«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Құстың қос қанатындай телеарна мен газетте қолтаңбасы қалған

Құстың қос қанатындай телеарна мен газетте қолтаңбасы қалған
Автор
Еліміздің журналистикасында өзіндік орны бар азамат Бекет Момынқұл туралы айтарым аз емес. Оның баспасөз және телеарна саласына сіңірген ерен еңбектері туралы басқа да замандас әріптестері, шәкірттері жарыса айтудан алдына жан салмайды. Себебі, ол құстың қос қанатындай газет пен телеарна салаларын еркін меңгеріп, ұзақ жылдар өзінің қолтаңбасын қалдырған талант иесі.

Бекет Әбілдаұлының бүкіл өмір жолын айтатын болсақ, газеттің бірнеше бетіне арқау болары анық. Мен сондықтан, өзіме қатысты жерлерін қамтуды жөн санадым. Сол арқылы мерейтой иесінің кісілік, адамгершілік болмысын ашуға күш салғым келеді. 1998 жылы еш кінәсі болмаса да облыстық «Знамя труда» газетінің бас редакторы қызметінен босатылып, облыстық «Қазақстан-Тараз» телеарнасына (қазіргі «Jambyl») директордың орынбасары болып ауысты. Ал, 2001 жылы өңірімізге белгілі азамат Әлмұхан Исақовтың зейнетке шығуына байланысты «Қазақстан-Тараз» телеарнасына директор болып тағайындалды. Ол директордың орынбасары-бас редактор қызметіне мені ұсынды.

Мен әуелі «Анау Мадина Көбеева, Есенгелді Төреқұлов бар. Мені ол жағына әуре қылмаңыз» деп едім, ол көнбей қойды. Ақыры директордың орынбасары-бас редактор қызметіне барамын деп келісуге тура келді. Енді екеулеп жұмысқа кірістік. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» десе де, сол уақыттағы телеарна жүгі жеңіл емес еді. Сол уақытта облыстық телеарнаның ашылғанына он жылдан асса да, бірқатар мәселелері бар еді.

Әуелі, өз ісіне шебер мамандардың аздығы, техникалық базасының нашарлығы. Бәлкім, соған байланысты ма, көрермен қызығатын бағдарламалар өте аз еді. Тек ғана ұзақ сұхбаттар эфирге шығатын. Мәселен, бір сағаттық сұхбат аяқталса, 20 минут өткенде тағы басқа сұхбат басталып жататын. Ондай сүреңсіз сұхбаттар көрерменді жалықтыра бастағаны жасырын емес. Бекет Әбілдаұлы міне осы мәселені жақсы аңғарып, жұмысын ынталы жас мамандарды тарту арқылы, жаңа және өміршең бағдарламалар ашудан бастады.

Бұрыннан еңбек етіп келе жатқан журналистерді басқа бөлімге, радиоға ауыстырып, жүгіріп жүріп жұмыс істейтін жас тележурналистерді іздеді. Міне, осы кезде телеарнаға жас толқын Алпамыс Шәменұлы, Толқын Өмірбаева, Эльмира Мырзағали, Біржан Сөктай келді. Артынша Жасұлан Әбдіхалық, Гүлбаршын Құланбаева, Руслан Лесбекұлы, Мөлдір Анарбаева, Зарина Қуатова, Алмат Әбдіраман жас журналистер құрамын толықтырды. Азамат Есалы, Маржан Сатыбалдиева да сол жылдары жемісті еңбек етті. Осы жас толқын күндіз-түні отырып, телеарнаның жаңа жоспарын жасады. Соның арқасында «Менің қалам», «Жаңғырық», «Сөз сауын» бағдарламалары эфирге жол тартты. Жұмыс істеймін деген кісіге жол ашық емес пе? Арасында облысаралық телеайтыс ұйымдастырылды. Оны да қызыға тамашалайтындар аз емес еді. Қысқасы, телеарна көрерменін таба бастады.

«Ақ тілек» бағдарламасы арқылы да көпшілік құттықтауын жолдап, тамаша әндерді тыңдауға мүмкіндік алатын. Телеарна жұмысы осылай жандана бастады. Бірақ, материалдық техникалық базасы бірден оңала қойған жоқ. Үш камера ғана бар еді. Содан елімізге белгілі азамат, теміржол саласының танымал қайраткері Сағымбек Ақшалов мені құттықтай келіп, 1 мың доллар беріп кетті.

Ол уақытта, осыдан 24 жыл бұрын 1 мың доллар деген ақша қазіргі 1 миллион 500 мың теңгенің шамасындай қаражат шығар. Әлгі 1 мың доллар ақшаны бастығым Бекет Әбілдаұлының қолына ұстаттым. Ол кісі екеуміз ақылдаса келе жапондық бағалы камера сатып алдық. Оған «Ақшаловтың камерасы» деп ат қойдық.

Осылайша, телеарна жұмысы жанданып сала берді. Бекет тәрбиелеген шәкірттер бұл күнде республикалық телеарналар мен радиода жемісті еңбек етіп жүр. Талантты шәкірттері облыстық телеарналарды басқарып, биік белестен көрінді.

Бекет Әбілдаұлы телеарнаны басқарып тұрған кезде екі рет телемарафон өткіздік. Бірінші телемарафонда жиналған 3 миллион 500 мың теңге қаражат өңірімізге белгілі журналист, көз жанарынан айырылған Әбділда Сәрсенбиевтың қажеттілігіне жұмсалған. Шетелдерде ұзақ емделгенінің нәтижесінде Әбділда Сәрсенбиевтың көру қабілеті бұрынғыдан едәуір жақсарғаны белгілі. Ал, екінші телемарафоннан түскен қаражат облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің құрылысына жұмсалды. Осылайша, оның облыстық мешіт құрылысына да сүбелі үлес қосқанын байқауға болады. Бекет Момынқұлдың телеарнаны, облыстық газетті басқарған жұмысына талай белгілі қаламгерлер оң бағасын берді.

 Тіпті, әйгілі Қалтай Мұхамеджанов Бекетті «Жолбарысым» деп атаған. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы да 2005 жылы 9 маусым күнгі республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің кезекті нөміріне «Баукеңнің бауыры» атты көлемді мақала жазған. Ол мақаладан үзінді келтірсек. «Баз бір жылы Бекет Момынқұлов облыстық «Знамя труда» газетінің бас редакторы болып жап жақсы жұмыс істеп жүріп, аяқ астынан басқа жұмысқа ауысып кете барды. Өз кәсібіне адал, талантты журналистің ғайыптан қызметінен кетуі көп ұзамай белгілі болды. Озбыр саясаттың үкімі: «ұлты қазақ журналист орыс тілді газетке бас редактор болмайды» деп шолақ қайырыпты. Сонда менің көз алдыма Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде орысша оқып жүрген қазақтың қара домалақ ұл-қыздары келді. Әлбетте, олардың ойларында әлі ештеңе жоқ.

«Генарал болуды армандамаған солдат солдат емес» дегендей, қаламы қатайғанда бәрінің де редактор болғысы келеді. Бірақ күндердің күнінде бір шолақ белсенді «қазақ журналисі орыс газетіне редактор болмайды, саясат деген көкелерің солай деп отыр» деп меселін қайтарып тастаса қайтеді?! Аянышты! Өте аянышты. Былай тартса арба сындырып, былай тартса өгіз өлтіретін саясаттың құрбаны тағы да қазақ жауқазындары болайын деп тұр. Бұл ретте енді орысша оқығандары...

Бекет көркем әңгіме жазумен, қазақ тілінде жазатын ағалары мен інілерінің шығармаларын орыс тіліне аударумен де айналысады. Әрине, ондай еркін шығармашылықпен айналысуға қызмет дейтін қазымыр «бастық» көнбейді. Бірақ қайткенде де өзі үшін уақыт табуға тырысады. Жақында Шерхан Мұртаза ағасының «Тортайдың есегі» деген әңгімесін орыс тіліне аударды. Оның алдында «Ай мен Айша» романының кейбір тарауларын тәржімалап, облыстық газетке жариялаған болатын.

Бекеттің төл туындысы «Дөңбекшіген адам» («Мятущийся») деген ғажап әңгімесі «Атамұра» баспасынан жарық көрген әңгімелер мен өлеңдер жинағына енді. Осыдан жиырма жыл бұрын жазылған мақала күні бүгін де маңызын жоғалтқан жоқ. Бекет Әбілдаұлы кейінірек облыстық «Знамя труда» газетін басқарып, зейнетке сол қызметтен шыққаны белгілі. Абыроймен басқарды. Ал, белгілі жазушылардың шығармаларын орыс тіліне аударумен әлі де айналысып келеді. Бұл туралы журналист Жарылқасын Нұралиев Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние» кітабын өте сапалы аударғанын айтады.

Бекет Момынқұл өзінің естелігінде «Знамя труда» газетімен бала күнінен таныс болғанын, әкесі Әбілда партия жұмысында басшылық қызметте болып, қазақ-орыс тілдеріндегі газеттермен үнемі танысып отырғанын сағынышпен жазады. Аталған газетте әр жылдары еселі еңбек еткен талантты әріптестеріне алғыс айтудан жалыққан емес. Бекет Әбілдаұлы жетпіс дейтін белеске үлкен олжамен, үлкен абыроймен, әдемі жетіп отыр. Ардақты әріптеске отбасы, ұрпақтарының, ағайын-туыстың ортасында жүз жасай беріңіз деген тілегіміз бар. Асыл жары Айгүлге де айтарымыз алғыс.

Жақсы әулеттің беделді перзенті Бекет Момынқұлдың есімі еліміздің баспасөз және телеарна саласында, мыңдаған білікті журналистер арасында талай жыл айтыла беретіні анық.

 

Асқарбек СЕЙІЛХАН,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

 

Терең өзен қашанда үнсіз аққан

(ұстазым Бекет Момынқұлға)

Өмір – майдан, ақпарат – ұрыс далам,

Әділдіктің ақ туын тік ұстағам.

Шынның жүзі қынапта қалыс қалып,

Бір бармағын бүгіп қалса, қуыстанам!

 

Қалтарыста қара нанын уыстаған,

Бұлтарыста ақ желкенін дұрыстаған.

Ақ-қарасын таныған асылында,

Әр қазақтың баласы – туыс маған!

 

«Бір кем дүние» бір сөзбен толыққасын,

Уәж қалмаса артында алыпқа – сын.

Терең өзен қашанда үнсіз аққан,

Бірсыдырғы болмыстан торықпасын.

 

Қорықпасын және де ғаріп басым,

Қыран құстай зау көкте қалықтасын.

Кесек ой кескілесіп көсеу көзбен,

Ұсақ сөзге ұласса қамықпасын.

 

Аласармас арманым Күйік сынды,

Бұғып жатыр өр кеудем жиып сырды.

Сынын біліп, құлақ қойсаң сыбдырына,

Кей төбешік сан таудан биік сынды...

 

Тегеуріндеп ізін бастым тектілердің,

Демеймін: аз білгенім, көпті көрдім.

Самайыма ақ түссе абдырап тым,

Мыңбұлақтың ақ самалы өпті дермін.

 

Нұрсұлтан РАХЫМБАЙ.

 

 

Ұқсас жаңалықтар