«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сегіз ірі жобаны сәтті жүзеге асыруда

Сегіз ірі жобаны сәтті жүзеге асыруда
Ашық дереккөз
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті аккредиттелген ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектісі болып табылады. Мемлекеттік бюджеттен және бюджеттен тыс ұсынылатын ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуға университеттің ғылыми және материалдық-техникалық ресурстары бойынша мүмкіндіктері жеткілікті. Бүгінгі таңда университетте 4 ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істеуде. Атап айтсақ, «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы, агробиологиялық ғылыми-зерттеу орталығы, аквамәдениет ғылыми-зерттеу орталығы, «Ветеринария және мал шаруашылығы» ғылыми-зерттеу орталығы студенттер үшін тәжірибе алаңына айналып отыр.

Стратегиялық бағыттағы саяси-экономикалық қажеттіліктерге байланысты мемлекеттің тікелей сұраныстарын қамтамасыз ету бойынша Қазақстанның көптеген жоғары оқу орындары ғылыми бағытта маңызды әрі ауқымды жобалар төңірегінде жұмыс істейді. Университет мемлекеттің бір емес, сегіз бірдей ірі жобасын сәтті жүзеге асырып келеді.

Университет ғылыми әлеуеті мен инфрақұрылымдық мүмкіндіктерінің талапқа сай болуының нәтижесінде жалпы құны 1 337 779 539 теңгені құрайтын гранттық жобаларды іске асырып отыр. Оның ішінде өткен жылы игерілген қаржы көлемі 572 770 162 теңгені құрады. Жылдық интервал бойынша нақтырақ тоқталсақ, университет бүгінгі таңда гранттық қаржыландыру жобаларын 2023-2025 және 2024-2026 жылдар аралығында орындайды. Яғни, 2023-2025 жылдар аралығында 5 және 2024-2026 жылдар аралығында 3 ғылыми жоба атқарылуы тиіс.

Гранттық қаржыландыруға арналған сегіз жобаның үшеуі ғылыми және ғылыми техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға арналған конкурс, үшеуі ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламалар бойынша бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурс, екеуі ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жөніндегі неғұрлым перспективалы жобаларды гранттық қаржыландыруға арналған конкурс шеңберінде орындалуда.

Университеттің ғылыми зерттеу орталықтары тек жеңіп алған гранттық жобалар аясында ғана жұмыс істеп қоймай, жергілікті мекемелерге жоғары деңгейдегі ғылыми зерттеу қызметтерін де ұсынады. Жекелей алғанда, университет жанындағы аквамәдениет ғылыми-зерттеу орталығының қызметі аясында 2020–2024 жылдар аралығында 202 ғылыми-зерттеу жұмысы орындалды. 2024 жылы жалпы құны 17 587 000 теңгені құрайтын 60 ғылыми-зерттеу жұмысы сәтті аяқталды. Бұл университеттің ғылым бағытындағы аспектісінің тек бір бөлігі ғана.

Дегенмен осы бір көріністің өзі-ақ Жамбыл облысындағы ғылымның өңірлік тұрғыда тұрақты дамып келе жатқандығын көрсетеді. Бұл білім беру мекемесінің осыған дейін жасап келе жатқан ірілі-ұсақты әр түрлі деңгейде маңыздылыққа ие жұмыстарынан бөлек, алдағы жылдарға қойған мақсаттары мен жоспарларының елдегі білім мен ғылымның тағдырына алаңдаулы жандардың көңілдеріне сенім ұялатары анық.

 

Дархан СӘТБЕКОВ,

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар басқармасының басшысы.

Ұқсас жаңалықтар