«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сәулетшілер қашанда қоғам сұранысында

Сәулетшілер қашанда қоғам сұранысында
Автор
Сәулет өнері мамандығын осыдан 250 жылдан астам уақыт бұрын мамандық ретінде жойылып кетеді деген болатын. Бірақ әдемілік және ыңғайлылық заңдарына сәйкес, ғимараттар мен құрылымдар және олардың кешенін (ансамблін, басқа қоныс орындарын) жасауда сәулет өнері өмір сүретін материалдық ортаны құруда үлкен рөл атқарады. Адам өмір сүретін ортаның қалыптасуына табиғатпен қатар, қоғамның да қатысы бар. Ал ортаның сапалылығы, адамдардың денсаулығына және тұрмысына әсер ете отырып, қоғамның физикалық жағдайы мен көңіл күйінің қалыптасуына әсер етеді.

Осы жағдайларға байланысты ғимараттардың құрылысын бастамай тұрып, ең бірінші жоғарыдағы айтылған талаптарға сай олардың жобаларын сызу қажет. Жобаны сызатын сәулетші болғандықтан, сәулет өнері мамандығының қажеттілігі жылдан жылға артып келеді. Сәулет өнерінің даму тарихы өндіріс күштерінің, өндіріс құралдарының және құрылыс техникасының тарихи дамуымен тікелей байланысты.

Әрине, қазіргі заманда сәулеттің тарихи дамуына ең бірінші әсер ететін жағдай сәулетшінің даярлануы, олардың ғылыми деңгейінің өсуі болып табылады. Ал Жамбыл облысында сәулет мамандығының ашылғанына 23 жыл болды. Қазір сәулетшілер Тараз қаласында Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінде даярланады. Мамандық уақытында 2002 жылы бұрынғы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде ашылған болатын.

Қазіргі кезде университетте екі білім беру бағдарламалары бойынша бакалавр, екі ббб бойынша магистрлер – сәулетшілер даярланады:

1. 6В07317 – «Тұрғын және қоғамдық ғимараттар сәулеті» – бакалавр-сәулетші.

2. 6В07318 – «Қалалық орта сәулеті» – бакалавр-сәулетші және магистратура бойынша 7М07301 – «Сәулет және қазіргі заманғы қалалық инфрақұрылым» – техника ғылымдарының магистрі.

7М07301 – бейіндік бағыт бойынша техника және технология магистрі.

6В07317 – Білім бағдарламасы бойынша білімгерлер оқу үрдісі барысында тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттардың барлық түрлерін жобалаудың қыр-сырын үйреніп шығады және олар сәулеттің барлық бағытында, инженерлік іздеу, техникалық сынау, талдау және техникалық кеңес беру қызметтерін атқара алады. Алып шығатын кәсіптері: сәулетші, ғимараттар мен құрылымдар сәулетшісі, ландшафттық сәулетші, қалалық инфрақұрылымды жобалаушы.

6В07318 – Білім бағдарламасы бойынша білімгерлер оқу үрдісі барысында ғимараттар мен құрылымдарды жобалаудан басқа, қоныс орындардың бас жоспарын, олардың ансамблін, үйлесуін жобалауды үйреніп шығады және оларда кәсібі бойынша сәулетші, ғимараттар мен құрылымдар сәулетшісі, ландшафттық сәулетші, қалалық инфрақұрылымды жобалаушы-сәулетші қызметтерін атқара алады.

7М07301 – ббб бойынша магистр дәрежесін алған мамандар Қазақстан Республикасының 01 – 2017 сабақтың ұлттық классификаторына сәйкес сәулетші, бас сәулетші, ландшафт және абаттандыру сәулетшісі, инженер-жобалаушы, қалалық инфрақұрылымды жобалаушы қызметтерін атқарады және сәулет пен қалалық инфрақұрылым саласы бойынша ғылыммен айналысып, жоғары оқу орындарында оқытушы болып жұмыс істей алады.

Облыс бойынша жылына 100-150-ден аса білімгер бірінші курсқа қабылданады (олардың 100-ден астамы грант). Университетіміздегі сәулет мамандығын бітірген бірқатар сәулетші мамандар Қазақстанның сәулетіне көп үлес қосуда.

Олар:

– Бақытжан Жүнісбеков – Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары;

– Балғын Тұрлыбаева – Тараз қаласында «Азия тур проект» ЖШС директоры;

– Алтынай Тулешова – Астана қаласында «BAIBARS» ЖШС компаниясында директордың орынбасары;

– Ольга Ашурова – Шымкент қаласында «JerGroup» ЖШС жобасының бас сәулетшісі;

– Бағдат Бекжигитов – ғылым магистрі, ҚазБСҚА докторанты, Алматыда Каспий қоғамдық университетінде декан орынбасары;

– Дидар Алшоразов – ғылым магистрі, ҚМТУ докторанты, ҚазҰСШИ университетінде аға оқытушы;

– Айғаным Тлеген – 7М07301 – Білім бағдарламасы бойынша ғылым магистрі, кафедрада оқытушы;

– Асан Сәтпай – Алматыда «Tansu construction» ЖШС архитектор-дизайнер.

IV сәулет және дизайн саласы бойынша TANV Design Award халықаралық тәуелсіз премиясының иегері, 1-суреттегі жобасы конкурста жеңген. Облыстың көлемінде бұлардан басқа ЖШС-ларда ҚазҰСШИУ- тің қаншама бітіруші түлектер сәулетші жобалаушы болып еңбек етіп жатыр.

Білімгерлер оқу барысында әртүрлі конкурстарға қатысып, жеңімпаз атануда. Олардың ең елеулілері:

– Бақтыбай Көмекбаев – Тараз қаласының жаңа логотипінің авторы, сәулет мамандығының түлегі, үшінші курста оқып жүргенде конкурста жеңген.

– Ғылыми-техникалық шығармашылықтарда қол жеткізген табыстары үшін 4-ші курс студенті Гүлнәз Амангелдиева «2024жылдың саңлақ білімгері» атты халықаралық конкурстың жеңімпазы, І дәрежелі дипломмен марапатталған, ғылыми жетекшісі – аға оқытушы Манат Ноғайбекова.

Оның жетекшілігімен Г.Амангелдиева, Б.Дүйсембиева, Айтбеков, К.Қуандықов, А.Марат халықаралық конкурстарда бірінші орын алған және бірқатар білімгерлер екінші, үшінші орындарға ие болған. Бұдан басқа Манат Ноғайбекова өз білімгерлерімен халықаралық конкурстың жеңімпазы болған.

Қазіргі кезде кафедрада 1 ғылым докторы, құрылыс профессоры, сәулет өнері профессоры, 5 ғылым кандидаты, доцент, 6 ғылым магистрі, 2 аға оқытушы PhD докторантурасын бітіріп, диссертацияларын қорғауға дайын отыр, 3 аға оқытушы сәулет мамандығы бойынша PhD докторантурасында оқиды және 1 Қазақстанның Құрметті құрылысшысы, құрметті сәулетші, 1 Қазақстанның Құрметті құрылысшысы, 1 Қазақстанның Құрметті сәулетшісі еңбек етеді. Мамандыққа түсу үшін ҰБТ-дан басқа екі шығармашылық сурет және сызудан емтихан тапсырады.

 

Оңдасын ИСАҚОВ,

техника ғылымдарының докторы, құрылыс профессоры, сәулет өнері профессоры,

 Қазақстанның Құрметті құрылысшысы,

Құрметті сәулетші.

Ұқсас жаңалықтар