«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өнеркәсіптік қауіпсіздік – маңызды

Өнеркәсіптік қауіпсіздік –  маңызды
Ашық дереккөз
Өнеркәсіптік қауіпсіздік – жеке және заңды тұлғалардың, қоршаған ортаның қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінен қорғалу жағдайы. Өнеркәсіптік қауіпсіздік еңбекті қорғаудың қосалқы бөлігі емес. Бұл сала өнеркәсіп объектілерін жобалау мен салудан бастап, оларды пайдалануға, техникалық қызмет көрсетуге және пайдаланудан шығаруға дейінгі міндеттердің кең спектрін қамтиды.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік көп жағдайда күрделі техникалық жүйелерді пайдалануды, өндірістік қауіпті заттармен жұмыс істеуді бақылауға бағытталған. Өнеркәсіптік қауіпсіздіктің негізгі мақсаты – қауіпті өндірістік кәсіпорындарда апаттың алдын алу және оның салдарын мейлінше азайту. Апат – ғимараттардың, құрылыстардың және (немесе) техникалық құрылғылардың қирауы, бақыланбайтын жарылыс және (немесе) қауiптi заттардың шығарындысы. Өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды кезеңдерінің бірі ықтимал қауіптерді анықтау және тәуекелдерді бағалау болып табылады. Осы ақпараттар негізінде апаттардың алдын алу және олардың салдарын азайту жөніндегі шаралар әзірленеді.

Өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жолдарының бірі қауіпті өндірістік объектінің өнеркәсіптік қауіпсіздігін сараптау және өнеркәсіптік қауіпсіздігін декларациялау болып табылады. Өнеркәсіптік қауіпсіздікті сараптау объектінің қолданыстағы нормалар мен талаптарға сай екендігін тексеріп, сәйкестігін растау үшін жүргізіледі.

Пайдалану кезінде қызметкерлерге, халыққа, қоршаған ортаға қауіпті факторлардың әсер ету мүмкіндігі жоққа шығарылмайтын қауіпті өндірістік объектілер міндетті декларациялауға жатады. Өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары орындалуының негізгі факторы қауіпті өндірістік объектіде қажетті деңгейде ұйымдастырылған өндірістік бақылау болып табылады.

Қауіпті өндірістік объектілерді пайдаланатын ұйым Қазақстанның қолданыстағы заңдарын, құқықтық-нормативтік актілерін және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы нормативтік техникалық құжаттарды сақтауға, қауіпті өндірістік объектіні пайдалануға лицензиясының болуы, қауіпті өндірістік объектінің қызметкерлер құрамын белгіленген талаптарға сай қамтамасыз етуге, қауіпті өндірістік объектіге жұмысқа тиісті біліктілік талаптарын қанағаттандыратын және медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ тұлғаларды жіберуге, қызметкерлерге өнеркәсіптік қауіпсіздік саласы бойынша дайындықты және оқытуды қамтамасыз етуге міндетті.

Былтыр Қазақстанның 2030 жылға дейінгі өнеркәсіптік қауіпсіздік концепциясы бекітілді. Концепцияны жүзеге асыру аясында объектілерді цифрландыруды ескере отырып, қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерді қайта қарау, өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету талаптарын күшейту, мемлекеттік инспекторлардың құқықтық статусын және кадрлық потенциалын көтеру жоспарлануда.

Бүгінгі таңда өнеркәсіптік қауіпсіздіктің жекеленген талаптары қайта қаралуда. Апаттық-құтқару қызметіне талаптар қатаңдатылуда, өнеркәсіптік бақылау талаптары күшейтілуде, сонымен қатар қауіпті өндірістік объектілер иелеріне жабдықтарды жаңарту және модернизациялау бойынша жаңа міндеттемелер қарастырылуда. Өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзу орын алған жағдайда рұқсат беру құжаттарының күшін тоқтата тұрудың және жоюдың нақты тәртібі белгіленуде.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар