Дей тұрсақ та, бір нәрсені сеніммен айта аламын, мен жоғарыда айтқанымдай, тетелес өскендігімнен бе екен, әлде Есағаңның өнеріне деген қылаусыз сүйіспеншілігімнен бе екен, өз басым, ес білгелі ағаның шынайы жанкүйері болып келе жатырмын. Оның екі түрлі себебі бар. Біріншіден, бізді алақандарына салып, әлпештеп өсірген, осы күнімізге жеткізген ардақты әкеміз бен аяулы анамыз, екеуі де өнер десе ішкен асын жерге қоятын жан еді. Біздің қонақжай шаңырағымызды үнемі сазды әуен кернеп тұратын, мамыражай кештерде, жұмыстарынан қатты шаршап келгендеріне қарамастан, ауыл адамдары шаңырағымызға жиі жиналатын. Сондағы негізгі ермектері – ән айту еді. Ондай кештерде, екінің бірі әнші болып кетеді емес пе? Шаңырағымызды үнемі сазды әуен кернеп, айналаны ғажайып әсерге бөлеп, шуағына малындырып тұратын.
Біздер осылай сұлу сазбенен тербеліп өстік десек артық айтқандық емес. Бала болсақ та, есімізде жақсы сақталғаны, әкеміз шынайы өнерді қатты сүйді, бағалай білді, өнер адамын демеп, қолдап отыратын. Бәлкім, жан жары, яғни, біздің анамыздың әншілігіне деген шынайы іңкәрлігінен бе екен деп ойлаймын. Сол кезде үйге жиналғандар, әнді көбіне қосыла шырқайды, сәл саябырлағанда анамызға қолқа салушы еді. Ал анамыз, асыра мақтағандығым емес, шынымен де елді ауызына қаратқан, мақпал қоңыр үнді, әжептәуір әнші болатын. Өз басым шаңырағымыздан ескен осы бір ұлағатты өнеге Есжанның балалық қиялына қанат бітірді деп санаймын. Әрбір жарқын өнерпаздың ел ішінен жарып шығып, бой көрсетуіне қатты әсер ететін осындай себептер болатыны сөзсіз. Әрине, ең алдымен жаратқанның сыйлаған дарын қырлары өз алдына. Бірақ, кез келген дарынды тұтататын от керек, оның кеудесіндегі пайда бола бастаған сезім шоғын үрлейтін, көкіректегі тұнып тұрған шабытын оятып, серпіліс беретін, қуаттандырып, сыртқа шығаруға талпындыратын күшті менің Есжан ағам өзі ұшқан ұясынан алып шығыпты, менің осы күні оған әбден көзім жетіп, мақтан етемін.
Хас өнерді құрметтей білген ұлағатты шаңырағымыздан Есжан ағамдай талант иесі өсіп, нәр алып, тәрбиеленіп шығуы заңдылық деп есептеймін, соған жанашыр, телі өскен бауыры ретінде айрықша қуанамын. Есағаң өнер әлеміне қанат қағып, халқының сүйікті өнерпазы, әндерін сүйіп тыңдайтын сазгері ретінде жарқырап танылғаннан бері де отыз жылдан астам уақыт өтіпті. Бұл туралы қазақ өнерінің көрнекті өкілі, әйгілі композитор, әрі өнертанушықаламгер Илья Жақанов «Аққудың кәусар әуезі» деген кітабында тамаша жазған. Әкешешемізді көрмеген, шаңырағымызда болмаған адамның көзімен көріп, куә болғандай, сол өткен шақтарға жан бітіріп, керемет нанымды әрі әсерлі жазғандығына тәнті болып едік. Жалпы, таза өнер адамының өзі тектес нағыз өнерпазбен ұғысуы, жан жүректерінің сезімталдығымен қабысуы қандай ғанибет десеңізші! Илья Жақановтай ірі тұлғаның Есжанды мойындауы, мойындап қана қоймай, соншалықты биік деңгейлі қайраткердің ағынан жарылып, бір романға татитындай лирикалық эссе жазуы өнер әлемін дүр сілкіндіргендігі шындық, мұндай құрметке екінің бірі іліге бермейтінін де ішіміз жақсы сезеді. Әрине, өнердің өз ортасының пайымы бөлек, талап-талғамы да өзгешерек болатындығы сөзсіз. Бірақ, композитор Есағаң туралы, өнерпаз аға туралы, оның азаматтық тұғыры, шыққан биігі туралы, ұялас өскен өз бауыры ретінде көкейіме түйгендерім, әсерім, пайымым бөлек деп есептеймін. Қалайда мен бауыры болғандықтан, өзгелерден жақынырақ жүрдім, тыныс-тірлігін сезіндім, сезімталдық жан дүниесінің ерте бүр жарып, өнерге бала жастан бейімделіп, қалыптаса бастағандығына, сатылап өсіп, рухани биіктегендігіне жұбымыз жазылмай жүрген бала кезімізден тәнті болып өстік. Әрине, ол кездегі түсінуім өзгеше, балаң, албырт ой басым. Бірақ, ішкі бір түйсікпен, өзгелерден ерекшеленіп тұратын, оқшау қасиетін ерте таныған болуым керек, кей-кейде, өмірдегі біз үшін қалыпты жағдайды Есжанның өзгеше қабылдайтынын аңғарып, таңданып қалатын сәттерім аз болмайтын. Ол тым әсершіл, жүрегі нәзік еді.
Сол бітім-болмысымен ортасынан жиі оқшауланып та қалатын. Соны ерте байқаған ата-анамыз өзге балаларына: «Есжанды қозғамаңдар, мазасын алмаңдар, шаруаларды өздерің атқарыңдар!» деп үйретті. Ол кісілер Есжанның музыка аспаптарын меңгерген салалы саусақтарының қатып кетпеуін, табиғи қалпын бұзбауын қадағалайтын. Қазір таң қаламын, былай қарағанда, өздері өнердің соңына түспеген әке-шешеміздің өнердің талабы қаншалықты қиын болатынын ұғуы қандай десеңізші! «Тіпті, олардың талапшылдығы музыка мектебінің ұстаздарынан кем түспегендей екен-ау!» – деп толқимын қазір. Ата-анамызды Есағаңның ең алғашқы ұстаздары, өнерге баулушылары деп есептеймін. Бүгінде қанаты қатайып, еліміздің танымал, белді композиторларының біріне айналған өнер иесінің қалыптасу жолдарының алғашқы өнер баспалдақтарының тікелей куәсі ретінде Есжан туралы өзіндік пікір-көзқарасымды білдіруге толық қақым бар деп санаймын. Есағаңның еліміздің үздік өнер қайраткері ретінде қалыптасуы, өрістеу жолдарынан да көз жазбай, жанкүйерлік етіп келе жатырмын, оның әрбір шығармашылық кешін, әрбір өнердегі жетістігі, туған халқы тарапынан сый-құрметке бөленген атаулы, мерейлі той-салтанаттары, марапаттаулары менің қырағы жанарымнан қағыс қалған емес. Оның өмірінің елеулі сәттерінде, жүрекжарды қуанышты шақтарымен бөлісуді өзімнің абзал борышым деп ұғамын, ондайға келгенде, өзге шаруаның бәрін жиып қойып, қай қиырға аттанып кетуге де, қандай құрбандыққа баруға да, ел перзентіне айналған ағам үшін әрқашан әзір болғандығым анық.
