
Жеті атасын жатқа айтатын қазақ дәстүрінде үлкенге құрмет көрсету, алдыңғы буын өкілдерінің ерлігіне бас ию – жазылмаған заңдылық. Осы ретте талай рет өліммен беттескен, омырауын оқ тескен майдангер бабаларымыз жайында сөз қозғауымыз дұрыс-ақ. Шүкір, біз, бейбіт күннің ұрпағымыз. Сексен жыл бұрын сайын даланы қанға бөктірген сұрапыл соғыста елім, жерім деп, болашақ ұрпақ қамы үшін етігімен су кешкен ата-апаларымыздың арқасында алаңсыз күн кешіп келеміз. Сол ерен ерлердің арасында менің арғы атам Сәтен Мырзақұлов та болған еді.
Атам 1907 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Шаян ауданына қарасты Ағашсай ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Соғысқа дейін ауыл-аймақтың гүлденуіне өз үлесін қосқан ол 1942 жылдың 16 қыркүйегінде Шаян аудандық әскери комиссариатқа барып, қан майданға өзі сұранады. Ұлы Отан соғысында Украинадағы әйгілі Днепр өзенінің маңында орналасқан алғы шептегі 366 жекелеген қорғаныс полкінің құрамында болған.
Деректерге сүйенсек, әуелгіде Қызыл әскер үшін неміс-фашист басқыншыларына қарсы тұру оңай болмағаны анық. Шын мәнінде, ол кезде мұздай құрсауланған жау әскеріне бар жоғы 5-6 айлық оқу-жаттығудан өткен жас жігіттердің тойтарыс беруіне тура келеді. Десе де, рухы мықты кеңестік халықтардың өрендері өліспей беріспеуге бел байлайды. Арғы атам құрамында болған полкте бір сәттерде кері шегінуге мәжбүр болған екен. Днепр өзенінің маңындағы қанды шайқаста жау шабуылына лайықты тойтарыс бере алмапты.
Бұл 1942 жылдың қыс мезгілінде болған жағдай еді. Алайда уақыт өте біздің әскер дер кезінде ес жинап, қарымта шабуылға көшеді. Сондай сындарлы сәттердің нәтижесінде қаншама отбасы қара жамылды десеңізші. Рас, ол тұста алдымен «қара қағаз» келіп, артынан өзі оралған азаматтар да болды. Бірақ Сәтен атамның дәм-тұзы таусылған екен.
Майдангер 1943 жылдың қараша айында оққа ұшады. Осылайша, батыр бабам небәрі 36 жасында мәңгілік мекеніне аттанады. Иә, соғыс жылдары арғы атамнан отбасына бірен-саран хат келіп тұрған екен. Тіпті мерт болар алдында «хабар-ошарсыз кетті» деген әңгіме жеткен. Бәлкім, бұл атамның санаулы күндерінің қалғанын білдерген белгі болды ма кім білсін?.. Қуанарлығы, атам Әуесбек Шолпанқұловтың талмай ізденуінің арқасында 2013 жылы кеңес әскерінің мұрағаттық базасынан арғы атам Сәтен Мырзақұловтың Украинадағы Запарожье қаласының маңында бауырластар зиратында жерленгендігі анықталды.
Бұл да болса бізге бір медет. Бастысы, батыр атамның кіндігінен тараған біздер кең байтақ қастерлі Отанда ел-жұртпен бірге бейбіт өмір сүрудеміз. Ендеше, аталарымыздың ерлік істерін әркез еске алып, рухына тағзым жасау – перзенттік парызымыз. Ал менің өмірдегі мақсатым – Отанды қорғай білетін азаматша атану. Өйткені мен Отан үшін отқа түскен майдангердің шөбересімін. Мен атамды мақтан тұтамын!
Нұрай ЕСМАНБЕТОВА,
Қаратай Тұрысов атындағы №53 мектеп-гимназиясының 5-сынып оқушысы.
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Саудамды әлеуметтік желі арқылы жүргізіп отырмын
- 14 маусым, 2025
Арманы - қымызмұрындықты ғаламдық шараға айналдыру еді
- 12 маусым, 2025
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді