«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұлттық болмысты ұлықтаған қаламгер

Ұлттық болмысты ұлықтаған қаламгер
Автор
Ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Т.Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы Кәріпжан Нүсіптің 85 жылдығына арналған шығармашылық кеш Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада өтті. Кешті ақынның шәкірті, қаламгер Айжамал Жолдасқызы ұйымдастырды. К.Нүсіп 40 жылдан астам уақыт қызмет еткен Т.Рысқұлов аудандық «Құлан таңы» газетіне биыл – 85 жыл. Әдеби кешке ақынның жерлесі, белгілі актер Азамат Сатыбалды, «Құлан таңы» газетінің бас редакторы Нұрлан Бықыбаев және Құлан өңірінен түлеп шыққан өнерде, білім-ғылым саласында және журналистикада еңбектерімен елге танылған жандар, сонымен қатар К.Нүсіптің ұл-қыздары мен туыстары және шәкірттері қатысты.

Кешті жүргізген халықаралық журналист, филология ғылымдарының кандидаты Қанат Әуесбай әдеби шығармашылыққа арналған жиынның мақсатына тоқталды.

– Бұл кеш – қазақ әдебиетіне, руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген азаматтың шығармашылығын ұлықтау, жас буынға тағылымды тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Кәріпжан Нүсіптің шығармашылығы – ұлттық болмыс, туған елге сүйіспеншілік, ана тіліне адалдық сияқты асыл құндылықтарды арқау еткен, халқымыздың рухани әлеміне айрықша үлес қосқан мұра. Оның «Біз екеуміз» әні – ел жүрегінен орын алған лирикалық сыр, ал қаламгерлік жолы – келешек ұрпаққа бағдаршам. Адамзатқа алдымен керегі – рухани азық. «Рухы биік ел – еңсесі биік ел» дейді дана халқымыз.

Халықтың рухын көтеріп, ұрпақ тәрбиесіне тұшымды ой салар өнегелі өлеңдерін қалдырған ақынның бірі Кәріпжан Нүсіп көзі тірі болса, биыл 85 жасқа толар еді. Ол өзінің санаулы ғұмырында қаламгерлікке қабілеті бар көптеген ұл-қыздарға білгенін үйретіп, әдеби шығармашылыққа баулыды. Сол шәкірттерінің бірі – қаламгер Айжамал Жолдасқызы ақын ұстазының аты өшпей, көркем шығармалары кейінгі жас ұрпаққа жетіп, бала тәрбиелеу ісіне үлесі тисе деген ниетпен шығармашылық кешін Ұлттық кітапханада ұйымдастырып отыр, – деген Қанат Әуесбай ақын туралы естелік әңгімелерге кезек берді.

Кәріпжан Нүсіптің ауылдасы, кино және театр актері Азамат Сатыбалды, ақын Қайрат Әшірәлұлы, ардагер ұстаз Тоқтар Абаилдаев, ақын, журналист Шаяхмет Алжанбай Кәріпжан Нүсіп туралы естеліктерін айтса, филология ғылымдарының докторы, профессор Алтынай Тымболова Құлан өлкесінің тарихынан сыр шертті.

Аудандық «Құлан таңы» газетінің бас редакторы Нұрлан Дүйсеналыұлы ұжымның құттықтау грамотасын ақынның балаларына тапсырып, кешті ұйымдастырушы Айжамал Жолдасқызына және ақынның өлеңін қырғыз тіліне аударып, әнін орындаған қырғызстандық өнерпаздарды Алғыс хатпен марапаттады. Бұл кештің жаңалығы – К.Нүсіптің «Тектілердің мекені – Тараз қалам» өлеңіне сазгер Әлібек Сыздықұлы ән жазып, әнші Абылай Белтай орындап, жаңа әннің тұсауы кесілді.

Әдеби кеште «Алатау» аудандық ардагерлер халықтық ансамблі өнер көрсетті. Ақынның артында қалған өшпес мұрасы – кітаптарын ұл-қыздары Ұлттық кітапхана қорына тапсырды. Өмірден өзі өткенімен, өнегелі өлеңдерімен артында өшпес із, құнды қазына қалдырған Кәріпжан Нүсіптің астарында мағыналы ойы бар өлеңдері мектеп оқулықтарына енгізіліп, жас ұрпақты тәрбиелеуге қолданылса деген ұсыныс та осы басқосуда айтылды.

 

Тараз – Алматы – Тараз

Ұқсас жаңалықтар