
Бүгінгі таңда облыста бұл рухани бағыт жүйелі дамып келеді. «Мәдениет – елдің ең басты рухани негізі» деген ұстанымды берік ұстанған сала мамандары мәдени мұраны сақтау мен дамытуда үлкен жауапкершілікпен еңбек етуде. Қазіргі таңда облыста 504 мәдениет мекемесінде 3627 қызметкер тынбай жұмыс істеп, халықтың рухани сұранысына сапалы қызмет көрсетіп келеді.
Біздің өңір – бай тарихы мен киелі өнерімен ерекшеленетін, мәдениетімен мақтанатын өлке. Сонау Күлтегіннен бастап Қорқытқа дейін, жыр алыбы Жамбыл мен Кенен Әзірбаевтай асылдардың мұрасын бойына сіңірген жамбылдық өнерпаздар бүгінгі күні де аймақ намысын республика мен шет елдерде асқақтатып жүр.
Мәселен, өткен жылы Татарстан астанасы Қазан қаласында өткен «Қазандағы Шығыс базары» халықаралық фестивалінде «Ақкербез» би ансамблі I орынды жеңіп алса, облыстық филармония шет мемлекеттерге гастрольдік сапармен барып, ұлттық өнерімізді Пусан, Доха, Бішкек пен Рияд төрінде паш етті.
Бұл ел рухының асқақтығын дәлелдейтін елеулі жетістіктер. Филармония әншісі Дулат Жасұзақов республикалық байқауларда топ жарып, «Кәусар» ансамблінің хормейстері Мақсат Ділтан республикалық дирижерлар байқауында үздік деп танылды. Осындай жетістіктер әрбір өнер иесінің бойында елге, жерге деген сүйіспеншіліктің терең екенін көрсетеді.
2024 жылы облысымыз үшін ерекше жылдардың бірі болды. Өңірдің 85 жылдық мерейтойына орай кең көлемді мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, халық руханиятының көкжиегі кеңейді. Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының жанынан Жамбылтану бөлімі жеке мекеме ретінде құрылып, «Айтыскер ақындар, жыршы термешілер орталығы» ашылды. Ұлттық өнердің мәйегін сақтап, жастарды дәстүрлі өнерге баулитын бұл орталық болашаққа салынған рухани көпір екені сөзсіз. Дәстүрге айналған республикалық айтыс жалғасын тауып, 2024 жылы жерлесіміз Қанат Мырзахан бас жүлдені иеленді. Айтыс – халқымыздың сөз құдіретін ұлықтайтын асыл мұрасы. Бұл өнер түрі ұлттың рухани иммунитеті іспетті, сондықтан оның жаңғыруы ұлттың жаңғыруымен тең.
«Мәдениет – халықтың жаны, рухы, ар-намысы» дейді академик Мырзатай Жолдасбеков. Осы орайда қасиетті ұғым бүгінгі таңда да әрбір шарадан көрініс тауып отыр. Мысалы, сәуір айында Қазақстынның еңбек сіңірген әртісі Бағдат Сәмидинованың 70 жылдық мерейтойына арналған ән кеші өтті. Бұл өнерге, өнерпазға деген құрметтің айғағы.
Жастарға үлгі боларлық тұлғалармен кездесулер рухани тәлім мен тағылым беріп келеді. Сонымен қатар «Art & Science» халықаралық кітап фестивалі, Шона Смаханұлының 100 жылдығына арналған әзіл-сықақ театрлар фестивалі, «Жаңа есім – 2024» жобасы – бәрі де мәдени дамуымыздың жаңа белестерін айқындайды.
Маусым айында өткен «Көне Тараз күмбірі» мен Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығына арналған «Шырқа, даусым» байқауы дәстүрлі өнеріміздің тамырын тереңдетіп, жаңаша серпін берді. Жамбылдықтар үшін Тараз шаһары – тек тарих қойнауы емес, бүгінгі өнер мен мәдениеттің жүрегі. 2024 жылы облыс театрлары 417 қойылым сахналап, 66 мыңнан астам көрерменді қамтыды. Бұл театрға деген сенім мен қызығушылықтың өскенінің дәлелі.
Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының «TЕАТRALL» фестиваліндегі жүлдесі, облыстық орыс драма театры ұйымдастырған К.Қасенов атындағы балаларға арналған халықаралық театр фестивалі – театр өнерінің тамырына қан жүгіртіп отыр.
Жамбылдық қаламгерлердің де еңбегі елеусіз қалған емес. Әсіресе, өткен жылы сөз өнерін серік еткен жамбылдық қаламгерлерге айрықша қолдау көрсетілді. Үміт Битенованың «Қар астындағы жауқазын», Хамит Есеманның «Фәни-құбылыс» кітаптарының тұсаукесерлері мен шығармашылық кештері көпшіліктің жүрегіне жол тапты. Шерхан Мұртазаның туған күнінде өткен «Түсіме ылғи Мыңбұлақ кіреді» ашық аспан астындағы әдеби кеші, «Асқақ рухты Әулиеата» байқауы жылды жоғары рухта қорытындылады. Облыстың 2025 жылғы мәдени тынысы кеңінен серпіліп, рухани кеңістікті жаңа мазмұнмен толықтырды.
Жыл басы «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасының салтанатты ашылуымен басталып, руханиятқа бет бұрған игі қадам ел ішінде кең қолдауға ие болды. Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырған шарада жергілікті қаламгерлердің жаңа туындылары оқырманға жол тартты. А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры көрерменіне биыл бір емес, екі жаңа қойылым ұсынды. Оның бірі – шынайы әрі өткір оқиғалармен өрілген «Келіндер көтерілісі» болса, екіншісі – әлем әдебиетінің мәңгілік жауһары, Уильям Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» трагедиясы.
Бұл қойылымды Беларусь елінен арнайы шақыртылған жас режиссер Даниил Филиппович сахналады. Сонымен қатар, мамыр айының 13-18 аралығында Түркияның Анталья қаласында өткен «Ақ кеме» халықаралық театр фестиваліне қатысып, лауреат атанды. Ұжым классик жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясын әлем сахнасында асқан шеберлікпен сахналап, төл өнеріміздің тереңдігін, қазақ драматургиясының биіктігін халықаралық көрерменге паш етті.
27 ақпанда Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында белгілі мәдениет майталманы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Асқарбек Сейілханның 75 жылдығына арналған бенефис кеші мен кітабының таныстырылымы өтті. «Шерағаның шекпенінен шықпасам да…» атты кеш – ұлт руханиятына сүбелі үлес қосқан азаматқа жасалған құрметтің жарқын көрінісі болды.
Наурыз-сәуір айларында ұлттық кино өнері де шет қалмай, облыс аумағында «Қазақ киносының онкүндігі» ұйымдастырылды. Көрермендер «Қажымұқан», «Тайқазан хикаясы», «Боксер», «Дос-Мұқасан» сынды патриоттық, тарихи тақырыптағы жаңа туындыларды тамашалауға мүмкіндік алды. Күй өнерінің алып тұлғасы, Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған кеште көрермендер шертпе күй мен сырлы сазға бөленді.
Биылғы ең ауқымды оқиғалардың бірі – Алтынбек Қоразбаев атындағы «Ән жырым саған, туған ел!» IV халықаралық әншілер байқауы болды. Тараз төрінде өткен бұл өнер бәйгесіне Қытай, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан және еліміздің түкпір-түкпірінен келген 45 үміткер қатысып, 20 талантты өнерпаз байқауға жолдама алды. Бас жүлдені Алматы облысынан келген Медет Орынбаев жеңіп алды.
Жыл соңына дейін де облыс жұртшылығын маңызды мәдени іс шаралар күтіп тұр. Маусым айында Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония Алматы қаласындағы «Республика» сарайында «Атыңнан айналайын, Әулиеата!» атты үлкен концерт өткізуді жоспарлауда. Шілдеде Ұлттық домбыра күніне арналған «Саз серісі – Әбдімомын» атты күй кеші өтеді. Ал Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Театр – өмір айнасы» атты халық театрларының облыстық фестивалі елдік пен ерлікті дәріптемек.
Осы ретте Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі – бұл тек сала мамандарының төл мейрамы ғана емес, бұл – ұлттық рух пен құндылыққа тағзым күні. Осы күні мәдениет қызметкерлері құрметке лайық. Себебі, олар – ел жадын жаңғыртып, ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып жүрген шынайы қайраткерлер. «Өнер – адамзаттың ұлы арманы мен ұлттың айнасы» дейді халық даналығы.
Мәдениет болмаса, ұлттың келбеті көмескі тартады. Өнер болмаса, қоғамда құндылық жоғалады. Сондықтан, мәдениет пен өнерсіз алға жылжу мүмкін емес. Мерейлі мереке қарсаңында барша әріптестеріме шығармашылық табыс, рухани кемелдік тілеймін. Еңбектеріңіз жана берсін!
Ерлан ЖҮНІСБАЙ,
облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Таразда ауқымды Креаторлар форумы өтті
- 28 мамыр, 2025
Енді Алакөлге қатынау жеңілдейді – Көлік министрлігі
- 20 мамыр, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді