«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әулиеата аспанын ән тербеген күн

Әулиеата аспанын ән тербеген күн
Автор
Қойнауы құтқа толы Әулиеата жерінде тағы бір ән мерекесі салтанат құрды. Қазақстан мен Қырғыз Республикаларының Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, І, ІІІ дәрежелі «Барыс» және «Парасат» ордендерінің иегері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, әнші композитор Алтынбек Қоразбаев атындағы «Ән-жырым саған, туған ел!» атты ІV Халықаралық әншілер байқауы көпшілікке жоғары көңіл күй сыйлады. Байқауды Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясы ұйымдастырды.

Іс-шараны облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай ашып, өнер саңлақтарына сәттілік тіледі.

«Бұл байқаудың өзіндік дәстүрлі жолы бар. Нағыз талантты әншілер бақ сынайтын өнер додасы. Алаштың ардақтысы Алтынбек Қоразбаев ағамыздың төрімізде отыруы бір мерей. Бұл жолы да нағыз таланттар сынға түсіп жатыр. Шын жүйріктің бағы жансын», – деді ол.

Байқау басталмас бұрын А.Қоразбаевтың «Туған жерім тамаша!» әнін барша қатысушы өнерпаздар көрермендермен бірге шырқады. Аталған филармонияның «Ақкербез» бишілер ансамблі орындаған «Қыз қуу» биі де көпшіліктің көңілінен шықты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тоқтар Серіков бастаған қазылар құрамында әйгілі әнші, «МузАРТ» тобының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Беспаев, «Тараз» триосының солисті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Ыдырысов, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі Уланбек Качкыналиевтың болуы байқаудың бағасын биіктете түсті.

Байқаудың І-кезеңіне еліміздің түкпір түкпірінен және Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғыз республикаларынан келген 20 қатысушы өнер көрсетті. Оларға Алтынбек Қоразбаевтың екі әнін орындау талабы қойылды. Өнерпаздар «Баласағұн» орталық концерт залын әнге бөледі.

Атап айтқанда, Өзбекстанның Ташкент қаласынан келген әнші Аманжол Ескермесов «Көзіңнен айналайын», «Менің дағы бір аққуым бар шығар» әндерін шырқаса, алматылық Медет Орынбаев «Сары ала қаздың оралуы», «Бозторғай» әндерін жүректерге жеткізді. Мейрамбек Беспаев оқушы күнінде орындаған осынау әсерлі ән талғампаз тыңдармандарды тағы бір тебірентті. Тараздық Орынбасар Бақытұлы шырқаған әндерді де жерлестеріміз зор ықыласпен қолдады.

«Мен Ташкент қаласынан келдім. Алтынбек ағамыздың екі әнін шырқадым. Тараз қаласына бірінші рет келуім. Маған қаланың өзі де, халқының кең пейілі де ұнады. Байқауда жақсы әсерге бөленіп, қуанышты күй кештім», – деді Өзбекстан республикасынан келген қандасымыз Аманжол Ескермесов.

Қазылар алқасының шешімімен байқаудың ІІ-кезеңіне 10 әнші жолдама алып, ережеге сай еркін әндер орындады. Қытай Халық Республикасынан келген қандасымыз Ұлбосын Кенжебайқызы Тілеухан Мұқатайдың «Илигай» әнін адырна аспабымен орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді.

Атыраулық Мейіржан Қабдолов, қарағандылық Дамира Ақтаева, қостанайлық Ермахан Бақдәулет те жұртшылыққа озық өнерлерін тарту етті. Бұл күні еліміздің әр аймағынан, шет мемлекеттен келген жезтаңдай әншілер Тараз аспанын әуенге бөледі. Көптен бері бұлай дәстүрлі ән тыңдамаған көрерменнің көңілі серпіліп, бір арқаланып қалды.

Ақтаулық Луиза Нұрқуатова, Батыс Қазақстан облысынан келген Талант Мәжитов патриоттық әндер орындап, елге рух сыйлады. Моңғолия республикасынан келген «Тұғыр» квартеті де өздерінің тұғырын төмендеткен жоқ. Астаналық Ақбөпе Әлібекова, түркістандық Асыл Жомартов, алматылық Медет Орынбаев та бұл кезеңде көпшілік көңілінен шыққаны анық. Батыс, Шығыс, Жетісу, Арқаның өнерпаздарын тегіс қазақтың ән өнері Тараз топырағында тоғыстырғандай күй кештік.

Бұл байқаудың дәстүрлі жолы бар. 2013 жылы алғаш өткен дәл осы байқаудың бас жүлдесі алматылық «Аңсар» квартетіне бұйырыпты. Ал 2016 жылы алматылық Нұрболат Абдуллин мен Сая Сейтимова топ жарса, 2023 жылы жамбылдық Дулат Жасұзақов жүзден жүйрік шығып, жеңімпаз атаныпты. Бұл өнерпаздардың баршасы қазіргі таңда елімізге кең танылып, өнер әлемінен өз орындарын тапқаны көпшілікке мәлім. Кешкілік Гала-концертте де өнерпаздар көпшіліктің көзайымына айналды. Тіпті, елдің алдында байқаудың басты себепкері Алтынбек Қоразбаев та, оның танымал шәкірті, жұрттың жүрегінен орын алған Тоқтар Серіков те тамаша әндер орындап, құрметке бөленді.

Байқауды облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев қорытындылап, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің атынан ықылас, құрметін көрсетті.

«Алтынбек Қоразбаев ағамыз – ән әлемінің бренді. Қазақ елі ардақтаған тұлға, Жамбыл жерінің мақтанышы. Жүрегінен шыққан әндері әр қазақтың аузында жүрген талантты композитор. Дара тұлғаға айналған жерлесімізге ұзақ ғұмыр тілейміз», – деді ол.

Мұнан соң Алтынбек Қоразбаев толғана сөйледі.

«Жамбыл жері, қасиетті Әулиеата топырағы маған соншалықты ыстық. Мен жастық жылдарымда 17 жыл бойы осында Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияға директор болдым. Оның алдында «Алатау» ансамблін 5 жыл басқардым. Ең танымал әндерім «Сағындым Кенен атамды», «Әгугай, домбыра», «Бозторғай», «Сағындым Алматымды», «Қара кемпір», «Қара шал» барлығы да осы Жамбыл жерінде жүргенімде өмірге келді. Осы елдің пейілі, жерлестерімнің ықыласы мені көтерді, көгертті.  Жамбылдық жерлестеріме мың рахмет. Осы байқауға қолдау білдірген облыс әкімдігіне, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына үлкен алғысымды айтамын. Әулиеата жеріне бар жақсылықты тілеймін!», – деді композитор.

Облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев пен Алтынбек Қоразбаев байқаудың бас жүлдесін алматылық Медет Орынбаевқа табыс етті. Жеңімпазға дипломмен қоса 1 миллион теңге ақшалай сыйлық берілді.

Жүлделі бірінші орынға Қытай Халық Республикасынан келген қандасымыз Ұлбосын Кенжебайқызы лайық деп танылса, жүлделі екінші орынды атыраулық Мейіржан Қабдолов иеленді. Жүлделі үшінші орынды түркістандық Асыл Жомартов пен астаналық Ақбөпе Әлібекова өзара бөлісті. Бұл күн жас өнерпаздардың бағын жандырумен ерекшеленсе, Алтынбек Қоразбаевтың әндерінің өміршеңдігіне қалың көпшіліктің көзі тағы да жеткендей болды.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар