«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Мойынқұмның дара жандары» анықтамалығы жарық көрді

«Мойынқұмның дара жандары» анықтамалығы жарық көрді
Автор
Жақында Алматыдағы «Мирас» баспасынан Мойынқұм ауданының құрылғанына 60 жыл толуына арналған энциклопедиялық анықтамалық жарық көрді. 720 беттен тұратын «Мойынқұмның дара жандары» кітабында ауданның құрылу тарихы және өңірді өркендету жолында еңбек еткен азаматтардың, осында туып, елін-жерін республикаға танытқан тұлғалардың және еңбек адамдарының өмір деректері жазылған.

Кітап Шу бойындағы ел, жер тарихына шолу жасай келе, Мойынқұм ауданы дамуының екі кезеңін – біріншісі 1965 жыл мен 1992 жыл аралығындағы кеңестік дәуір болса, екінші кезең 1992 жылдан бергі тәуелсіз Қазақстан кезеңін қамтиды. Басылымның жалпы редакциясын басқарған автор әрі редакторы – ұзақ жылдар ауданда мемлекеттік қызметтің сан саласында басшылық лауазымдарда жемісті қызмет еткен Мақсат Сейдалиев.

«Мойынқұм өңірі туралы айтсақ, бұл кең байтақ даланың мыңдаған жылдық шежіре өмірі, қат-қабат жұмбақ сырлары бар. Алысқа бармай-ақ, бертінге көз салсақ, «Жиырмасыншы ғасырдың Гомері» атанған Жамбыл Жабаевты, «Малшылардың маршалы» атанған екі мәрте Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевты, еліміздің егемендігі жолындағы күрестің бастауы – Желтоқсан көтерілісінің батыры, Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековты да туған осы Мойынқұм даласы. Биыл осыдан 85 жыл бұрын Көктерек ауданы, кейіннен Мойынқұм болып қайта құрылған ауданның 60 жылдық мерейтойы. Тарихты адамдар жасайды, ал адамдардың жүріп өткен өмірі сол тарихымыздың алтын өзегі. Сондықтан осы Көктерек пен Мойынқұмды жасаған адамдардың өмірдеректерін жазып, кітап етуді мұрат еттік. Себебі өткен жылдар біздің тарихымыз және түп тамырымыз», – дейді автор.

Иә, елдің тарихы жеке адамдардың тарихынан қалыптасатыны белгілі. Кітапты қолға алған оқырман шалғай ауданның тарихы мен қалыптасу жылдары жайлы деректемелермен, ауданның 60 жылда жеткен жетістіктері, оған тікелей атсалысқан белгілі тұлғалар, ауданнан шыққан белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен өнер адамдары, Еңбек Ерлері мен еңбек ардагерлері, тағы басқа да ауданға қатысты мағыналы мәліметтер мен қызықты деректерге қанық болары анық.

Айта кетсек, төрт бөлім мен 19 тараудан тұратын кітап Мойынқұм ауданының тұңғыш энциклопедиялық анықтамалығы болып отыр. Басты мақсат ауданды құруға тікелей атсалысқан, оның өркендеуіне елеулі үлес қосқан азаматтарды түгендеп, кейінгі ұрпақтың танып-білуіне мәліметтер беру болғандығын айта кеткен жөн. Кітапты жазуда, оның кейіпкерлері жайлы мәліметтер жинауда автормен бірге ақылдастар алқасының мүшелері айтарлықтай еңбек етсе, ауданның бір топ азаматтары қаржылай қолдап, демеушілік жасаған. Дегенмен аталған кітап негізінен автордың жеке қаражаты есебінен шыққанын айта кеткен жөн.

«Көкейдегі жақсы ойлардың бәрі бір кітапқа сия бермеді. Дегенмен, жалғастырар жандарға бағдар беріп, із салдық деп ойлаймын. Жақсы іс жалғасын табарына сенім мол», – дейді Мақсат Сейдалиев.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

 

Ұқсас жаңалықтар