
Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, жылы мезгіл басталғанда, сондай-ақ оқушылардың жазғы демалысы кезінде жыл сайын осындай оқиғалар саны артады.
«Биыл жыл басынан бері Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару командалық орталығына балалардың терезеден құлауына байланысты 60 жазатайым оқиға туралы ақпарат келіп түсті. Бес бала оқиға орнында қайтыс болды, 55 бала түрлі жарақат алып, медициналық мекемелерге жеткізілді», – дейді министрлік өкілдері.
Ведомствоның хабарлауынша, 2024 жылы осындай 196 оқиға тіркелген.
«Әдетте тәуекел аймағында ересектердің қарауынсыз қалған 2 жастан 13 жасқа дейінгі балалар болады. Көбінесе қайғылы оқиғалар балалар москит торларына сүйенген кезде орын алады, себебі бұл торлар салмаққа шыдамайды», – дейді құтқарушылар.
Ведомство басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің барлық өңірінде профилактикалық жұмыстар күшейтілген. Құтқарушылар, ата аналармен кездесу кезінде және балалар мекемелерінде рейдтер, профилактикалық іс-шаралар өткізеді.
Азаматтарды хабардар етуді арттыру үшін ақпараттық ресурстар белсенді түрде тартылып жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігі барлық ата-ана мен балалардың заңды өкілін қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады. Мәселен, балаларды қараусыз қалдырмаңыз, москит торларына сенбеңіз, олар баланы ұстап қалмайды.
Терезелерге арнайы бекіткіштер мен блокаторлар орнатыңыз, бала терезе алдына шыға алмас үшін терезе маңындағы жиһаздарды алып тастаңыз.
«Әрбір қайғылы оқиғаның алдын алуға болады. Балалардың өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершілік ересектерге жүктеледі. Балаларға қамқор болыңыз. Біз үшін әрбір өмір маңызды», – делінген хабарламада.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді