«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Барлық бассейннің суы таза екеніне сенімдісіз бе?

Барлық бассейннің суы таза екеніне сенімдісіз бе?
Автор
Оқушылардың жаздық демалысының басталуына да санаулы күндер қалды. Еліміздің оңтүстігінде орналасқан өңіріміз өзінің аптап ыстығымен және құрғақ климатымен танымал. Әсіресе жаз айларында температура жоғары болғандықтан, қала тұрғындары аптап ыстықтан құтылу үшін су айдындарын іздейді.

Табиғи көлдер мен өзендер барлық жерде қолжетімді немесе қауіпсіз болмағандықтан, көпшілікке арналған қоғамдық бассейндер бала шағамен барып, салқындап, сергіп қайтатын демалыс орнына айналары анық. Қаламызда жекеменшік жабық және ашық қоғамдық бассейндер мен шағын аквапарктер жетерлік. Ал саны көп, сапасы белгісіз сол бассейндер қауіпсіздік пен сақтыққа қаншалықты жауапкершілікпен қарайды?

Әдетте 25 мамырда қаламыздың бассейндері демалушыларға есігін айқара ашады. Кәсіпкерлер үшін жаз мезгілі – ақша табу науқаны болғанымен, кейде қоғамдық бассейндердегі судың тазалығы күмән туғызатыны рас. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметіне сәйкес, бассейн суы күн сайын арнайы сүзгілер арқылы тазартылып, хлор немесе басқа дезинфекциялау құралдарымен өңделуі тиіс. Сонымен қатар судың микробиологиялық және химиялық құрамын бақылау үшін апта сайын зертханалық сараптама жүргізілуі керек.

Ал бұл нормалар барлық бассейндерде толық сақталып жүр ма? Көпшіліктің көкейіндегі осы сұрақты Тараз қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Әсел Сапаховаға қойдық:

Басқарма бақылауында 18 жүзу бассейні бар. Аталған объектілерде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің №62 бұйрығына сәйкес өндірістік бақылау бойынша есеп жүргізіледі. Объектілерде санитарлық-ағарту жұмыстарын (акциялар, ашық есік күні, семинарлар өткізу) белсенді атқарылады. Сондай-ақ басқарма тарапынан нысанға бармай-ақ профилактикалық бақылау да жүзеге асырылуда. Суда жүзу бассейндері нысанның сәйкестігі туралы санитариялық эпидемиологиялық қорытындылары болмаған жағдайда ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 463-бабы, 1-тармағына сәйкес және санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамаған жағдайда ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 425- бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады, – деді Әсел Нұржанқызы.

Қала тұрғыны, көпбалалы ана Дамира Ахметова жаз мезгілінде ашық бассейндерге көп баратынын айтады. Оның айтуынша, ашық бассейндердің кіру бағасы мен онда сатылатын сусын мен тағамға аз ақша кетпейді. Бірақ сапасы сын көтермей жататын көрінеді. Әсіресе өткір иісті хлорланған бассейн суының тазалығына күмәнмен қарайды екен. Өйткені балаларға қанша ескертсең де, суды жұтып қойып жататыны белгілі.

Үлкендерге қарағанда балалардың терісі нәзік болатындықтан, бассейн суын залалсыздандыру үшін қосылатын химиялық қоспалардың зиянынан қорқатынын да жасырмады. Ал облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Назира Тасжүрекова бассейн (қауыз) арқылы жұқтырылатын аурулардың ең жиі кездесетін түрлері – бактериялық және вирустық инфекциялар, яғни тері инфекциялары, бактериалды конъюнктивиттер және бактериалды дизентерия, диарея, энтеровирусты инфекциялар, оның ішінде серозды менингит, вирусты А гепатиті түрлерін жұқтырып алу қаупі бар екендігін айтты.

Сондай-ақ шомылу орындарындағы жылы әрі ылғалды ортаның бактериялар мен вирустардың жақсы өмір сүруіне мүмкіндік беретінін, олардың тіпті тұтқаларда, плиткаларда, едендерде ұзақ сақталып, ауыз бен мұрын және көздің шырышты қабаттары арқылы жұғатынын ескерте отырып, қоғамдық бассейндер мен аквапарктерде өзімізді қорғау үшін жүзу кезінде суды жұтпау керектігін айтты.

«Егер сіз су жұтып қойсаңыз, жұқтыру мүмкіндігін азайту үшін аузыңызды таза ауыз сумен шайыңыз және белсендірілген көмір немесе басқа адсорбент ішіңіз. Шомылып болған соң, міндетті түрде жуғыш шүберекпен және бактерияға қарсы гельмен жуыныңыз. Шомылу және демалу үшін арнайы орындарды таңдаңыз! Кері жағдайда, тырысқақ, менингит, паразиттік аурулар мен түрлі инфекцияларды жұқтырып алуыңыз ықтимал», – деді Н.Тасжүрекова.

Кез келген мәселенің екі жағы болатыны белгілі. Осы ретте қаламыздағы жекеменшік аквапарк иесі Айжан ханыммен де сөйлесіп көруді жөн көрдік. Шомылу науқанын ашпас бұрын, кез келген кәсіпкер қалалық санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандары алып кеткен сынамалар нәтижесін күтеді. Сынама нәтижесі барлық нормативтерге сай болғанда және арнайы мамандар өз рұқсатын бергенде ғана ашылатынын жеткізді.

Жеке кәсіпкер Айжанның айтуынша, демалушылардың басым бөлігі 3-жасқа дейінгі балаларды суға түсуге арналған арнайы жөргекпен түсіру керектігін және қауызға түспес бұрын жеңіл душ қабылдау міндетті екеніне құлақ аспай, қоғамдық бассейн әкімшілігінің талаптарын бұзып, өзге демалушыларға қауіпсіздік пен ыңғайсыздық тудырып жататын көрінеді. Осы ретте өткен жазда қаламыздағы қоғамдық бассейндердің бірінде судың бетінде қалқып жүрген бала нәжісінің видеосы әлеуметтік желілерге тарап, біраз шу тудырғаны еске түседі. Расында бассейндердегі тазалықты сақтау тек бассейн иелері мен санитарлық эпидемиологиялық мамандарға ғана емес, демалушылардың өз мәдениеті мен жеке бас гигиенасына байланысты екендігі екібастан белгілі.

Әр адам өзінің және өзгенің денсаулығына қауіп төндірмес үшін, қоғамдық орындарда, әсіресе гигиеналық тазалықты ерекше қажет ететін аквапарктер мен бассейн сынды жерлерде сол жердің талап тәртібіне бағынып, тазалық сақтап жүрсе, балаларын да соған үйретсе, біздің елде де шомылу мәдениеті қалыптасары анық. Ол ең бірінші өзге емес, өзіміздің денсаулығымызды қорғаудың бірден бір жолы болса керек. Халқымыздың «Сен баланы тазалыққа, әдептілікке тәрбиелеймін деп әуре болма, бала бәрібір саған ұқсайтын болады. Сен одан да өзіңді тәрбиеле. Ұл-қызың саған қарап өседі, бой түзейді» деген асыл сөзі бар.

Расында егер ата-ана кім көріп тұр дейсің деп бассейн суын ластаса, демалушыларға ортақ талап-тәртіпке құлақ аспаса, оны көрген баланың да алысқа бармасы анық. Кез келген адам тазалықты өз бойынан көрініс табатындай етсе, өзін таза ұстай білсе, өзге адамдарға да сол тазалығын көрсете алатыны сөзсіз. Сондықтан қаламыздағы өзіңіз баратын бассейннің тазалығы сіздің де мойныңызда екендігін естен шығармаған жөн.

 

Арна ЖҰМАТАЙ

Ұқсас жаңалықтар