
91 қару-жарақ тапсырылды
Бүгінгі таңда өңірде тіркелмеген атыс қаруы, оқ дәрілер мен жарылғыш заттарды халықтан сатып алу бойынша акция жалғасуда. Бұл шараның негізгі мақсаты – тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру және заңсыз айналымдағы қару-жарақты азайту. Азаматтар заңсыз сақталған қару жарақты, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған жағдайда қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Сонымен қатар, тапсырылған қарудың техникалық жай-күйіне қарай әр қару бірлігі үшін ақшалай сыйақы қарастырылған.
Айта кетейік, жамбылдықтар 21 сәуірден бері құзырлы органдарға 91 қаруды ерікті түрде тапсырған. Оның ішінде 13-і ойық ұңғылы, 78-і тегіс ұңғылы қару. Қазіргі таңда тапсырылған қаруға баллистикалық сараптама тағайындалған. Ал сараптама қорытындысынан соң тиісті ақшалай өтемақы тағайындалмақ.
Еске салсақ, азаматтар қару мен оқ-дәрілерді облыстық және аудандық полиция бөлімдеріне тапсыра алады. Осы ретте полицейлер тұрғындарға заңсыз сақталған қару-жарақты ерікті түрде тапсыру қылмыстық жауапкершіліктен босататынын мәлімдеді. Ал керісінше, анықталған жағдайда Қылмыстық Кодекстің 287-бабына сәйкес, қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Алтын ұрлап, айып арқалады
Тәртіп сақшылары Т.Рысқұлов ауданында құны 1,8 миллион теңгеден асатын алтын әшекейлерді ұрлаған 40 жастағы ер адамды анықтады.
Тергеу барысында оның жәбірленушінің өз ұлы екені белгілі болды. Аталған дерек бойынша Қылмыстық Кодекстің 188-бабы 3-бөлігі 3-тармағымен (ірі мөлшерде жасалған ұрлық) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдіктіге қаражат қажет болып, әкесінен көмек сұраған.
Алайда, сұранысы орындалмаған соң, әкесі мен отбасы мүшелері тойға кеткен сәтті пайдаланып, үйге терезе арқылы кіріп, әйелдерге және ерлерге арналған алтын бұйымдарды ұрлаған. Ол өз кінәсін мойындады. Тергеу амалдары жалғасуда.
Қой ұрлаған күдікті құрықталды
Полиция қызметкерлері Талды жайылымында орналасқан шаруашылық кәсіпорынындағы мал ұрлығы дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеруді бастады. Оған ұсақ мал өсірумен айналысатын осы шаруашылықтың басшысы арызбен жүгінуі себеп болған. Ер адамның айтуынша, белгісіз адам оған тиесілі 16 қой мен қозыны жасырын ұрлап әкеткен. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында полицейлер 33 жастағы күдіктіні анықтады. Заттай дәлелдемелерді тәркілеу шаралары жүргізілуде.
– Мал ұрлығының негізгі себебі – иесінің жайылымды ұйымдастырмағаны, малды түнде жайылымда қараусыз қалдыруы, таңбаламауы, ал мұндай жануардың ұрланғанын дәлелдеп, тану қиындай түседі. Көптеген мал иелері ұрлық жасаудың нақты уақытын көрсете алмайды. Себебі, өздері жайылымға апталап қараусыз қалдырып кетеді және ұрлық туралы біраз уақыт өткізіп алып хабарланады. Нәтижесінде, қылмыстарды ашу жұмысы күрделене түседі, – деп атап өтті Т.Рысқұлов аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы Жасұлан Таникеев.
Танысының сеніміне кіріп, тауарлық несие рәсімдеген
Жуырда тәртіп сақшылары алаяқтық дерегі бойынша 29 жастағы азаматты қолға түсірді. Ол өзінің танысының сеніміне кіріп, оның телефонын заңсыз пайдалану арқылы банктен шамамен 1 миллион теңгеге жуық тауарлық несие рәсімдеген. Күдіктіні анықтап, ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті құрықталып, қамауға алынған.
Тергеу барысында ол өз кінәсін толық мойындайды. Қазіргі уақытта аталған фактіге сәйкес, Қылмыстық Кодекстің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде. Осы ретте полицейлер азаматтарға цифрлық қауіпсіздікке айрықша көңіл бөлу қажеттігін ескертеді.
Мамандар «банк қосымшаларына қолжетімділік беретін құпия сөздер мен деректерді бөгде адамдарға еш жағдайда беруге болмайды», – дейді.
Сондықтан, сенімділіктің соңы өкінішке ұласпас үшін әрбір азамат өз деректеріне мұқият қарағаны жөн.
Жалған нөмір үшін жазаланды
Патрульдік полиция полкінің мамандандырылған батальонының қызметкерлері жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу барысында «Audi» автокөлігін тоқтатады. Тексеру кезінде жүргізушінің көлікке тағылған мемлекеттік нөмірді жасыру үшін әдейі қағаз жауып қойғаны белгілі болған.
Жүргізушінің бұл әрекеті – жалған нөмір қолдану ретінде бағаланып, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 590-бабының 4-бөлігіне сәйкес, әкімшілік іс қозғалды. Материалдар сотқа жолданып, сот шешімімен құқық бұзушы 1 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылып, бір тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді