- Advertisement -

Көксай мен Қаралма шатқалдары бақылауда

90

- Advertisement -

Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі Жамбыл аумақтық пайдалану басқармасы филиалының қызметі – облыс аумағындағы халықты, шаруашылық объектілерін аймақтағы қауіпті табиғи құбылыстардың (сел, сырғыма, қар көшкіні) әсерінен сенімді қорғауды қамтамасыз ету болып табылады. Филиалдың осы салада атқарып жатқан жұмыстары және қар көшкіні кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы мекеме басшысы Сұлтан Ақбердиев Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында жан-жақты айтып берді.

– Мекеменің қызмет атқару аймағында қар көшкіні қаупін төндіретін Жуалы ауданындағы Көксай және Қаралма шатқалдары тіркелген. Облыста қараша-наурыз айлары аралығында қар көшкіні қауіпті кезең болып есептеледі. Сондықтан Көксайдағы тұрақты су бекетінің радиобайланыспен қамтамасыз етілген су бақылаушысы тәулігіне үш мәрте гидрометеорологиялық жағдай бойынша орталық диспетчерлік пунктке мәлімет ұсынып отырады. Көксай, Ақсай, Қаралма шатқалдарына «Сақ болыңыз, қар көшкіні!» деген ескерту қалқаншасы мен Көксай, Қаралма шатқалдарына қар қалыңдығын өлшейтін рейкалар орналастырылған, – деді баяндамашы.

Сұлтан Құдиярханұлының айтуынша, өткен жылдың қарашасынан бастап таулы аймақта орналасқан қар көшкіні қаупі бар аудандардағы әртүрлі деңгейдегі әкімдіктерге, кәсіпорын, мекеме, әскери бөлім басшыларына, шаруа қожалықтарының иелеріне ескертпе-ұсыныстар беріліп, түсіндіру жұмыстары барысында қар көшкіні кезінде қандай әрекет жасау керектігі түсіндірілген жадынамалар таратылған. Облыстағы Қырғыз жотасының, Талас Алатауының солтүстік беткейіндегі қар көшкіні қауіптілігін, сел қауіпті өзендердегі мұз құбылысын анықтау, таулы аймақтағы қар қорын фондық бағалау мақсатында төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп аэрошолу зерттеу жұмыстары жүргізілді. Қар көшкіні жағдайларының болуы ықтималдығы мерзімінде қауіпті аймақта орналасқан мекемелерге, Жуалы, Т.Рысқұлов, Меркі, Қордай және Талас ауданы әкімдіктеріне, ауылдық округтерге хабарлама- ұсыныс хаттар берілді. Мекеме мамандары бекітілген кестеге сәйкес әр айдың онкүндігінде Көксай, Қаралма шатқалындағы көшкін қауіпті телімге жербетілік зерттеу жүргізіп, зерттеу актісін жазып отырады.

Нәтижесінде қар жамылғысы биіктігі анықталып, көшкін туындау қауіптілігіне талдау жасалды. Атқарылған жұмыстар жайлы бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде және ведомствалық веб-сайтта жарияланым, мақалалар жарияланып тұрады. Сонымен қатар филиалдың қызмет көрсету аумағындағы халықтың қауіпсіздік мәдениетін арттыруға, төтенше жағдайлар саласындағы білімді насихаттауға және сақтық шаралары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуге облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының Жастар ресурстық орталығымен меморандумға қол қойылған. Мамандар Көксай шатқалында орналасқан демалыс базасында демалушыларға қар көшкіні туралы және туындаған жағдайда әрекет жасау туралы ұдайы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп тұрады.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support