
Ералы Нұрғалиұлының айтуынша, төтенше жағдайлар департаментінде адамдардың өртте қаза болуына және жарақаттануына жол бермеу жұмыстарын жетілдіруге бағытталған іс-шаралар жоспары бекітілген. Мәселен, 5 сәуір мен 10 мамыр аралығында балалардың отпен ойыны себебінен орын алатын өрттердің алдын алу, олардың салдарынан балалардың жарақаттануы мен қаза болуына жол бермеу, сонымен қатар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Қауіпсіздікті бірге жасайық», «Отты тоқтат!», «Қауіпсіз балалық шақ» және «Отсыз демалыс» акциялары өткізілген.
Акциялар барысында барлық мектепке дейінгі және білім беру мекемелерінде, сонымен қатар ірі ойын-сауық орталықтары мен сауда нысандарында және адамдар жаппай жиналатын орындарда үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, 10 мыңнан астам жадынама таратылды. Білім беру мекемелерінде 74 өрт-тактикалық жаттығу өткізіліп, оған 3 мыңдай білім қызметкері мен 9 мыңға жуық оқушы қатысқан. 108 мектептің 2800-дей оқушысының қатысуымен 24 интерактивті сабақ өткізіліп, 3100 оқушыны қамтыған 82 ашық сабақ жүргізілді.
Білім беру ұйымдарында 32 өрт қауіпсіздігі бұрышы жаңартылды, сонымен қатар оқу орындарында «Тілсіз жаудан сақтану», «Тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі», «Өрт қауіпсіздігін сақтай біл!» деген тақырыптар бойынша 55 дәріс өткізілді. Бұдан басқа білім мекемелерінде департамент қызметкерлерінің қатысуымен ата-аналар жиналыстары, сынып сағаттары мен әңгімелесулер өткізіліп, онда басты назар балалардың жазғы демалысын дұрыс ұйымдастырып, оларды қараусыз қалдырмауға аударылды.
– Балабақшалар мен мектептердің балалары, білім саласының қызметкерлері үшін өрт қауіпсіздігі талаптары, өртпен күресу ережелері мен тәртібі туралы ақпарат облыстық білім басқармасының ресми сайтында жарияланды. Сонымен қатар, сайтты қолданушылар аталған бағытта өз білімін тексеру үшін тест сұрақтары орналыстырылған. Мектеп оқушылары үшін өрт сөндіру бөлімшелеріне 18 экскурсия және 14 ашық есік күні ұйымдастырылды. Бұқаралық ақпарат құралдарында балалардың отпен ойнауынан болған өрттердің алдын алу мәселесіне қатысты мақалалар жарияланып, жергілікті теледидарда, қаладағы LED дисплейлерде және Халыққа қызмет көрсету орталығы филиалдарында бейнероликтер жариялануда. Әрбір сенбі күні департаменттің қызметкерлерін қатыстыру арқылы ұйымдастырылған «Өрт қауіпсіздігі сенбіліктерінде» де көпбалалы отбасылардың арасында балалардың отпен ойнауынан болатын өрт оқиғаларының алдын алу бойынша үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Бұдан басқа Тараздағы «Маrt» сауда орталығында және «Jastar aleiasy» аумағында «Тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі» және «Балалардың от қолданудағы абайсыздығы» тақырыбында флешмоб өткізілді. Іс-шараға төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері және қалалық білім бөлімінің өкілдері мен еріктілер қатысты. Іс-шара барысында азаматтық қорғау қызметкерлері орталыққа келушілерге және қызмет көрсетуші тұлғаларға жадынамалар таратып, өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Келушілерге жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақытын дұрыс ұйымдастырып, оларды қараусыз қалдырмау жөнінде кеңестер берілді және өрт сөндіру құралдарын пайдалану қағидаларымен таныстырды, – деді азаматтық қорғау полковнигі Е.Ақылбеков.
Брифингте жазғы шомылу маусымына дайындық туралы баяндаған төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Руслан Орынбеков облыс аумағында 117 су айдыны бар екеніне, қазір оларда адамдар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып отырғанына тоқталды. Спикердің мәліметінше, жыл басынан бері облыстың су айдындарында шомылу барысында суға батып кету оқиғасы орын алмаған, ал өткен жылы осыған ұқсас кезеңде 1 оқиға тіркелген.
Статистика көрсеткендей, судағы оқиғалар көп жағдайда адамдардың кінәсінен, өзіне деген сенімділіктің, өз күштері мен мүмкіндіктерін аса бағалаудың, судағы жүріс-тұрыс ережелерін елемеудің, атап айтқанда, тыйым салынған және бейтаныс жерлерде шомылудың, масаң күйде болудың салдарынан болатын көрінеді. Облыс әкімінің қаулысына сәйкес, өңірдің су нысандарында шомылуға рұқсат берілген 13 орын белгіленген (Таразда – 2, Жамбылда – 1, Жуалыда – 2, Қордайда – 2, Сарысуда – 1, Таласта – 2, Шуда – 3). Аталған учаскелерде 7 коммуналдық және 5 жеке жағажай бар. Олардың 6-ында су айдынының түбін тексеру және тазалау жұмыстары жүргізілген.
Тараз қаласы мен Талас, Жуалы, Сарысу және Шу аудандарының аумағында демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді патрульдеу үшін 8 стационарлық және мобильді бекеттер қойылып, күн сайын сағат 13:00-ден 19:00 ге дейінгі аралықта шомылуға жабдықталмаған акваторияларда рейдтік іс-шаралар жүргізілуде.
– Биыл су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі үкіметтік және аумақтық деңгейде ведомствоаралық мемлекеттік комиссия мен облыстың төтенше жағдайлар жөніндегі комиссиясының отырысында қаралды. Оның қорытындысы бойынша су айдындарында адам өлімінің алдын алуға бағытталған шаралар кешені әзірленді. Адам өліміне жол бермеу мақсатында су айдындарында кең ауқымды профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мәселен, бүгінде 360 ескерту және тыйым салу белгісі, 28 көрнекі стенд орнатылып, жергілікті атқарушы органдар мен полиция бөлімдері және ерікті ұйымдармен бірлесіп 420 рейдтік іс-шара өткізілді. Халықтың назарын қауіпсіздік мәселелеріне аудару мақсатында жергілікті телеарналар мен радиоларда сөз сөйлеу ұйымдастырылды, басылымдарда, ақпарат агенттіктерінде және әлеуметтік желілерде мақалалар жарияланып, брифингтер өткізілді. Ауа райының жылынуына және ыстық күндердің басталуына байланысты, су жағалауындағы адамдар жаппай демалатын орындарда өткізілген рейдтер барысында 13 құқық бұзушылық анықталып, су пайдалану қағидаларын бұзған 3 адам, алкогольдік ішімдік ішіп, қоғамдық орында мас күйде болған 5 адам, су айдынында қауіпсіздік ережелерін бұзған 6 адам жауапкершілікке тартылды, – деді Руслан Нұрланұлы.
Баспасөз мәслихатында төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері облыс тұрғындары мен қонақтарына демалыс кезінде өзінің және жақындарының қауіпсіздігіне мұқият болуға шақырып, жабдықталмаған жерлерде шомылмау, балаларды қараусыз қалдырмау, мас күйде суға түспеу, техникалық және ескерту белгілеріне, буйларға шықпау, жарақат алып қалуы мүмкін қоқыстарды жағалауда қалдырмау, қайықтан, катерден, пирстерден және арнайы жабдықталмаған құрылыстардан суға секірмеу сияқты су айдындарындағы қарапайым ережелерді сақтауды ескертті.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді