
Қасіретке толы соғыста қанша боздақ қыршын кетіп, қанша үй «қара қағаз» алып, сүйенер азаматтарынан, сүйікті балаларынан айырылып, қанша ана қара жамылды? Қанша адам қанды қырғында із-түссіз, хабар-ошарсыз кетті? Қазір де базбірінің сүйегі қай жерде қалғаны белгісіз. Майданнан қанша адам мүгедек болып (аяғы мен қолынан айырылып, контузия алып, кеудесін оқ тесіп, снаряд жарықшасы немесе қорғасын оқ денесінде қалып және т.б.) оралды?
Денсаулығы соғысқа жарамайтын, жасы ұлғайған қанша кісі еңбек батальондарына алынып, «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!» деп күн мен түнмен таласып еңбек еткен қайсар жандардың жанқиярлық еңбегін қалай ұмытамыз? Ел басына күн туғанда тылдағы бар жұмыстың ауыртпалығын өз мойындарына алған әйелдер мен бұғанасы қатпаған балалардың еңбегін немен теңестіреміз? Сұрапыл, аласапыран жантүршігерлік соғыстың тауқыметін біз ата-аналарымыздың әңгімелерінен, естеліктерінен естіп-біліп, кинофильмдер көрдік, кітаптардан оқыдық.
«Соғыстың аты өшсін!» деп отырушы еді боздақтарынан айырылған жесір аналар ауыр мұңға беріліп, жанарлары жасаурап, кеуделері қарс айырылып. Уақыт дене жарасын жазса да, жан жарасын жаза алмайтынын солардың қас-қабағынан ұғатынбыз. Сол жылдары бас көтерген фашизмнің әлемге келтірген зардабын зерттеушілер әлі де зерделеп, сараптап жатыр. Майданда хабар-ошарсыз кеткен боздақтарды іздестіру қанша уақыт өтпесін жалғасуда. Менің әкем Ордабек Бейсенов 1902 жылы қасиетті Қаратау өңіріндегі жалпы жұрт Көсегенің Көкжоны деп атап кеткен Сарысу ауданының Үшбас ауылында дүние есігін ашып, өсіп-жетіліп, колхоздың ауыл шаруашылығында еңбек жолын бастады. Бірақ тыныш өмірдің шырқын кенеттен басталған Ұлы Отан соғысы бұзды. Ер азаматтар Отан қорғауға – әскерге шақырылып, майдан даласына аттанып жатты. Ордабек көкем 1941 жылдың күзінде әскерге алынып, қиян-кескі сұрапыл соғыс қасіретін өз көзімен көріп, етігімен су кешіп, қар мен мұз жастанып, дұшпандармен күресті.
1944 жылы оң санынан ауыр жарақат алып, әскери госпитальда ұзақ емделіп, Отан соғысының екінші топтағы мүгедегі болып елге оралды. Майдандағы ерлігі үшін «ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендері мен бірнеше медальдармен марапатталған. Қантөгіс соғыс жүріп жатқанда жанын күтіп жатуды ар санап, ол көп уақыт өтпей колхоздың қызу еңбегіне араласып, ауылдың ауыр шаруасына кірісіп кетті. Жазда егін егу, астық ору, шөп жинау сынды қарбалас жұмыстар болса, қыста мал қыстату жұмыстарына белсенді араласты.
Соғыс туралы әңгімені көп айта бермейтін еді жарықтық. Тек анда санда реті келгенде ғана өмірінің бір үзінділері мен шағын эпизод естеліктерін баяндайтын. Жауынды, ызғарлы күндері етінде жаудың оқ жарықшағы қалған аяғы сыздап, аздап ауырып, бірер күн ақсаңдап қалатын. Соған қарамай, еңбек дегенде жанын салатын, қысы-жазы жұмыстан қолы бір босамайтын.
...Өткен жүзжылдықтың 60-шы жылдарында Үшбас ауылының іргесінен біраз жер арнайы алма бағы үшін бөлініп, оған сан түрлі жас көшеттер отырғызылды. Оларды әкем жарықтық таңның атысы, күннің батысына қарамай уақытылы суарып, арамшөптерден ажыратып, арық-атыздарын тазартып, түбін мезгіл-мезгіл қопсытып, қажетті тыңайтқыштармен қоректендіріп, жас баланы мәпелегендей аялап өсірді. Тіпті айсыз түннің қараңғылығына қарамай алма бағын аралап, әр арыққа сылдыратып су жіберіп, суарып жүргенін көргенде туған жерін, табиғатты соншама сүйетініне бала жүрекпен қайран қалатынмын.
Өсе келе әлгі алма бақ бүкіл ауыл мақтанышына айналды. Сырттан келген қонақтар кімнің болмасын көз жауын алатын сары-қызыл алмалардың жұпар иісіне елітіп, қызыға қарап, тіл үйірер тәттілігіне, ерекше дәмділігіне тәнті болатын. Ауыл сыртындағы жайлауға қоныстанған малшылар мен қойшылар балалары тәтті алмаға жаз бойы қарық болып қалатын. Әкемнің сол игілікті зор, ерен еңбегіне ауыл тұрғындары ғана емес, кеңшар мен аудан басшылары да қызығып, қолдап отыратын. «Табиғатты қалай аяласаң, ол саған солай жауап береді.
Біздің адамшылық қасиетіміз айналадағы, ағаштар қартайып, күйзеліп, «шаршап» тұр. Кейінгі толқын жастар, жергілікті мектеп оқушылары сол қартая бастаған бауды қамқорлыққа, қорғауға алып, біраз ағаштарды жаңартып, жаңа көшеттер отырғызу ісін қолға алса нұр үстіне нұр болар еді.
Ауылға барған сайын ескі құлақ қариялардың:
«Бақ отырғызу – болашаққа баға жетпес мұра қалдырумен пара-пар» деген дана сөзінің рас екеніне көзім жетеді. «Қара жерді емсең, ерінбей еңбек етсең, ерте ме, кеш пе бақытқа кенелесің», деп отырушы еді жарықтық әкем өзі өсірген исі мұрын жара аңқыған, тілді үйірер тәтті қауын мен қарбызды келген қонақтар алдына жайып тастап. Құдай біздің игілігіміз үшін жаратқан тіршілік иелерінің қадірін білумен өлшенеді. Кейде дүние қуған заманды көріп, «шіркін-ай» деп өкініп жататын кездеріміз де болады. Сондай бір жабырқау сәттеріңде табиғат аясына шығып, серуендеп қайтсаң, көңілің байып, жаның байыз тапқандай болып қаласың. Адам тәрбиесі мен табиғатқа деген көзқарастың бәрінің өзегі бір болса деймін. Біз үйімізді қалай таза ұстасақ, ауламызды, ауылымызды да солай таза ұстауға талпынуымыз керек. Жүрген жеріміздің бәрінде де сондай бір мәдениеттілік, ізгілік, адамдық, парасаттылық қасиеттер болса тамаша болар еді», – дейтін Ордабек көкем жайқалып өсіп келе жатқан алма бақтағы жас көшеттерді салалы саусақтарымен рахаттана мәпелеп тұрып.
Әлі есімде, үшінші сыныпта оқитын кезім. Күн жылып, қар кетіп, дала мен белестер жасыл кілемге орана бастаған көктем болатын. Балалармен тауды тауға, тасты тасқа жалғап, серуендеп жүргенімде, бірде тастың арасынан қылтиып өсіп тұрған алма ағашын көріп, тамырымен қопарып үзіп алып, аулаға әкеліп еккенмін. Оны мәпелеп күтуге әкем жәрдемдесті. Қазір ол ескі үй жанында өсіп тұрған мәуелі жемісі бар зәулім ағаш.
Менің ойымша, тал дарақ, жасыл ағаш егуге құмарлық осы алма ағашынан басталған еді. Кейін оныншы сыныпты тәмамдап, мектеппен қоштасар жылы 10-12 түп тәтті алма беретін жас көшет отырғыздық. Олар да бүгінгі күнге дейін өз жемісін беріп, жайқалып жайнап тұр. Жаз айларында қызметіміздің тым қарбаластығына қарамай немерелерімді қасыма ертіп туған атамекеніме – Үшбасқа тартып кететін кезім болып тұрады. Сонда немерелеріммен қосылып сонау ертеректе әкем отырғызған алма бақты еркін аралап, дәмді алмалардан дәм татамыз, ауасымен рахаттана тыныстап, алыста қалған балалық шақты сағына еске аламын. Бар саналы өмірін туған жеріне тал-дарақ егіп, бау-бақша салып, көріктендіру мен гүлдендіруге айналдырған әкемнің дүниеден өткеніне, міне, 40 жылдан асыпты. Сонша жылдар өткеніне қарамастан Үшбас ауылының тұрғындары бар жиған-терген қаражатына бау-бақша егіп, болашаққа мұра қалдыруды мақсат еткен әкемнің есімін ұмытпай «Ордабек қария отырғызған алма бағы» деп іштартып, аса құрметпен еске алып отырады
...Жуырда кіндік қаным тамған жер Үшбас ауылына атбасын бұрдым. Әрине қазіргі ауыл өмірін өткен жүзжылдықтың 60-шы жылдарымен салыстыруға еш болмайды. Бұрынғы шатырсыз жатаған «тоқал» үйлер, қазіргі заман талабына сай еңселі үйлермен алмастырылған. Күре жолдарға асфальт төселген. Электр жүйесі тартылған. Әр үйде теледидар сайрап тұр. Жастардың қолында бір бір телефон, смартфон, кіммен, қашан сөйлесемін десе де ерік өзінде. Үй ауласына құбыр тартылып, ауызсу мәселесі шешілген.
Тіпті, ата-бабамыз армандамаған табиғи газ желісі ауыл ішіне тартылып, таяу мезгілде негізгі желіге қосылады деп ел қуанып отыр. Егін шаруашылығына қажетті трактор, комбайн және де басқа техника әр отбасында сақадай сай, дап-дайын тұр. Әр үйде жүйткіген жеңіл көлік автомашина. Мен ата-бабаларымыздың табиғи сауаттылығы мен зеректігіне таңғаламын. Ордабек әкем, жарықтық, біздің Көкжонда өсетін ағаш, шөптесін өсімдіктердің барлығының атауын жік-жіктеп, қандай қасиеті барын бес саусағындай білетін.
«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді ғой халқымыз. Сондықтан болар, менің әкемнің тәрбиесінен алғаным бүгінгі күнге дейін өз нәтижесін беріп келеді. Қазірге дейін қала орталығындағы үйіміздің маңайын қолдан келгенше көріктендіріп, көгалдандырудан бірде бір жалыққан емеспін. Жұмыстан қолым қалт етсе, ағаштарды күтіп, гүл егіп, оларды суарып, аулаға су шашып, көңілім жадырап, рахат сезімге бөленемін. Тіпті Тараздағы үй маңындағы көше бойына пайдасыз ағаштардың орнына жеміс ағаштарын (жаңғақ, өрік, шие, шабдалы) отырғызып, олардың жемісін жеп, пайдасын көріп отырғанымыз бар.
Туған елге қызмет етудің озық үлгісі – айналаңды көркейту, қалаңды, далаңды қадірлеу, оған қамқорлық жасау деп білемін. Тіпті еліміздің астанасы Ақмолаға ауыстырылғанда, табиғаты кедей сары далаға жаңа еңселі, әдемі қала орнатумен қатар, Сарыарқаның кең даласына 70 мың гектардан астам жерге орман отырғызуын, оған қырғауыл, елік және де басқа аң-құстарды өсірту үлкен көрегендік деп есептеймін. Әдемілікке мән беріп, жердің қыртысына, үйдің орналасқан жағдайына қарай жерді икемдеп, неше түрлі әдемі гүлзарлар, адам тыныстап, демалатын саябақтар жасап, қала мен ауылды гүлдендіріп отыру әр заманда болған.
Ата тарихымызда әрдайым бұл үрдіс көрініс беріп отырғаны белгілі. Міне, әкеден балаға мирас болған ағаш отырғызу бүгінде менің де сүйікті ісіме айналған. Жаным жабырқаса да, көңілім құлазыса да, тіпті қуанышымды да өз ауламда еккен жасыл желекпен, гүлдермен бөлісемін. Үйімнің ауласында жайқалып өсіп тұрған сандаған гүлдерге, мәуе ағаштарына қарап көз сүйсіндіріп, көңіл жұбатарлық ләззат аламын. Менің табиғатқа сүйіспеншілігім ерекше, махаббатым мәңгі. Ол ешқашан сабырланып, өшпек емес. Өмірімнің жалғасы немерелерімнің де солай болып өсуін қалаймын.
Зейнетке шыққаннан кейін де Ордабек әкем біраз жыл бау-бақша бригадирі болып, шаруашылық жұмысшыларын, механизаторларды жаз айларында қауын-қарбызбен, қызанақ, қияр мен пиязбен, картоппен қамтамасыз етуге өз үлесін қосты. Өле-өлгенше иығынан кетпені түспей, арық бойын тазалап, жүйек-жүйекке су салып, алма мен өрік, шие мен алқоры, алмұрт пен шабдалы, дарақ көгеріштерді аялап кетті. Тындырымды еңбегімен ел-жұрттың құрметіне бөленіп жүріп, 1977 жылы бақилық болды. Мәңгілік тыныштықты кіндік қаны тамған туған жерден тапты. Артында жақсы сөз қалды, өшпес із қалды, өмірін жалғастырып мына біз қалдық. Ой елегінен өткізсем, содан бері міне 40 жыл зулап бір күндей болып өте шығыпты. Көңілде барлығы күні кешегідей сайрап жатыр, барлығы көз алдыңда.
Таяуда, көгілдір көктемнің шуақты, жайдарлы күндерінің бірінде туған ауылым Үшбасқа бардым. Тал-теректер құлпырып, жеміс ағаштары гүл жарып, ауылды әсем жасыл желекке көмкеріп тұр. Мұрынды қытықтатар жағымды гүл иістері ауаға әтір сеуіп қойғандай әсер етеді. Ауыл ортасындағы Ордабек көкем еккен алма баққа бардым. Уақыт келе қартайып, қажыған алма ағаштарының біразын Серікбек Құлыбеков ініміз екеуміз өткен күзде алдырып тастаған болатынбыз-ды.
Аудан әкімі Сәкен Мамытов пен ауыл әкімі Дүйсен Борсықовтың қолдауымен биыл олардың орнына 120 жас алма ағаш көшеті отырғызылып, алма бақ едәуір жаңартылып, көлемі жаңадан қоршалып, көрікті, әсем, көзтартар қақпа орнатылыпты. Арық бойларымен жас ағаштарға нәр беріп, мөлдір су сылқ-сылқ етіп асықпай еркелей ағып жатыр. Көршілердің бірінің ашық терезесінен талмаусырап көңілді ән естеледі:
«Кіндігімнің жас қаны,
Тамған жерім, ауылым.
Шабытымның асқары,
Самғау жерім, ауылым.
Жастығымның куәсі,
Шұрқыраған ауылым.
Жусаны мен жуасы,
Бұрқыраған, ауылым.
Көк торғындай көктемде,
Сағым буған, ауылым.
Алыс сапар шеккенде,
Сағындырған, ауылым...»
Иә, бұл ақын Жабайыл Бейсеновтің сөзіне жазылған сазгер Теміржан Базарбаевтың көпшілікке таныс, әр жүректі тербеп, көңіл қытықтар, сағынышқа толы «Ауылым» әні. Оны шебер орындап жатқан Нұрлан Өнербаев. Бүгінгі ауыл тіршілігі көңілді тербейді. Ордабек әкемнің сонау жарты ғасыр бұрын жасаған игілікті ісі, жасыл ағаштар отырғызып, оларды мәпелеп өсірген еңбегі, одан әрі жас ұрпақтан қолдау тауып, жалғасып жатқаны қуантты... Қазақ неге «Өткен күнде белгі жоқ» деді екен?
Мына алдымдағы гүл шешек жарып, әлемді жаңғыртып тұрған баққа қарап тұрып, сол сөздерге күмән келтірдім. Мына фәниде атқарған игілікті істің, жақсылықтың ұзақ жылдарға жалғаса беретініне көз жеткізіп, шын қуандым.
