
Басты кейіпкер профессор Александр Владиморовичтың рөлінде Бақтияр Қожа ойнаса, оның жас жұбайы Елена Андреевнаны Зарина Кармен сомдады. Профессордың қызы Соняны – Салтанат Бақаева, профессордың қайнысы Иван Войницкиді – Азамат Сатыбалды, дәрігер Михайл Львовичты – Берік Айтжанов, Мария Васильевнаны – Шынар Асқарова, Илья Телегинді – Ермек Бектас, Маринаны – Гүлшат Тутова шеберлікпен сәтті алып шықты.
Шығарманың айтары не деген сұрақ туады. Профессор Александр Владиморович 40 жыл өмірін ғылымға арнап, «ғалымның» пердесі жабылған адам. 40 жыл құлаш-құлаш ғылыми мақала жазғанымен, жарты парақ еңбегі де ғылымға пайда әкелмеген. Ғылым үшін ол тіпті ешкім емес. Бұдан асқан қасірет бар ма? Ал, Иван Войницкий осы профессордың бірінші әйелінің туған інісі. Бірінші әйелі, қайнысы Иван, қызы Соня бәрі де тек тапқан таянғанын профессордың жолына арнаған.
Ғалымға адал қызмет еткен. Бірақ, ол үміттері мүлдем ақталмайды. Өзі талантты Иван Войницкий өмірінің 25 жылын «оқымысты» жездесінің ауласында босқа өткізгеніне қапалы. Енді қараса жасы 47-де. Не бір табысқа қолы жетпеген, не жақсы қалыңдық бұйырмаған.
Иванның жары болуға лайық жап жас Елена Андреевна профессор «шалдың» әйелі болып, өмірін қор етіп жүр. Осы да әділдік пе? Шығармада айтылғандай, Иван – Соняның нағашы ағасы. Бірақ, аяулы әпкесі бақилық болып кеткен. Соня әпкесінен қалған жалғыз қыз. Ол да бақытсыз. Оның да жолы ауыр, не сүйікті адамы табылмаған. Бірақ, дәрігер Михайл Львовичке ғашық. Онысын айта алмай әуре. Сан рет тұспалдап жеткізгісі келгенімен, дәрігер жігіт түсінбеген болады. Бұл да – қорлық. Сондай да Соня өзінің ажарсыз түрінен қорынып, өзін қоярға жер таппайды. Ал ақылы болмаса да ажарлы Елена Андреевнаға жігіт біткен ғашық болып үздігіп тұрады. Ал ол болса өмірін қағаз жазумен өткізген, күрк -күрк жөтелген ауру профессорды қимайды, бәлкім аяйтын шығар. Бір сәт Иванға көңіл білдіргендей болғанымен, соңында Елена өзінің жары профессорды таңдайды. Осылайша, бұл шығармада талант пен талантсыз, ажарлы мен ажарсыз адамдар көрініс беріп, көпшілікке ой салады.
Мәселен, профессор талантсыз, бірақ өмірге бейім. Ғылымда ештеңе тындырмаса да профессор атағы бар. Айлығы мен зейнетақысы жоғары. Сондықтан, жап-жас қыздың жары. Ал Иван талантты, бірақ өмірге бейім емес. Шектен тыс адал. Шектен тыс адалдықты да қоғам керек етпегендей. Адалдық көп адамдарға қандай керек емес болса, Иванның да көп жағдайда өмірде бар-жоғы бірдей. Елена ажарлы. Барлық жігітке құрметті, ал ажарсыз Соняны тіпті өзі ыңғай танытса да жігіттер байқамай жүреді. Қандай өкініш.
Қойылым соңында Иван 25 жыл бойы өмірін қорлаған профессор жездесін екі рет атады. Жездесі қорқып құлап түскенімен, дін аман. Иван оқты да дәл тигізе алмаған. Сонымен Иван өмірден түңіледі. Оған Сонядан басқа баршасы күрекпен топырақ шаша бастады. Біз оны Иванның тірі өлік күйге түскені деп түсіндік. Осы кезде жиен қызы Соня жүгіріп келіп нағашысы Иванды құшақтай алады.
«Ағатайым, сіз кетпеңіз! Сіз олай осал болмаңыз. Өмірмен бірге күресеміз» деген жанайқайымен шымылдық жабылады. Арғы жағын автор мен режиссер оқырманның өзіне қалдырған тәрізді. Ал, сіз қалай ойлайсыз?
Бұл шығарманың ойға жетелейтіні анық. Белгілі актерлер өздерінің рөлдерін өте жоғары деңгейде сомдап шықты. Мұндай ойлы қойылымдар көрерменнің театрға келуін молайта түседі деген ойдамыз.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді