барысында «әттеген айлар» да кездесіп жатты. Киімі сонша сәнді, қазақы нақыштағы өнерпаздардың Абайдың бір өлеңін толық жатқа айтып бере алмауы ойландырды. Көпшілігі осындай талаптан сүрініп жатты.
Қасиетті сахнаға жейдемен, спорттық киіммен шыға салған қатысушыларға не деуге болады? Дегенмен, жүзден жүйрік танылып, өз өнерімен сүйсінткен талабы таудай студенттер де кездесіп, байқаудың мазмұнын аша түсті. Қазылар алқасының шешімімен «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» аталымы бойынша Жамбыл медициналық жоғары колледжінің студенті Бақтияр Смаил бас жүлдені иеленсе, Қаратау құрылыс техникалық колледжінің студенті Ақбота Тоқтарбай, Тараз теміржол көлік және коммуникация колледжінің студенті Әбілмансұр Тоқтарбай, Жамбыл инновациялық жоғары колледжінің студенті Ұлдана Ержан жүлдегерлер қатарын толықтырды. «Көңілім әнді ұғады» аталымы бойынша «Парасат» жоғары колледжінің студенті Нұрай Ұланқызы жеңімпаз атанды.
Жамбыл медициналық жоғары колледжінің студенті Ақерке Кемпірбай мен Жамбыл инновациялық жоғары колледжінің студенті Альфия Мадиқызы жүлделі орындарға ие болды. «Абай – ұлы суреткер» аталымы бойынша Тараз сервис технологиялық колледжінің студенті Аслан Санақ жеңімпаз атанып, жанкүйерлерін қуантты.
Сонымен қатар, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенті Николетта Филиппова, «Парасат» жоғары колледжінің студенті Сабина Айнақұл да жүлделі орындарға қол жеткізді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Мәдениет саласының үздігі Жанатбек Қадыров бастаған қазылар алқасы дипломмен және сыйлықтармен марапаттады.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Майтөбеде ауылдық клубтар арасында Art-тимбилдинг ұйымдастырылды
- 16 маусым, 2025
Азамат. Қаламгер. Тұлға
- 16 маусым, 2025
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді