
Ел басына күн туғанда етігімен су кешкен ерлер қай заманда да аз болған жоқ. Халықтың басына қайғының қара бұлты үйірілген сондай бір шақтарда Оразбек Жылымбетов майданға аттанды. Оразбек Жылымбетұлы 1905 жылы Талас ауданының Үшарал ауылында дүние есігін ашты.
Жастайынан асқар тау әкесінің тағылымды тәрбиесін алған оның есейген шағы өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы ашаршылықпен тұспа-тұс келді. Елді осынау нәубеттің шеңгелінен құтқаруға тырысқан Оразбек ата Кеңес Одағының батыры С.Шәкіров атындағы кеңшарда ұжымға ерте араласты. Өзінің қағылездігінің арқасында есепші мамандығын да оқып бітіріп алды. Сөйтіп 1940 жылы Талас аудандық дайындау бөліміне есепші болып жұмысқа орналасты.
Ол жақта еңбекқорлығымен, ізденімпаздығымен көзге түсіп, аталмыш бөлім жанындағы ұжымшар тобының аға есепші-нұсқаушысы қызметіне дейін жоғарылады. Алайда алдына асқақ арман, биік мұрат қойған өскелең жастың барлық жоспарын Ұлы Отан соғысы тас-талқан етті.
Ел шетіне жау тигенде атқа қонған кешегі бабаларынан үлгі алған майдангер өз еркімен 1941 жылдың қоңыр күзінде саперлер дайындайтын оқу-жаттығу бөліміне аттанды. Сөйтіп, Ташкенттегі әскери дайындық барысында ол қаруластарымен бірге минер мамандығының қыр-сырын терең меңгерді. Осында жүргенде Боссу каналының құрылысына атсалысып, кейін біраз уақыт Иранда болып қайтты.
Бұдан кейін бөлімше командирі шенінде 285 инженерлік-саперлік батальонның сапында ұрысқа кірді. Әскери салада «Минер бір-ақ рет қателеседі» деген тәмсіл бар. Осының өзі мұның қаншалықты жауапты жұмыс екенін аңғартып тұрғаны анық. Себебі оның қолында өзінің ғана емес, мыңдаған жауынгердің өмірі тұр. Егер сәл шалыс басып, қателессең оның соңы орны толмас өкінішке соқтыратыны анық. Осыны жете түсінген батыр сан мәрте ажалмен бетпе бет келсе де намысын найза, қайсарлығын қазық қылып ешнәрседен тайсалмады.
Талай мәрте миналанған аумақты жау «қақпанынан» тазартып, алдыңғы шепте жүрді. Әрине, оның бұл көзсіз ерлігі ескерусіз қалған жоқ. Қан майданда жүргенде-ақ кеудесіне екі «Қызыл жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендері мен «Ерлігі үшін» медалінің тағылуы – жоғарыдағы сөзіміздің айғағы.
Оразбек ата ұрыс алаңында даңқты маршал Конев қолбасшылық ететін әскердің құрамындағы өз батальонымен бірге мыңдаған шақырымға созылып жатқан майдан даласын басып өтті. Сондай-ақ Днепр, Висла өзендерінен өту операцияларына белсенді қатысып, ерлігімен сан рет көзге түсті.
Еуропаны азат етуге қатысып, Жеңіс көктемін 1945 жылы 9 мамырда Берлинде қарсы алды. Оның ерлігі кейін де ескерусіз қалмай, марапаттарының қатары «Үздік минер» белгісімен және «Германияны жеңгені үшін» медалімен толықты.
Осылайша Жеңісті жақындатуға мол үлес қосып, мамыражай мамыр айында қаруластарымен бірге Отанға оралды. Нар тұлға ел басынан қара бұлт сейілген бейбіт күнде еңбек майданының да беделді сардарына айналды. Отан үшін от кешіп, кеудесінде орден-медалі жарқыраған жалынды жасқа сенім артылып, Талас ауданы, «Бостандық» ұжымшарының төрағасы етіп сайлады.
Бірден ұжымшардың тірлігін дөңгелетіп әкеткен Оразбек ата ауыл адамдарымен жақсы тіл табысып, барлығын еңбекке жұмылдырды. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде «Бостандық» аудан ғана емес, облыс көлемінде алдыңғы қатардан көрініп, мал басы мен мемлекетке өткізілетін өнімдердің сапасы мен көлемі күрт арта түсті. Еңбек майданындағы ерлігі де жоғары бағаланып, омырауына Ленин ордені тағылды.
1949 жылға дейін осы қызметті абыроймен атқарып, ел арасында қаһарман ардагер атанып, кейінірек Талас ауданы қаржы бөлімінің инспекторы, Жданов атындағы ұжымшар төрағасының мал шаруашылығы жөніндегі орынбасары, аталмыш ұжымшардың гидротехнигі, «Бостандық» ұжымшарының №4 фермасының меңгерушісі болып еңбек етіп, ізінен ерген жастарға бар білгенін үйретіп, тәжірибесімен бөлісті.
Тек 1974 жылы 69 жасында ғана денсаулық жағдайына байланысты зейнет демалысына шықты. Осындай өнегелі өмірдің иесі 1988 жылы 83 жасында мәңгілікке көз жұмды. Әрине, қазақ даласында жауға қарсы тұрып, көзсіз ерлік көрсеткен қаһармандар жетерлік. Олардың барлығы қандай құрметке болса да лайық. Таулардың алыстаған сайын биіктейтіні тәрізді, жылдар өткен сайын кешегі жауынгерлердің де даңқы арта түсуде.
Оразбек Жылымбетов те солардың сапында. Оның ерлігінен үлгі, тағдырынан тағылым алатын халқы барда есімі ешқашан ұмытылмайды.
Кенжебек ОЛЖАБАЙ,
Тараз қалалық мәслихатының төрағасы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді