
Аталған қоғамдық бірлестік Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің студент жастарымен «Жастарды құқықтық тәрбиелеу – сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымның негізі» тақырыбында келелі кездесу ұйымдастырды. Жиында «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев баяндама жасады.
– Жыл басынан бері Президент атап өткен «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамда нығайту және насихаттау бойынша ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Студенттер мен оқушыларды қамтыған «Тәртіпті өзіңнен баста!» акциясы облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен орынбасары Серік Сәлемовтың тікелей қатысуымен өтуде. Жамбыл облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес жүргізілудің нәтижесінде 2023 жылы – 43, 2024 жылы 63 жемқорлық қылмыс әшкере болған. Жастардың санасына жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруға бағытталған іс-шараларға да ерекше мән беріледі. «Жемқорлық – індет, онымен күресу – міндет» тақырыбындағы студенттер арасында өткен республикалық эссе байқауының жастар тәрбиесіне әсері мол. Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде студенттерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында Комплаенс қызметі құрылған. Мұнда «Адалдық сағаты», «Таза сессия» акциялары, түрлі семинарлар мен кездесулер өтіп тұрады. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Тәртіпті өзіңнен баста!» атты жастармен кездесу өткізілген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұйымдастыруымен өткен Семей қаласындағы «Абай сөзі – әділдіктің темірқазығы» атты республикалық зияткерлік ойындарында университеттің командасы Назгүл Абитаеваның жетекшілігімен бірінші орынға ие болды. Облысымыздың жоғары оқу орындары мен колледждерінде жұмыс істейтін 43 «Саналы ұрпақ» еріктілер клубының жұмыстарын жандандыра түсу қажет. Осы орайда, облысымыздың мектептерінде 392 «Адал ұрпақ» еріктілер клубы бар екенін айта кету керек, – деді ол.
Одан әрі Қасымхан Естемесұлы «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту бағытында облыстық прокуратура, полиция департаменті мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті, облыстық ардагерлер кеңесі кешенді шаралар өткізіп жүргеніне, облыс әкімі мен аталған қоғамдық бірлестік төрағасы арасында жемқорлыққа қарсы ынтымақтастық туралы келісім бар екеніне тоқталды. Мұнан соң университет ректоры, академик Махметғали Сарыбеков сөйледі.
«Жиналған студент жастарға айтарымыз, жемқорлық – жегі құрт. Осынау күрделі дертпен күрес қай кезде де өзекті. Жемқорлықтың қасіретін жастарға түсіндіру жолында «Жаңару» қоғамдық бірлестігі үлкен істер атқарып келеді. Біздер сол бастамаларға қолдау білдіргеніміз дұрыс», – деді.
Жиын барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Дәурен Омаров, Аmanat партиясы облыстық филиалы атқарушы хатшының орынбасары Уәлихан Болатбек, облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадыралиев, аталған университеттің «Саналы ұрпақ» еріктілер клубының белсендісі Жания Нұрболқызы, университеттің «Заң» факультетінің «Азаматтық және қылмыстық құқық» кафедрасының оқытушысы, отставкадағы полиция полковнигі Семейхан Сексенбаев, университеттің Комплаенс қызметінің офицері Орынқыз Жолдасова өз ойларын ортаға салды.
Іс-шара соңында Қасымхан Төлендиев университеттің басшылық, профессорлық құрамына, студенттерге, жиналған барша қонақтарға алғысын білдірді.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді