«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Еттің бағасы неге шарықтап барады?

Еттің бағасы неге шарықтап барады?
Автор
Нарықтың байламы болмаған қазіргі уақытта азық-түліктің бағасы жиі құбылып тұр. Әсіресе тұрғындар жиі тұтынатын азық-түлік түрлерінің арзандайтын түрі жоқ. Соның бірі – ет. Төрт түліктің баршасының бағасы төмен емес. Оның ішінде қой және сиыр еті аспандап кетті.

Ет бағасының қымбаттауы қала тұрғындарына өте ауыр соғып отырғаны белгілі. Жалпы алғанда қаланың тұрғындары үшін төрт түлік малдың өнімін тұтыну жылдан жылға қиындап барады. Өткен аптада «Қайқармет» базарының ет сататын бөлігіне арнайы бардым. Сиыр мен қой етінің килограмы 3500 теңгеден. Жылқының етінен де қымбат. «Көбірек алсаңыз, 3400 теңгеге түсеміз ғой. Қатып қалған баға жоқ», – деп саудагерлер лыпып тұр. Аталған базарға жақын «Ислам ет» дүкенінде де сиыр етінің килограмы 3400 теңге.

Мұндай бағаны қарапайым қала тұрғындарының қалтасы көтере бермейді. Сонан соң тауық етін қанағат тұтады. Тауық етінің килосы да 1800 теңгеден түспей тұр. Соғымның кезінде тұрғындар жылқы, сиыр сойған үйден жіліктеп ет алады. Кейінгі уақытта сойылатын ірі қара бағасы да өршіп тұрғаны ойлантады.

«Қазіргі таңда үлкен жылқыны 800 мың теңгеден кемге соймайды. Сонда бір аяғы 200 мың теңге. Сол теңгені жалақысы аз отбасылар қыс бойы төлеп шығады. Былтыр ғана жылқы бағасы 600 мың, жылқы етінің бір килограмы 2300 теңге болатын. Қой етінің бағасы да осы шамада еді. Кенеттен шарықтап кеткенін түсінбей жүрген ел көп», – дейді Тараз қаласының тұрғыны Ержан Аудабеков.

Сиыр мен қой еті бағасының қымбаттауына ет экспортының артуы әсер еткен екен. Ол туралы Талас аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Ауданбек Ерубайдан сұраған едік.

«Біздің аудандағы шаруа қожалықтары еркек қозыларды жыл сайын Қордай, Меркі ет комбинаттарына өткізеді. Былтыр килограмын 2 мың теңгеден өткерді. Бір қозы 20 кило десеңіз, әр қозы 40 мың теңгеге бағаланды. Қазіргі бағамен сол қозы 70 мың теңгені құрайды. Еттің қымбаттауы биылғы жыл басынан басталды. Оған себеп Өзбекстанмен шекарадағы кедергілердің алынуы. Тонналаған етіміз Ташкентке кетіп жатыр. Бірден емес, Шымкент, Түркістан қалалары арқылы жол тартып жатыр. Мына жағында Қордай арқылы да қырғыз асып жатыр. Сондықтан баға көтеріліп кетті», – деді ұзақ жыл ауыл шаруашылығы саласында тер төгіп келе жатқан тәжірибелі маман.

Біз ет бағасына қатысы бар басқарманы іздеген едік. Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары «Біз бұған жауап бермейміз» деп, ат-тондарын ала қашты. Әйтпесе, ет дегеніңіз мал өнімі емес пе?

Малға жауапты ауыл шаруашылығы басқармасы емес пе? Айналып келгенде ет бағасына жауапты кәсіпкерлік және индустриалды- инновациялық дамыту басқармасы болып шықты. Басқарма басшысы Аспандияр Сейсебаевтың тікелей өзіне хабарласқан едік. Ол жылы сөйлескенімен, беруге тиіс ақпаратты созып жіберді.

Ақыр аяғында бөлім басшысы да емес, сауда және сыртқы экономикалық байланыс бөлімінің бас маманы Жомарт Нохан қысқаша ғана жауап берді.

Ол жауапта:

«Облыс бойынша 2025 жылдың 13 мамыры бойынша Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес сиыр етінің инфляциясы жыл басынан 15,3 пайызға өсім көрсетіп, бір килосы 2800-3400 теңге аралығын құрап отыр. Қазіргі уақытта еттің бағасының өсімі экспорт көлемінің (Өзбекстанға, Тәжікстанға, Әзербайжанға) ұлғаюына байланысты туындауда. Ет бағасының өсуі тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде байқалады. Бүгінде Тараз қаласы аумағында орналасқан «Дәмді себет», «Нурислам», «Оптовик №1» сауда желілерінде ет килосы 3300 3400 теңгеден саудалануда. Сонымен қатар «Мыңбұлақ» базарындағы (9 шағынаудан) «Ет» павильонында сиыр етінің килосы 2800 теңгеге сатылуда. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес 2024 жыл қорытындысымен Жамбыл облысында 56 219,7 тонна ірі қара мал, 31 765,7 тонна қой еті, 17 118,9 тонна жылқы еті сойылған немесе союға өткізілген», – деп жазылыпты.

Кәсіпкерлікке жауапты басқарманың бұл жауабына да шүкір дедік. Дегенмен бас маман еттің қымбаттағанын айтқанымен, осы жағдайдан шығу жолдарын көрсетпепті.

Жаңағы «Мыңбұлақ» базарындағы (9 шағынаудан) «Ет» павильонында сиыр етінің килосы 2800 теңгеге сатылып жатқанынан қала халқы толық хабардар ма? Егер тұрғындар көбірек барса ол ет жеткілікті мөлшерде бола ма? Осы сұрақтың жауабын ешқандай жауаптылардан ала алмадық. Одан да басқа сауалдар аз емес. Сырт мемлекеттерге экспортталғандықтан ет қымбаттады деп қарап отыра беру қаншалықты дұрыс? Әлем бойынша ет қымбаттады деп шарықтаған бағаға басымызды шұлғи береміз бе? Не істеу керек енді?

 

Есет ДОСАЛЫ

 

Ұқсас жаңалықтар