Сонау ертеректе, 1825 жылы, орыстың ұлы ақыны А.Пушкин Еділ-Жайық бойын аралап жүріп, қазақтың жазық дархан далаларына көз тігіп тұрып: «Шіркін, әр қазаққа қырда бір түп ағаш отырғызу міндет етілсе, жапанда орман жайқалар еді ау!» деп тәтті қиялға берілген екен. Шынында да еліміздің әрбір азаматы осы бір парасатты сөзді көңіліне тоқып, жүрегіне аялатып, ағаш егуді алдына мақсат етіп қойып, бұл дәстүрді келер ұрпағының бойына сіңіре білсе, айналамыз жайқалған жасыл желекке оранбас па еді!
Қазақ бабамыз «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дегені бекер емес-ау, сірә.
«Әр істі ойлау керек әуел бастан,
Не пайда өнері жоқ жігіт жастан.
Мәз болып көрінгенге құмарланба,
Жейтұғын жемісі жоқ тау мен тастан.
Құдіретті Құдайым қандай күшті,
Тоқтайды ұстыны жоқ жер мен аспан.
Бәйгенің шауып шыққан атындай-ақ, Бұл дәурен өте шығар кәрі жастан...», – деп Қызыл жырау жырлағандай, Ордабек әкемнің артында өз қолымен әр талын туған жеріне отырғызып, мәпелеп өсірген жайнаған алма бағы, елінің ол кісіге деген ыстық ықыласы, абыройлы жақсы ісі қалды. Ол бақ бүгіндері «Ордабек ата бағы» деп аталады. Мына тіршілікте халық ықыласынан артық марапат, құрмет жоқ емес пе?!
Облыс орталығы Тараз қаласында көпті көріктілігімен өзіне тартып, қызықтыратын «Жеңіс» саябағында 2019 жылы «батырлардың батыры» атанған Бауыржан Момышұлының көрнекті ескерткіші орнатылып, Ұлы Отан соғысына қатысқан жамбылдықтарға арнайы ескерткіш тақталар қойылып, мәрмәр тасқа барлық майдангерлердің есімдері қашалып жазылды. Бұл кейінгі ұрпақтың соғыс қасіретін көріп, отты жылдар отына шалынған ата-аналарына деген зор құрметі болды. Сол тізімнің арасында менің әкем, соғыс ардагері Ордабек Бейсеновтың да есімі бар.
Әнеу бір күні немерелерімді ертіп, сол қасиетті орынға бардық, өткен күндерді еске алып, олардың майдандағы ерлігі мен адал еңбегі, әкемнің соғыста жараланса да елге аман жеткендігі жайлы, сұрапыл соғыста жүріп, жарқын күндерді аңсаумен өткен аға ұрпақ туралы немерелеріме естелік айтып тұрып:
«Әке, мына жарқын дүниеге, бейбітшілік заманға, бақытты күндерге сіздердің арқаларыңызда жеттік. Жастық шақтарыңызды сұрапыл соғыс жалмады, одан кейінгі жылдарыңыз да жеңіл болған жоқ: қираған қалаларды, бұзылған жолдарды, күйзеліп жатқан ауылдарды қалпына келтіруге күш жұмсадыңыздар. Сөйтіп өмірдің рахатын сіздер көре алмадыңыздар. Сіздердің майдандағы ерліктеріңіздің, еңбектегі қажырлықтарыңыздың арқасында мынау біз, өмірлеріңізді жалғастырып жүрген ұрпақтарыңыз, жарқын күндерге жеттік. Сіздерге әрдайым басымызды иеміз, рухтарыңа тағзым етеміз, жандарыңыз пейіште болғай!» – деп сөзімді аяқтап, гүл шоқтарын қойдық.
Қанша жасқа келсем де, қанша уақыт өтсе де, бүгіндері біраз жылдарды артқа тастап, немерелерімді ертіп жүрсем де, әлі әкемді сағынамын, жүрегім езіле еске аламын. Сірә, бұл көптің бойындағы әдет-дағды болар. «Әке – асқар тау!». Әке өміріңдегі ақыл айтар тіренішің де, сүйенішің де сол. Оларға әрдайым тағзым ету, қадірлеу, құрметтеу, ардақтау біздің басты парызымыздың бірі.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Сарысу ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді