«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өмірі – өнеге, өлеңі – мұра

Өмірі – өнеге, өлеңі – мұра
Автор
Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығында ақын, сазгер, Қазақстан Республикасының Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Талас ауданының Құрметті азаматы Битама Мырзамбетұлының 90 жылдығына арналған «Өмірі – өнеге, өлеңі – мұра, Би-аға» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Кеш шымылдығы ақынның өмір жолынан сыр шертетін театрландырылған қойылыммен түріліп, көрерменді бірден әсерге бөледі. Сахналық көріністе ақынның азаматтық болмысы, шығармашылық мұрасы мен тағдырлы ғұмыры көркем тілмен өріліп, көпшілік көңілінен ерекше орын алды. Салтанатты жиында Талас ауданы әкімінің орынбасары Дәулет Төленді сөз сөйлеп, ашып Битама Мырзамбетұлының ел руханиятындағы елеулі орнын айрықша атап өтті.

Ол ақын мұрасын ұлықтау – ұлт руханиятына көрсетілген құрмет екенін алға тартты. Жыр барысында ақын шығармашылығын дәріптеуге бағытталған «Ақыл қазына – ар таразы» атты аудандық мәнерлеп оқу байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқауға қазылық еткен зиялы қауым өкілдері – жазушы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы, ақынжурналист Азамат Есалы және айтыскер ақын, журналист Есет Досалы.

Әділ қазылар алқасының шешімімен, бас жүлдені Майтөбе ауылынан бақ сынаған Индира Қансейіт иеленді. Бірінші орынды Нұрбақыт Әзімхан (Ойық ауылы) алса, екінші орын Дария Серік (Бөлтірік шешен ауылы) пен Назерке Қанатқа (Бостандық ауылы) бұйырды. Ал үшінші орынды Диана Бадирова (Қасқабұлақ ауылы) мен Асылжан Лесбек (Сейілбек ауылы) өзара бөлісті. Томирис Мұхтар арнайы жүлде алды.

Әдеби-сазды кеште ақынның қызы, Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі Жанар Битамақызы «Жан әкем» әнін тебіреніспен орындап, әке рухына деген сағыныш пен құрметтін көрсетті. Сонымен қатар ақынның тұңғыш немересі, дәстүрлі әнші Айгүл Мақашова «Насихат термесі» мен «Арман-ай» әнін орындап, көрермен ықыласына бөленді. Сондай-ақ «Ақтілек» әні «Талас» триосының орындауында көпшілікке ұсынылды.

Кештің ерекше сәттерінің бірі – ақынның ұлы Бауыржан Мырзамбетовтің «Балама хат» әнін орындауы болды. Әке мен бала арасындағы терең сезім мен тағылымды ойға құрылған бұл туынды көрерменге ерекше әсер сыйлады. Ал мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші Дүйсенбек Өміралиевтің орындауындағы туындылар кеш мазмұнын байыта түсті. Әнші-сазгер Нұрым Қойгелдиев «Сағынамын» әнін шырқап, Зәуре Сатыбалдиевамен бірге «Би аға, Битама аға» әнін орындап, кештің көркін аша түсті.

 

Aq jol – Аqparat

Талас ауданы

Ұқсас жаңалықтар