- Advertisement -

Мәнерлеп сырғанаудың мәнін ұққан

127

- Advertisement -

Мәнерлеп сырғанау. Қазақ үшін оң жамбасқа келе бермейтін спорт. Таразда тұратын Мейрамбек Зиябеков пен Күләш Сарыпбекованың үйінде болғанымда тосын сыйға кенелдім. Қабырғада ілулі тұрған Қырғыз Республикасының бұрынғы Президенті Р.Отунбаеваның қасындағы сүп-сүйкімді, кіп-кішкентай қазақ қызын көріп таңғалайын.

– Мәке-ау, Қырғыздың падишасы сіздің үйіңіздің төрінде не қылып тұр? – дейін.
– Қырғыз падишасы емес, анау жанындағы Әйгерім – менің туған жиенім. Осыдан екі жыл бұрын конькимен мәнерлеп сырғанаудан сол елдің біріншілігіне қатысып, бас бәйгені жеңіп алған, – деді досым мақтанып.
Ал керек болса. Айтпақшы, Әйгерім деп Абайға жақындатып қойған мың жылдық құрдасы Ақшал ақсақал.
– Ой, айналайын-ай, – деймін ризашылығымды жасыра алмай.
– Үлкен қызым Гүлзада мына Шымкенттің жігітімен бас құраған. Күйеу баланың есімі – Берік, тегі – Ақшалов. Әйгерімді алты жасында Алматыдағы мұз айдынына мәнерлеп сырғанайтын үйірмеге апарған екен. Ә, дегеннен-ақ қабілетімен ұстазының көзіне түсіп, соңғы 3-4 жыл көлемінде жасөспірімдер арасындағы біріншілікте жүлделі орынды иеленіп, Италия, Франция, Ресейде өнер көрсетіп үлгеріпті.
Көрсеткіштері де жаман емес. Әйгерім Ресейде өткен мәнерлеп сырғанаудан әлем және Олимпиада чемпионы атанған атақты Тихоновтың да көзіне түсіпті. Олар Әйгерімнің талантына таңғалып, Мәскеудегі дарынды балалардың олимпиадалық орталығына шақырған. Әке-шешесі жібермепті. Мүмкін дұрыс, мүмкін бұрыс.
Қызық болғанда, Әйгерімнің інісі Еркебұлан да конькимен мәнерлеп сырғанауға құмартса керек. Әпкесі екеуі жұптасып сырғанауға машықтанып, біраз сында өрнекті өнер көрсетіпті. Алайда, Еркебұланның «еркелігі» оны мұз айдынының «арыстаны» атануына кесірін тигізген түрі бар.
Сонымен Әйгерім қызымыз Алматыда. Биыл емтиханнан сүрінбей өтіп Н.Назарбаев зияткерлік мектебіне түсіпті. Таразда жүргенде де мақтаулы мектептің бірінде оқыған екен. Бірақ ол мұз айдыны бар қаланы қалапты.
Арманы – мәнерлеп сырғанаудан әлемдік додада топ жару.
Арманыңа жет, мұз айдынының кішкентай Падишасы!

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support