Есағаң халқының танымал композиторы ретінде абыройы асқақтап, көтеріле түскеніне куә болып келеміз, ең жанашыр жақындары ретінде мерейіміз тасиды, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тағы басқа мәртебелі атақмарапаттауларға ие болуда, әрине, орнымен, ретіне қарай, дарын иесінің басшылық тарапынан ескерусіз қалмағаны жақсы. Дегенмен, өнер адамы үшін халықтың ықылас-қошеметіне ештеңе жетпейтіндей. Сондықтан, өз басым Есжанның шығармашылық кештерін, мейлі, қай өңірде, қай қалада өткізілсе де құр жібермеуге тырысамын. Өйткені, өнерпазға деген халқының ілтипаты мен махаббатына осы шығармашылық концерттерінде айқын көз жеткізуге болады. Өйткені концерт үстінде оның әндерін жанды дауыста тыңдап, ләззат аласыз және ең маңыздысы – өнерпаз бен көрермен арасында тікелей байланыс орнайды. Сіз өнер иесінің сырлы әндерінен әсерленген көпшіліктің толқынысы мен тебіренісін өз көзіңізбен көресіз, қатар отырып, жан-дүниеңізбен сезініп, жүрегінің лүпіл қаққанына дейін түйсіне аласыз. Сонда өзіңіз рахаттана тыңдап отырған әннің қуат күші-эффектісі арта түсіп, ғажайып күйге бөленесіз. Мен Есжанның осындай шығармашылық кештеріне талай рет куә болып, әрі жанкүйерлік ете жүріп, қазіргі замандағыдай үлкен, еңселі залдарда өнерін танытуға мүмкіншілігі болмаған, қазақтың атақты сал-серілерін еске аламын. Олар бәлкім, қазіргі өнерпаздардай соншама жұртты жия алмаған шығар, мүмкіндіктері, бір қырынан қарағанда, шектеулі де болған шығар, бірақ олардың бір артықшылығы да бар сияқты.
Сол сал-серілер айлап, тіпті, жылдап бала шағасынан жырақтап, өз елінен шығандап, ұзап, әлаулайға салып жүргенде, олар халықпен үнемі тікелей байланыста, етене жақын болған, қоянқолтық араласқан, таңды-таңға ұрып, күн мен түнді айырудан қалған, олардың, қазіргі тілмен айтсақ, мұндай гастрольдік сапарлары ұзаққа созылуы, апталап, айларға ұласуы – халықтың өз қалауымен жалғаса берген. Әрине, салсерілер топ болып жүреді, сондықтан, олардың салмағын, еркелігін ауыл болып көтереді, бүгін ертең осында, келер күндерде көрші ауылдарға сырғып отырады дегендей. Сонда ауыртпалығы да сезілмей қалатын болуы керек. Оның ең басты дәнекері – қазақ халқының өнерге деген шексіз құрметі, ықыласы мен сүйіспеншілігі. Оған қоса, дархан пейілі, жомарт көңілі. Міне, Есжанның шығармашылық кештерін тамашалай жүргенде, мен үнемі туған халқымыздың өнерге деген ғажайып іңкәрлігіне тәнті боламын, жаратылысымыздан өнерге ғашық жұрт екенбіз-ау деп таң-тамаша қалумен келемін.
Әрине, заман өзгереді, қоғам бір қалыпта тұрмайды, дәуір дөңгелегі алға жылжи береді. Бірақ, халықтың жаратылысын, бітім-болмысын өзгерту мүмкін емес екен. Ал жұртының ықыласы, өз әндерін сүйіп, қабылдауы, жан дүниелерімен ұйып, сезімдері балқып, жандары ери, үлкен әсермен түйсінуі өнерпаз үшін құрметтің ең үлкені деп білемін. Сондықтан да Есжан ағамның қас өнердің құдіретін көкке көтере білген, өнердің өзіне айналған шығармашылық деңгейге көтерілгендігін пайымдаймын, бағалаймын және мақтан тұтамын. Әділін айтуымыз керек, Есжан өнер адамы, композитор ретінде Қарағанды топырағында өрістеп, биік шығармашылық деңгейге көтерілді. Қас өнерді бағалай білетін, сүйетін Қарағандының әсершіл, сезімтал ортасы Есжанның өнеріне зор қолдау білдірді, демеп отырды. Өзім оқыған, қызмет атқарған қала болғандықтан да мен мұны айрықша сезінген болуым керек. Бұл қаладағы шығармашылық кештері, мұндағы өнер иелерімен, Есағаң шығармашылық байланыстағы талантты ақындармен кездесулер мен сырласулардың түбі нәтижелі де болып жатты. Менің өнерпаз ағама деген құрметықыласымды аңдаған ақындардың шабытына түрткі болдық.
Дүниеге бауырлар туралы әдемі әндер келді. Дегенмен, бұл әндерге тоқталмас бұрын, Арқаның арқалы һәм асау арынды ақыны Серік Ақсаңқарұлының, бір сәттерде Есжан екеуміздің жұбымызды жазбай, сыйласып жүрген, екі қалада, екі түрлі қызмет бабымен жүрсек те, қиыса алмай жүрген бір шағымызға куә болып, лапылдаған көңілмен қалам ұшына іліккен әсерлі толғанысына орын бергім келді. Былай қарағанда, толғаныс дейтіндей де, анау айтқандай көлемді дүние емес, бірақ от ұшқындаған ойлардың, аз да болса жалын қуаты адамды шарпып, толқытып жіберетіні болады ғой. Серік ақынның бетқаратпас ақындық шабытын сол жолы бір мойындап қалғандай едім, мәселе – оның ішінде өз атымның аталуында емес.
«Аққудың кәусар әуезі» жинағына енген азғантай бір толғаныс «Есжан мен Досжан» деп аталады. Осы бір қысқа ғана ой-түйіннің әсері толқытып, жүректі ерітіп жіберіп еді, тіпті, жұп-жұмыр айтылған шөкімдей ойдан-ойып, оймақтай ой бөліп алу қиынға соқты, тіпті, обал болып көрінді: «Есжан мен Досжан бірге туған ағайынды жігіттер екен. Тараздың тарихын көкірегіне сіңіріп, Айша-бибінің сәнін, Шәмшінің әнін алып, екеуі Сарыарқада жүр.
Есжан мен Досжан туған ағайынды,
Жарқыратып жіберді-ау маңайымды!
Көмейінен төгеді қалай үнді,
Есжан мен Досжан туған ағайынды!
Екеуі бір-бірімен егіз бе екен,
Кеудесі мұхит па екен, теңіз бе екен.
Шешесі қандай уыз емізді екен,
Әкесі қандай қалжа жегізді екен.
Мұндай сәт ұзақ емес, аз-ақ екен,
Ғаламның кереметі қазақ екен!
Сабындай қамшының қысқа өмірде,
Есжан мен Досжан болған ғажап екен!»
Міне, бар болғаны осы ғана!
Ал осындай жұп-жұмыр ойды бөле-жарған қиянат болмас па? Кейде үлкен дүние жазбаққа оқталғанның басына ілуде келер ақынның ғажайып ой ұшқыны жаныңды бір серпілдіріп, қиялыңды көкке ұшырмай ма?! Нақ осындай ілкі ойлар өзгелерді де селт еткізбей ме, қиялына қанат бітіріп, шабыт арғымағына қондырмас па?!
Міне, мен де ілгері-кейінді дүниеге келіп жатқан «Бауырым-әнім» әндерінің шығуын ақын мен сазгердің сезімдерін селт еткізген тасқындаған шабытты шығармашылық толғаныстарының жемісі дер едім. Екеуі де, айтары жоқ, сәтті шықты, «жүректен шыққан дүние жүрекке жетеді» дегендей, екі өнер иесінің бірлігі – тандемі өзгелердің де жүрегін тулатпай қоймайды, толғантады, тебірентеді. Бұл, әсілі, менің жеке басымның қабылдау түйсігі ғана емес, жоғарыда айтқанымдай, шығармашылық кештерінде орындалғанда да, қалың көпшілік көрермендерге терең әсер еткенін аңғардым, сол күйде одан сайын әсерлендім. Ең бастысы, ән мен сөз үйлесім тапқанда, ғажап болады екен!
Міне, байырғы сал-серілеріміздің, өз заманымыздағы Шәмші, Нұрғиса, Илья, Ескендір ағаларымыздың әндеріндегі күш-қуаттылық осы шығармашылық бірліктің арқасы екен. Сол өнер иелерінің әндердің сөзіне айрықша назар аударуында екен. Міне, осындай биік талаптылықты Есжаннан да аңғарамын, оның шығармашылық өрлеу сырын барлағандай боламын. Есжан композитор ретінде толысып, пісіпжетілгеннен кейін тақырып аясы кеңи берді, көп ізденді, әсіресе, өз өнеріне халқының самарқау қарамайтынын, қолдау мен қолпаштау жиілеген сайын шабыты өрлей берді, тасқындай түсті.
Маған, әрине, оның екеуміз жалаңаяқ құмын кешкен туған жеріміз туралы әндері, сондай-ақ, бүгінде сағынышқа айналған асыл анамыз, ардақты әке, бауыр, қарындас туралы әндері айрықша ұнайды. Өзімшілдігім емес, бұл әннің кейіпкерлері маған етене таныс жақындарым болғандықтан, бейнелері көз алдымда тұрғандықтан болуы керек. Мен бұл шығармалардың ең алғаш орындалған тұсаукесерлерінде де болдым, оның әсері тіпті ғажап болатынын сезіндім. Сөзін Қасқырбай Нарбатыров ағамыз жазған «Ауылға арнау» әні, осы тұрғыдан бәріміздің, аға-іні, бауырдың, апақарындастың туған жерге деген мұң-сағынышын тамыршыдай тап басқан сәтті шыққан ән деп ұғамын.
«Арман ағыс мені алысқа кетті алып,
Өмір сырын қалғандаймын көп танып.
Бар байлығым – туған ауылым екен ғой,
Сағыныштан жаным азап шекті анық...» – деген бастапқы ән жолдарынан-ақ сырлы әуез жаныңды баурап алып, жүрегіңді толқыта жөнеледі.
Ақын мен сазгердің жан дүниесі табысып, үйлесуі дегеніміз осы шығар. Есжанның студенттік досы, ақын Рамазан Сәттібаев сөзін жазған «Анаға сағыныш» әні де аяулы анамыздың адамгершілік биіктігін тап басқан, сондай-ақ, перзенттерінің оған деген махаббат пернелерін дөп басқан ән деп санаймын. Иә, жоғарыда аталған екі түрлі нұсқада шыққан «Бауырым әнім» туындылары да оның сәтті дүниелерінің қатарына енгенін біз ғана емес, өнер сүйер қауым, шығармашылық орта жақсы қабылдап, жоғары баға бергеніне куә болдық. Мен жақсы әннің бағын ашатын көрікті сөздері, әдемі ұйқас екенін осындайда аңдап қаламын. Жалпы композитордың мықтылығы ән сөзіне талғампаздықпен қарауында сияқты. Иә, «Балапаны едік бір ұяның, Құсы болдық әр қияның, Ұяласым сен, миятымсың,
Бірге туған егіздейін, Толқып жаным теңіздейін, Жан бауырым, сағынамын, Сені іздеймін» деген әннің шумақтары неге толқытпасын, қалайша тебірентпесін?! Бұл, меніңше, бауырын жанындай жақсы көретін әрбір жүректердің соғысын тамыршыдай тап басқан ән. Ерғожадай ақын азаматтың Есжан екеуміздің жан дүниемізді айнаға салғандай көріп, мөлдірете сипаттағаны ғажап! Мәселе әннің маған арналуында болмаса керек, бұл ән бір ұядан ұшып шығып, өз өмір соқпақтарына түскен жан бауырлардың ортақ көңіл-күйі, мәңгілік сағыныш сазындай дүние.
Есжанның барша әндері көңіл толқынысынан, тоқсан түрлі толғаныстан өткен сыршыл әндер, сондықтан да олар тыңдармандарына жол тартты. Бірақ, кез келген өнер иесінің айрықша, таң алдында туар Шолпан жұлдызындай жарқыраған ерекше дүниелері болады десек, осы ән сол қатардан табылып қалуға тиісті. Мен өз басым өнер адамы болмағандықтан, музыкалық талдауым солғын шығуы әбден мүмкін. Дегенмен, өз биігімізден, өз түйсіктанымымыз бойынша біраз ойды тарқатуға тырыстым. Сондықтан, Есжан бауырым көпшіліктің көңілінен орын алып, әдемі әндерді шығарып, туған халқын қуанта берсін.
Досжан ӘМІР
Қазақстан Республикасы Судьялар одағының төрағасы
Ұқсас жаңалықтар
Татулықтың арқасында биіктерді бағындырып келеміз
- 30 сәуір, 2026
Аудит тексерісі нені анықтады?
- 30 сәуір, 2026
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




