«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жыр әлемінің жарық жұлдызы

Жыр әлемінің жарық жұлдызы
Автор
Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы Тараз қаласындағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы №10 орта мектеппен бірге ақын Серік Томановтың 70 жылдығына арналған «Жыр әлемінің жарық жұлдызы» атты әдеби кеш ұйымдастырды. Сыршыл лирик, өзіндік қолтаңбасы бар ақын, журналист Серік Томанов қысқа ғұмыр кешсе де, жүрекке жететін өлеңдерімен оқырман есінде мәңгі сақталып келеді. Бұл кеш – тек шығармашылықты дәріптеу ғана емес, адамдық пен достықты, отбасы құндылығын айшықтайтын рухани жүздесу екендігін көрсетті.

Әдеби кешке ақынның жары Бибігүл Кәрімқызы және ұлы Еркін Жапаров, шығармашылық жолында бірге еңбек етіп, бір ортада қызмет атқарып, ой бөліскен қадірлі әріптестері Сәрсенбек Бәкір, Мұстафа Машрапов сынды өңіріміздің зиялы қауым өкілдері қатысты. Олар Серік Томановты әр қырынан танытатын алуан сәттегі естеліктерімен бөлісті.

Кеш Серік Томановтың өмір жолынан алынған сахналық қойылыммен ашылды. Көрсетілім аясында «Толғақ», «Ақ парақпен сырласу», «Сағыныш дерті меңдеген еді», «Ақын екем» деген өлеңдері мәнерлеп оқылды. Сонымен қатар уақыт пердесін сәл артқа шегіндіріп естеліктер әлеміне сапар шеккізген кітапхана қызметкерлері оқырмандарға жасанды интеллект арқылы ақынның студенттік өмірдегі қызықты сәттерінен және қызмет атқарып жүрген кезеңдерінен үзінділер ұсынды.

Шынайы поэзия әлеміне үңіліп ақынның, түрлі өлеңдері оқылып көрермен жадына жылылық ұялатты. Ақынның сөзіне жазылған «Қызыл көйлек киген қыз», «Айдында жүзген аққуым менің», «Соғады сен деп жүрегім» әндері К.Әзірбаев атындағы облыстық филармония өнерпаздарының орындауымен тыңдаушыны ерекше күйге бөледі. Кеш аясында шығармашылық иесінің жарық көрген туындылары топтастырылған «Жырым менің жүйрігім» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Әдеби сазды кеш соңында ақынның «Пәруана» кітабының нүктелі бедерлі Брайль қарпіндегі нұсқасының тұсауы кесілді.

Жаңа кітаптың 1 данасы №2 «Болашақ» мектеп-интернатының оқушыларына арнайы жолданды. Ақынның жары өткен күндердің елесіндей болған естелік көріністерден кейін жүрегінде қордаланған әсерлі ойын тебірене жеткізіп, барша ұйымдастырушылар мен сахналық көрініске қатысқан балаларға алғысын білдірді.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

 

Ұқсас жаңалықтар