
Мақалада бүгінгі жастардың мінез құлқындағы жағымсыз тұстардың себеп-салдарына көңіл бөлініп, оларды болдырмаудың негізі ретінде еңбексүйгіштік, сапалы білім алу, ұлтжандылық, мәдениеттілік, рухани байлықты дамытуға басты назар аударудың маңыздылығын атап өткен. Жастардың бойына жоғарыда аталған құндылықтарды қалыптастыруда басты жауапкершілік отбасының тәрбиесіне жүктелуі тиіс.
Автор өзінің мақаласында тәрбиенің негізін отбасында қалыптастыру керектігін баса жазған. Өте орынды тұжырым деп айтуға болады. Қыздар тәрбиесіндегі кемшіліктерге баса назар аударған. Себебі бүгінгі қыздарымыздың тәрбиесі мінез-құлқы қазақ қызы болмысынан едәуір алшақтаған. Инабаттылық, ибалық, ұстамдылық, жанашырлық қасиеттерінің кемдігі байқалып тұратыны шындық. Жүріс тұрыстары, киім кию мәдениеттілігі өте анайы. Осының бәрі отбасындағы тәрбиенің жоқтығынан.
Кейде көшеде, кейбір жиындарда, әкесі мен анасының қасында әлем-жәлем киінген қыздарымызды жиі ұшыратамыз. Сол киімді сатып әперген, оны киюіне рұқсат берген өздері емес пе? «Қызым, мына киімді саған киюге болмайды, бұл ұлттық болмысымызға жат» деп неге айтпасқа. Жоқ, оны айтудың орнына сол әлем-жәлем күйінде қасына ертіп жүруін, сыртынан қарап, мәз болуын қалай түсінуге болады? Неге ойланбаймыз, оянбаймыз, ағайындар! А.Чеховтың «Адамның жан дүниесі де, тәні де, үстіне киген киімі де, ақыл ойы да әдемі болу керек» деген сөзі бар. Жастар бар жағынан тартымды болу керек екенін естен шығармаған жөн.
Мақалада кітап оқу мәселесіне де тоқталып, кітап – білімнің бастауы, білімнің бұлағы, тәрбие бұлағы деп жақсы айтылған. Жалпы мектепте және жоғары оқу орындарындағы оқу бағдарламасына жастардың қоғамда өздерін қалай ұстаудың тәртібін үйрететін, дәріптейтін пәндерді енгізудің қажеттілігі туындайтын кез келгенін айтуға болады.
Кеңес заманындағы жоғары оқу орындарында кез келген мамандықтар дайындауда эстетика және этика деген пәндер міндетті түрде оқытылатын. Олардың қағидаларын меңгергендер қоғамда, қызметте, отбасында өздерін жағымды жағынан көрсете білетін. Сондықтан елімізде ұлттық құндылықтарымыздың мәнін, мағынасын түсіндіретін, дәріптейтін пәндерді оқу бағдарламасына енгізуді міндеттеу қерек.
Сонымен қатар қазақ елінің абыздары, көрнекті қоғам қайраткерлері мен еңбек адамдарының, ғалымдардың қадір-қасиетін насихаттап, жас ұрпақтарға үлгі болатындай етіп оқулықтарға енгізуді қолға алған жөн. Жастарымыздың сол абыз ата-бабаларына еліктеуін туғызатын шараларға көптеп көңіл бөлудің маңызы зор. Себебі, қазіргі жастарымыздың өз ұлтынан гөрі басқа ұлттардың тұлғаларына еліктеулері басымдау. Жастар неге А.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, Н.Оңдасынов, Ж.Тәшенов секілді тұлғалардың қазақ халқы үшін қиын жағдайларда атқарған істерінен бейхабар болуы керек?
Неге оларды жастардың назарына ұсыну шаралары жеткілікті дәрежеде емес? Олардың ұлттық құндылықтарымыздың сақталуы, еліміздің тәуелсіздігі, территориясының тұтастығы, ғылымын дамыту үшін атқарған еңбектерін білгенде ғана жастар соларға еліктейді. Осындай шараларды жүзеге асырған жағдайда ғана жастардың ұлттық мінезін қалыптастыруға болатыны анық. Бұл өз кезегінде жастарымыздың әсіреліктен арылуына, жас ұрпақтың санасына патриоттық тәрбиені сіңіруіне, рухани жаңғыруға негіз болады.
Жалпы мақала авторының айтқан ұсыныстарын жүзеге асыратын болсақ, жастарымыз тәрбиелі, білімді, қайырымды және ұлтжанды болуына үлкен септігін тигізетіні сөзсіз.
Мұрат ЖҰМАДІЛДАЕВ,
Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз университетінің қауымдастырылған профессоры,
экономика ғылымдарының кандидаты.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді