«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әулиеаталық жастар көкпардан ел чемпионы атанды

Әулиеаталық жастар көкпардан ел чемпионы атанды
Автор
Ұлттық спорт дегенде – ұлттық рух, ұлттық намыс, тарих, мәдениетіміз бен дәстүріміз еске түседі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен соңғы жылдары елімізде ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келеді. Нәтижесінде, еліміздің барлық өңірлерінде Ұлттық спорт Қауымдастығы мен оған қарасты 9 федерация ұлттық спорт түрлерінен жарыстарды жүйелі өткізуде.

Жалпы, спорт – өркениетті қоғам өмірінің айнымайтын бір бөлшегі. Бұл күнде спортпен айналыспайтын, оны мемлекеттік тұрғыда қолдамайтын мемлекеттер некен саяқ. Өркениетті елдер мемлекеттік бюджеттен қомақты қаржы бөле отырып, өз спортшыларының өнерін жетілдіруде әрі жарыстарда жеңуін қалап, жанкүйер болуда. Қасиет дарып, құт қонған Жамбыл жерінде де ұлттық спортқа жіті көңіл бөлінген.

Өзгесін айтпағанда, көкпардан «Әулиеата» құрамасы 14 дүркін Қазақстан чемпионы атанды. Ендеше, шабандоздарымыздың есімдері ел тарихында, оның ішінде спорт шежіресінде алтын әріптермен жазылары анық. Естеріңізде болса, жуырда ғана Талғар төрінде еліміздің әр өңірінен келген 13 құрама мен 160-қа жуық үздік шабандоздар өз бақтарын сынаған еді. Сайын даланы шаңға бөктірген дүбірлі додада жамбылдық көкпаршылар жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Міне, осылайша біздің жас жігіттер шабандоз ағаларының жолын лайықты жалғай білді.

Алматы облысында көкпардан өткен Жастар арасындағы Қазақстан Республикасының XIX чемпионатында жерлестеріміз алғашқы кездесуде Түркістан облысының командасын 5:4 есебімен жеңсе, кейін Жетісу облысын 9:2, Алматы облысын 6:3 есебімен тізе бүктіріп, финалға жолдама алды. Ал финалдық ойында Жамбыл облысының құрамасы мен Шымкент қаласының командасы алтын жүлдені сарапқа салды.

Тартысқа толы бәсекенің негізгі уақыты тең аяқталды. «Алтын салым» кезеңінде әулиеаталық жас шабандоз Арнұр Әсен шешуші ұпайды еншілеп, өз командасына жеңіс сыйлады. Осылайша, жиырма бір жасқа дейінгі жас көкпаршылар ел чемпионатында тоғызыншы мәрте топ жарып, өңір абыройын тағы бір мәрте асқақтатты. «Әулиеата» ұлттық спорт клубының басшысы, даңқты көкпаршы Нұрдәулет Момынов ізбасарларының өнеріне көңілі толатынын жеткізді.

– Бұл сында өңір-өңірлерден келген командалар төрт топқа бөлінді. Біздің команда «соқыр жеребенің» салдарынан ә дегенде-ақ Түркістан облысының азулы құрамасына түсіп қалды. Өздеріңізге мәлім, түркістандық таланттар бұған дейін екі жыл қатарынан чемпион атанып үлгерген еді. Десе де, біздің жігіттер намысты қолдан берген жоқ. Нәтижесінде, жеңіс тұғырына көтерілді. Кейінгі жетісулық және алматылық қарсыластарымыз да оңай шағылар жаңғақ емес еді. Әйтсе де, көкпаршыларымыздың білгенінен жаңылмағаны қуантады. Шынын айту керек, осынау сайыста шымкенттік жігіттерге сәттілік серік болғаны және үлкен дайындықпен келгені байқалды. Себебі олар түгелдей дерлік қарсыластарын оңай жеңді. Ал жамбылдық шабандоздар жарысқа дейін нақтырақ айтқанда, облыстық біріншілікте шеберліктерін арттырған болатын. Ол сында өңірдегі 8 ауданның көкпаршылары күш сынасты. Осылайша, біз жастар құрамасында өнер көрсететін жігіттерді іріктеп алдық. Содан соң, бір айға жуық уақыт бойы оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Бұл ретте Есжан Құрманбай, Елдос Асыл және Жасұлан Қожағұл секілді жаттықтырушылардың еңбегін ерекше атап өткен жөн, – деді Нұрдәулет Нәбиұлы.

Айта кетейік, күні кеше жамбылдық спорт сүйер қауым жас көкпаршыларымызды сән салтанатымен күтіп алды. Олардың арасында облыс тұрғындарымен бірге спорт жанашырлары мен көкпаршылардың туыстары да бар. Бастысы, осы күні күй тартып, ән шырқаған жастар – жеңіс рухын шын сезінгені мәлім.

– Жастар арасында ел чемпионатында біздің құрама сәтті өнер көрсетті. Тіпті жігіттер жаңбыр жауғанына қарамастан, шымкенттік шабандоздарға есемізді жібермеді. Өз басым командада 12-нөмірде өнер көрсеттім. Негізгі уақытта таразы басы теңескенімен, қосымша уақытта біздің бағымыз жанды. Командама жеңіс сыйлағаныма қуаныштымын, – дейді шулық Арнұр Кенжебекұлы.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар