- Advertisement -

Назарбаев «Ресей бізді басып алады» деген үрейді сөз етті

71

- Advertisement -

Еуразиялық экономикалық одақ құру — ол дұрыс таңдау. «Хабар» телеарнасына эксклюзивті сұхбат берген Президент Нұрсұлтан Назарбаев осылай деп мәлім етті.

«Егер де шығарған өнімдерімізді, тауарларымызды біреу сатып алмайтын болса, ол сол күйінде қоймада қалады. Осыдан кейін зауыт тоқтап, жұмысшылардың барлығы жұмыстан босатылады. Жақын көршілермен экономикалық қарым-қатынас жасау маңдайымызға біткен. Мүмкіндігіміз осы және біздің басқа амалымыз жоқ. Сондықтан саяси емес, экономикалық одақ құру — ол дұрыс таңдау. Мен бұған зерттеген түрде, білген түрде шын көңіліммен барып отырмын. Біз Ресеймен және Қытаймен сауда-саттық жасамасақ болмайды. Сонымен қатар Беларусьпен, Украинамен, оңтүстіктегі ағайындармен де әрине, сауда жасағанымыз жөн», — деді Елбасы.

«Кейбіреулерде Ресей бізді басып алады деген үрей бар. Бірақ олай емес. Мысалы, Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерінің үш президенттері жиналып, талқылау жүргізген кезде біреуі қарсы болса, онда ешқандай мәселе шешілмейді. Егер де екеуінің шешімі маған жақпайтын болса, мен қарсылық танытамын және осы орайда олар шешім жасай алмайды. Сондықтан барлығының құқығы бірдей», — деді Президент.

Мемлекет басшысы бұл тұрғыда келісімге сәйкес, Қазақстан келіспейтін мәселелер туындаса, еліміз одақтан шығып кетуге құқығы бар екендігін қадап айтты.

«Егер де Тәуелсіздікке нұқсан келтірілсе, ондай ұйымдарда Қазақстан еш уақытта да болмайды. Ата-бабамыздың қанымен, терімен келген Тәуелсіздікті біз біріншіден, ешкімге бере алмаймыз, екіншіден, қасық қанымыз қалғанша оны қорғауымыз керек», — деді Назарбаев.

Осы орайда Президент тығыз сауда жасайтын екі екі ел бір-бірінің тыныштығы мен бейбітшілігін қолдайтындығын, саясатына кіріспейтіндігін және жанжалдаспайтындығын атап өтті.

«Сондықтан бұл жерде ешқандай да қорқатын, жасқанатын жағдай жоқ. Оның барлығын мен қарап отырмын. Қазақстанның Тәуелсіздігін қызғыштай қорғап жүрген қазақтың бірі мен ғой. Осы орайда елдің болашағына қарап отырған адаммын. Сондықтан бұған түсіністікпен қарау керек. Жай бос сөзді қою қажет!», — деп түйді Елбасы.

Ақпарат көзі: news.nur.kz 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support